«Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Бірінші – қайырымды ісі, екінші – мейірімге толы сөзі», дейді дана бабаларымыздың бірі Жүсіп Баласағұн. Адамдардың ауызбіршілікте, ынтымақта өмір сүруі өз қолында. Ең игі іс – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау.
Жуырда С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Ізгі істер» атты акцияға қолдау көрсетіп, сауапты істі қолға алды. Яғни аз қамтылған, көп балалы отбасыларға және мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында кітапхана директоры Гүлжайнар Калдина және кітапхана қызметкерлері Алтынгүл Ермекбаева, Бақтыгүл Хамидуллина, Ләззат Бөлтекова, Бибігүл Шамеденова, Гүлдана Нұғманова қысқы жылы киімдерді жинады. Осылайша балаларға арналған аяқ киім, пальто және басқа да жылы киімдерді кітапхана директорының орынбасары Үржан Құдасова мен кәсіподақ төрайымы Шынар Қошанова «Шығыс» сауда үйінде орналасқан «Игі іс» дүкеніне тапсырды. Мұқтаж жандар үшін қат заттарды кітапхана қызметкерлері қаңтар айында «Алтай» сауда үйінде орналасқан «Игі іс» дүкеніне де тапсырған болатын.
«Қайырымды болсаң өзгеге, шапағаты тиер өзіңе» дегендей, кітапхана ұжымы осы іспетті игі шараларға жиі атсалысып тұрады. «Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» дегендей, бұл да ұрпаққа ұлағатты ұлы істерде ұсақ-түйек болмайтынын білдірсе керек.
Гүлжан ӨТЕГЕНОВА,
С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы
АҚТӨБЕ