Соңғы кездері әлем елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығы тақырыбына көбірек назар аудара бастады. Ал саясаттанушы-сарапшылардың осы мәселеге қатысты ой-пікірлеріне талдау жасайтын болсақ, АҚШ-тың Орталық Азиямен ынтымақтастығы АҚШ пен Ресей қатынастарына тікелей байланысты деген болжамды тағы да растай түсетіндей. Ретіне қарай таратып көрейік.
Бұл мәселеде алдымен АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама тұсындағы мемлекеттік хатшы Джон Кери негізін қалаған «С5+1» тұғырнамасына тоқталған жөн. Өйткені осы тұғырнамада АҚШ-тың Орталық Азияға бағытталған сыртқы саясаты көрініп тұрғандай болады. Америкаға бүйрегі бұратындар ендігі «үміттерін» аталған құжатқа артатын сияқты. Сондай-ақ Б.Обама билігі кезінде Орталық Азия елдері сыртқы істер министрліктерінің басшыларын Вашингтонға арнайы шақырып, «әңгіме-дүкен» құрғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Ол біреуіне ұнады, екіншілеріне ұнамады. Міне, сонда Джон Кери 15 миллион долларды құрайтын бес жобаны іске асыру мәселесін ортаға салған еді.
Ақ үйдің билігі Дональд Трампқа ауысқан соң, осы жобалардың және «С5+1» тұғырнамасының болашағы қалай болады деген мәселе туындады. Себебі жаңа президент Д.Трамп Б.Обаманың кезінде қабылданған бірқатар жобалардың күшін жойып тастаған болатын. Трамп билігі «С5+1» тұғырнамасына «тиіскен» жоқ. Қайта оны жетілдіріп, әрі қарай дамытуды көздеді. Бүгінде оған елдің қазіргі мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон кірісіп жатыр. Тіпті ол бұрынғы әріптесі Джон Кери сияқты Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрліктері жетекшілерінің Нью-Йорк қаласында басын қосып та үлгерді. Кейбір сарапшылар АҚШ-тың Орталық Азияға «ерекше ықылас» танытуының астарында «Орталық Азия мемлекеттерін ынтымақтастыру арқылы аймақта Ресей мен Қытайдың ықпалын әлсіретіп жатуы мүмкін» деген болжам айтады.
АҚШ-ты Орталық Азия елдерінің интеграциясы бұрын да қызықтырған, қазір де қызықтырады. Мұны АҚШ мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары, Оңтүстік және Орталық Азия бойынша елшісі Элис Уеллс те ашық білдіріп отыр. «Орталық Азия елдерімен бірлескен стратегиялық әріптестік қатынасымыз бар, – дейді ол. – Онда экономикалық интеграция, терроризм мен діни экстремизмге, заңсыз есірткі саудасына қарсы күрес және аймақтың тұрақтылығы сынды мәселелер қамтылған. Сондай-ақ Құрама Штаттарын бұл аймақтың интеграциясы да қызықтырады».
АҚШ президенті өзінің өткен жылы күзде жариялаған стратегиясында Ресей мен Қытай АҚШ-тың басты «бәсекелесі» екенін атап өтті. Бүгінде Ресей мен Қытайдың Орталық Азияға кәдімгідей ықпал етіп отырғаны тағы белгілі. Енді олардың қатарына Құрама Штаттардың да қосылғысы келеді. Ал соңғы алты-жеті жыл аралығында әлемдегі ірі үш мемлекетке де стратегиялық маңызы ерекше саналатын Орталық Азия елдері АҚШ-пен байланыстарын бәсеңдеткені шындық. Мысалы кезінде Құрама Штаттарымен тонның ішкі бауындай араласқан Қырғызстан түрлі себептерге байланысты Манас халықаралық әуежайына жақын орналасқан АҚШ-тың әскери базасын жапты. Кейін Бішкектің Америкамен бірқатар мәселелер бойынша ынтымақтастығын үзуіне тура келеді. Қазіргі кезде аймақтағы Қазақстаннан өзге мемлекеттердің АҚШ-пен алыс-берісі жоғары деңгейде деп айта алмаймыз.
Бүгінде Америка Құрама Штаттарының Оңтүстік Азиядағы елдермен байланыс- тары қайта жандана түсті. Бұл өңірге Орталық Азия іргелес жатқандықтан, Вашингтон билігіне Оңтүстік Азияға қарағанда, Орталық Азия геостратегиялық жағынан маңызды саналады. Соған байланысты АҚШ өзінің Ауғанстандағы әскерінің санын көбейтті. Бұған Пәкістан мен Ирандағы саяси жағдайларды қосыңыз. Оның үстіне Орталық Азия мемлекеттері жерасты ресурстарына өте бай, ол аймақ елдерінің басты құндылықтарының бірі болып табылады.
Құрама Штаттардың Орталық Азияға қарай «жақындауы» Ресейге ұнамайтыны әуел бастан-ақ белгілі болған. Оны «С5+1» кездесуі өтер алдында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров жеткізіп те үлгерді. «Егер біздің америкалық әріптестеріміз Орталық Азиядағы дос- тарымызбен кездесуінде экономика емес, геосаясат тұрғысында келіссөздер жүргізетін болса, оның соңы жақсылыққа апармайды», деді ресейлік министр. Оның бұл сөзі бізге ескерту сияқты әсер етті. Дегенмен кейіндеп ол осы «ескертуін» түзетіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде былай деді: «Орталық Азия елдерінің алдына оңтүстік немесе солтүстік екеуінің бірін таңда деген жалған таңдау қоюдың қажеті жоқ. Аймаққа барлық тараппен жан-жақты әріптестік орнату қажет және аталған елдердің ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ шеңберіндегі міндеттемелерін құрметтеу керек».
Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстанның өзара бірлігі, ынтымақтастығы қашан да қажет еді. Бүгінде ол айқын сезіле бастады. Рас, Кеңестер Одағы ыдыраған соң, Орталық Азиядағы мемлекеттер арасында одақ құру идеясы көтерілді. Осыған байланысты президенттер түрлі басқосуда интеграциялануға бағытталған жеті жобаны талқылаған екен. Өкінішке қарай олардың бірде-біреуі қабылданбады. Енді соның реті осы жылдың наурызында Астанада өтуі жоспарланған Орталық Азия елдері басшыларының саммитінде келетін сияқты. Ал саммит отырысына шаңырақ иесі – Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді.
Ресей, Қытай және АҚШ-ты қызықтырып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің бір-бірімен ынтымақтастық орнатып, интеграциялануынан тараптардың саяси және экономикалық жағынан ұтатыны көп. «Біздің тарихымыз, дініміз, мәдениетіміз бір. Құдай бізге бір-бірімізге көмектесуге, аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бірге болуға жазды, – деген еді Елбасы «Астана клубының» үшінші отырысында сөйлеген сөзінде. – Қазір осыған байланысты Өзбекстанда көптеген өзгерістер болып жатыр. Мен мұны сырттай бақылап отырамын. Біз қолымыздан келгенше көмектесудеміз. Мұндай өзгерістер Тәжікстанда да, Түрікменстанда да жүргізілуде. Жақында Қырғызстанда президент сайлауы өтті. Мен Орталық Азияның болашағына үлкен сеніммен қараймын».
Ал Өзбекстан президенті Шавхат Мирзиеев аймақтағы елдердің ынтымақтасуына байланысты: «Біздің мыңдаған жылдық тарихымыз бар. Біз Еуразияның жүрегіміз. Өзбекстан Орталық Азияның дамуы үшін көршілерімен бірігіп жұмыс істеуге қашан да дайын. Орталық Азиядағы 70 миллион халықтың бүгіні мен ертеңі аймақтағы мемлекеттерге байланысты» деген болатын.
Әлемдік қоғамдастыққа белгілі саясаткерлер мен сарапшылар баға беріп жүргендей, Қазақстан – Орталық Азияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ұйытқы болуға сай мемлекет. Қазақстан және оның басшысы Н.Ә.Назарбаев аймақтың ғана емес, бүкіл Жер шарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық бастамаларды көтеру арқылы бейбітшілікті жақтайтын іргелі ел және тұлға ретінде танылды. Міне, енді Елбасымыз түрлі себептермен ширек ғасырдан бері бастары бірікпей, көптен бері ортақ бір мәмілеге келе алмай жүрген Орталық Азиядағы бес мемлекеттің басшыларын Астанаға шақырып, жоғары деңгейдегі жиын өткізуге ұйытқы болып отыр. Бұл жиын болашақта құрылуы ықтимал Орталық Азия елдерінің одағына апаратын жол болуы әбден мүмкін.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»