Мына дүниені құлпыртатын да, құбылтатын да, жаңартатын да, жасартатын да, барыңды жетілдіретін де, орындасам деген мақсатыңа жеткізетін де – бір ғасыр бұрын ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы айтып кеткен білім жарысы. Сол жарыста, яғни ақыл-ойдың самғауында қанатыңды талдырмайтын, ауырыңды жеңілдететін – білім мен ғылым. Осы ақиқат жолында ел білімін қайтсек жақсартамыз, ғылымын қалай өрістетеміз деген ұлы ұғымды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ақыл табылмай, ештеңе табылмайды. Ой жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат, өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл», деп азаттық алғаннан бері айтып келеді.
Иә, елдегі білім саласына қатысты реформалар санынан жаңылайық дедік. Жүйесіз жүргізілуінен бе, есте қалғаны онша көп болмай тұр. Оның зардабын қаладағы жайлы бөлмеде отырып жоба жасағандар емес, тікелей іске асыруға тиіс мекеме қызметкерлері көріп отырғаны да рас. Осындай оралымсыздықтың кесірінен бе, әлде ғылыми негізі жасалмай, жалаңдыққа бой алдырғандықтан ба, отандық білім саласының басынан дау-шар арылмай келеді. Мұның басты себебі, өзгенің үрдісін електен өткізбей, дайындықсыз бастап жіберуде жатқан жоқ па екен? Ондай реформаларды қолға алып, орта жолға тастағандарға сұрау болмайтыны да бар. Оның орнын басқандар өзінің жаңашылдығымен көзге түсуге тырысады. Осы тәсілмен ел болғалы бері 15-ке таяу министр жұмыс істеді. Әрине, жақсы ісін соңына жеткізе алмай кеткендер де болды.
Алда дәйекке келтірген Елбасы байламында ақыл туралы әдемі айтылады. Ақыл-ой биіктігі жеке адамдарға ғана емес, елге керек. Ақыл-ой иелерін, әсіресе талантты ұрпақты бала күнінен баулу кемел жұртқа тән қасиет. Бірақ біз сол кемелдікке жеткізетін дарынды ұл-қызға, білімі терең, ой әлемі мұхиттай оқымыстыға, мықты ұйымдастырушыға кей тұста толық қамқорлық жасай алмай келе жатқан секілдіміз. Бірінші, дарынды ұрпаққа келер болсақ, бүгіп қайтеміз, кейде оларға тиесілі орынды түрлі жолдармен пысықайлар қағып кетіп жатады. Есесіне бағаланбаған әлгіндей дарынды ұл-қызды өзгелер жетектеп кетіп жататынын жоққа шығара алмасақ керек. Мұндай жай кеңес заманында да болған. Оның арқауы әлі үзіле қоймағандай. Біз мұны былтыр көтеріп, Қостанай өңірінде Мәскеудің жетекші университеттері біраздан бері дарынды балалармен жұмыс істеп жүргенін, оқу орнының қызметкерлері келіп жаратылыстану пәндері бойынша ақыл кеңес беретінін, үздік талапкерлерге арнайы грант тағайындайтынын талқыға салғанбыз. Жақында бұл мәселе бас басылымда тағы да қозғалып, Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптесіміз Өмір Есқали «Ақыл-ой көші ары асып бара ма?» (26.01.2018) деп шығыс және солтүстік өңірлердегі, Ақтөбе мен Атырау облыстарындағы ұрпақтарымыздың көрші елдің орта және жоғары оқу орындарына бет бұрғанын дәйектей жазды. Мәселен, шетке, оның ішінде Ресейге бет бұрғандар сегіз есе артқанын, айталық, бір гимназияны бітірген 52 түлектің 31-і Ресейде бағын сынап, оның 21-і тегін оқуға түскенін, өз елімізде сынақ тапсырған 12 үміткердің 2-уі ғана грантқа ие болғанын жеткізді. Тағы бір мысал, М.Жұмабаев ауданындағы мектеп бітірушілердің 70-80 пайызы көрші елге бет бұрып отыр екен. Осы бір түйткілдің себебін қайдан іздеуге болады, ертеңгі салдары қалай болар екен деген ой мазалайды. Бұл ұлтымыздың келешегіне қауіп төндіріп жүрмей ме?
Жасыратыны жоқ, біздің түлектер мектеп бітірген соң әуре-сарсаң басталады. ҰБТ «жыры», кешенді тест, оның қорытындысын шығару, ақшасы барлар ҰБТ-ны бірнеше рет тапсырып, ақылы оқуға түсуіне жол ашу, т.б. Осындай кезде қаншама үміткердің, ата-ананың жүйкесі жұқарады десеңізші.
Алда жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны келе жатыр. Жалпы, бұл саладағы кейбір жүйесіздіктерден құтқару керек тәрізді. Неге бұлай деп отырмыз? Өйткені бұрын аз да болса ҰБТ-ға үміт артып келіп едік. Өткен жылы оны да реформаладық. Республикалық «Дарын» орталығы да қалтарыста қалғандай. Бұл жалғаса берсе, шеттен оқу іздейтіндер көбеймесе азаймайды. Әрине, шетке барып білім алған жөн. Бірақ ертең олар жұмылып келіп жұртына қызмет жасай ма?
Шетелдерде қызмет етіп жүрген отандық ғалымдарды шақырсақ деп жүргенде өткен жылы елімізден 28 мыңнан аса кәсіби маман сыртқа кетіпті. Олардың қатарында 5 мың техникалық қызметкер, 2,5 мың экономист, 1700 педагог бар көрінеді. Басқа мемлекетке кеткендердің көбі 20-дан енді асқан жастар екен. Өзге жұртқа оқу іздеп барып қалып қойғандардан хабарымыз қаншалықты? Бұл да ойлануды қажет етеді. Жапония мен Қытай мемлекеттері алғыр кәсіби маманды бағалай отырып, шетелге кетуді шектейді екен. Қалай десек те, мектеп түлектерінен бастап, мықты кадрдан, яғни ақыл-ой иелерінен көз жазып қалмау жағына қам-қарекет жасау, елдің өркенін өсіріп, келешегін кемел ететіні анық.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»