• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Ақпан, 2018

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр

431 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды.

Отырыс барысында еліміздің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, алдағы уақытта экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалады деп күтілуде.

«Жылдың басында алдымызда тұрған мақсаттарды анықтап, тиісті сұрақтарды бір-бірімізге қойып, жұмыс істеуді бастау үшін бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізгелі отырмыз. Облыстардың әкімдері қатысуда. Өздеріңіз білесіздер, қаңтарда өткізген Үкіметтің жиналысында былтырғы жылдың  қорытындысы жарияланды, айтылды. Шынын айту керек, өткен жыл оңай болған жоқ. Дүниежүзінің экономикасы да аумалы-төкпелі болды. Біздің де жағдай әртүрлі болды. Дегенмен, Үкімет пен әкімшіліктердің бірлесіп  істеген жұмыстарының арқасында менің бағалауым бойынша дұрыс нәтижеге жеттік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық өсімі өткен жылдың қорытындысында 4 процентті құрап, инфляция 7 процент төңірегінде болғанын еске салды.

«Бұл біз үшін алынған жаңа белес болып саналады. Сондықтан бұл жағынан мен Үкіметтің  жалпы жұмысына, әрбір Үкімет мүшелеріне оң бағамды бергенім дұрыс деп санаймын. Халық та солай деп ойлайтын шығар. Дегенмен, әр уақытта жетістіктерімізге тоқмейілсіп отыра бермейміз. Алдымызда мақсаттар көп, бағдарламалардың  орындалуының ішінде кемшіліктер бар. Оны әрине  айтатын боламыз», - деді Қазақстан Президенті.  Сондықтан Елбасы бүгінгі мәжілісте өткен жылдың қорытындысы халыққа тағы бір рет жария етіліп, Үкімет алдында тұрған міндеттер айқындалатындығын баса айтты. «Биыл Үкіметтің алдына қойып отырған 4 пайыз аз болады. Одан төмен түсіп кетуіміз де мүмкін. Сондықтан  өзіміз алдымызға  одан жоғары міндеттер қоюымыз керек. Оның ішінде бағдарламалардың орындалу мәселелері бар, олардың арасында  кемшіліктер де жоқ емес. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде жұмыс істейтін боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Айта кетерлігі, елдің жалпы экономикалық көрсеткіштері жөнінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев баяндама жасауда. Одан кейін Қаржы министрі, Ұлттық банк басшысы сөз сөйлейді.

Естреіңізге сала кетсек, 2017 жылы ішкі жалпы өнім өсімі 4 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,5 пайызға артып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7,1 пайызға ұлғайды. 2017 жылдың 9 айында шетел инвестициясының таза түсімі 3 034,8 млн долларды құрады. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларының аралығында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 69,5 млрд долларға жетіп, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 пайызға артты. Оның ішінде экспорт көлемі 43,1 млрд долларға жетіп отыр. Ұлттық банктің алтын-валюта активі 31,1 млрд доллар болды.