Еліміздің оңтүстігінде суармалы егіншілік ертеден қолға алынып, соның ішінде мақта шаруашылығы өңір халқының бірден-бір күнкөріс көзі болып келеді.
Осы саланың тәуелсіздік жылдарындағы даму барысы, алдында тұрған маңызды мәселелері туралы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, ҚР аграрлық ғылым саласы бойынша А.Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты Ибадулла ҮМБЕТАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Қазақ елі өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығына мақта өндіру-өңдеу саласында толайым табыспен келуінің басты сыры неде?
– Мұның басты себебі, осы тәуелсіз мемлекетті орнатып қалыптастыруда орасан зор еңбек сіңіріп, осы жылдардың өн бойында халықпен бірге келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау қысылтаяң шақтың өзінде жаңа дәуірдің шындығына, адамдардың мүддесіне нақты сәйкес келетін мақсаттар мен міндеттерді, стратегиялық саясатты дұрыс белгілеп, жүрер жолды көрсетіп бере алғандығына байланысты болды деп есептеймін. Соның ішінде ең алдымен Елбасының еліміздің өркендеу мүмкіндігін жеке адамдардың мүддесімен ұштастыра білгендігінің әсері зор болғандығы анық.
Ал енді бұл саланың жаңа тарихына аздап ой жүгіртетін болсақ, Кеңес одағының солақай саясатының кесірінен ауыл шаруашылығында жүргізілген реформаның алғашқы кезеңінде-ақ мақта өндірісі тұйыққа тірелген еді. Өйткені, 1990 жылға дейін мақта дақылы басым болды. Мәскеу жергілікті мақта өндірушілердің жағдайымен санаспай, келешекке мән бермей, тек жылдан-жылға көп мақта өндіруді талап еткен болатын. Бірақ бұл саясат халқымыздың әлеуметтік жағдайына, өнімділікке, топырақ құнарлылығына, ауылшаруашылық өнімінің сапасына кері әсер етіп, мақта аурулары мен зиянкестерінің көбейуіне және өзге де карантиндік арамшөптердің тарауына әкеліп соқты.
Оның үстіне, елімізде мақта саласы бойынша ғылыми-зерттеулер жоқтың қасы болатын, өзіміздің отандық сорттар да жоқ еді. Мақтаның тұқымдық шитті сорттары мен технологияларын көршіміз Өзбекстан арқылы алып жүрдік. Шамасы, осы жағдайға байланысты болар, сол уақытта кейбір «көріпкелдеріміз» Қазақстанның мақта шаруашылығы келешекте Өзбекстанның мақта шаруашылығына әбден тәуелді болуы мүмкін деген сөздерді жиі айтатын.
Ел экономикасындағы толғағы жеткен мәселелерді терең түсінетін Елбасы, міне, осы тұста, анығырақ айтқанда, 2005 жылы қаңтар айында Астанада өткен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық кеңесінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде және өңдеуде, соның ішінде, оңтүстіктегі мақта шаруашылығының жоғары әлеуетін ашуда кластерлік жүйені белсенді пайдалану қажеттігін, осы арқылы тоқыма өнеркәсібін дамытуға болатынын баса көрсетті. Жаңа тәсіл мен инновациялық-индустриялық технология негізінде бәсекеге төтеп беретін өнім шығаруға, ауыл шаруашылығы ғылымын, оның ішінде қолданбалы аграрлық зерттеулерді дамытуға назар аударды.
Бір қуаныштысы, Елбасы мақта саласын дамытуда алға қойған межелерді өзі тікелей бақылауға алды. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан облысында еркін экономикалық аймақ құрылып, Қазақстанның мақта-тоқыма кластерінің алғашқы қазығы қағылып, жаңа жобаның жұлдызы жанды.
Енді осы істің жемісін көріп отырмыз, өйткені қазірдің өзінде 2010 жылы өндірілген мақта талшығының 32,5 мың тоннасын өз елімізде өңдеп, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Елімізде «Меланж» АҚ, «Ютекс» АҚ, «South Textilene kz» ЖШС, «Oxy Textile» ЖШС, «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС сияқты әрқайсысы жылына 7-8 мың тонна мақта талшығынан жіп иіретін, мата тоқитын, жаңа үлгідегі бәсекеге қабілетті тауар өндіретін фабрикалар іске қосылды. Сонымен қатар, енді екі-үш жылдың ішінде «Ютекс-KZ» АҚ, «СП «TurKaz Textile» ЖШС, «Чалык» холдингі секілді іргелі құрылымдардың әрқайсысында жылына 15-23 мың тонна мақта талшығын терең өңдеуден өткізетін жаңа фабрикалар пайдалануға берілмек. Сол кезде қазіргіге қосымша 54,5 мың тонна талшық өңделіп, барлығы 87 мың тоннадан астам дайын тауар алынатын болады. Сөйтіп, 1 миллиард доллар қосымша қаржы алынып, еліміздің игілігіне бұйырмақ.
– Осы ретте мақта өндіру саласына мемлекет қандай қолдау шараларын көрсетуде деген сұрақ еріксіз бас көтеретіндей.
– Мемлекет тарапынан мақта саласын дамытуға жақсы қолдау көрсетіліп отыр деп жасқанбай айта аламын. Мәселен, Халықаралық мақта консультативтік комитетінің мәліметі бойынша, дүние жүзіндегі 68-ден астам мақта шикізатын өндіруші мемлекеттердің арасынан тек 9 мемлекет қана өзінің мақта өндіруші диқан, фермерлеріне қолдау көрсетеді екен. Солардың бел ортасында Қазақстан бар.
Егер атап айтатын болсақ, 2010 жылы Қытай, Түркия, АҚШ, Австралия, Үндістан, Мексика, Қазақстан, Бразилия, Болгария мемлекеттері мақта өндірісін дамыту жөнінде өздеріндегі тауар өндірушілерге жақсы қолдау көрсетті. Ол қолдау шаралары әр түрлі деңгейдегі әр түрлі әдістер арқылы жүргізілді. Соның ішінде біздің еліміз бойынша мақта саласындағы мемлекеттік қолдау өсімдік қорғау ісін ұйымдастыру, тұқым шаруашылықтарын қолдау, тыңайтқыштардың бағасын төмендету, су шаруашылығын қолдау, жанар-жағармайды субсидиялау, мақта шикізатын сатып алу, мақта шикізатын және мақта талшығын арнайы сараптамадан өткізу секілді түрлі шаралар арқылы жүргізіліп келеді. Мақта өндіруді қолдауға 2005 жылы жоғарыда көрсетілген бағыттарға мемлекеттен 3 млрд. 243 млн. теңге бөлінген болса, 2010 жылы 5 млрд. 403 млн. теңге бөлінді, яғни 2005 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қолдау көлемі 66 пайызға артты.
Мақта саласында 2005 жылы әр гектарға орта есеппен 20,4 мың теңге мемлекеттік қолдау көрсетілсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 49,0 мың теңгеге жетті. Ал 2010 жылдан бастап су-қор үнемдеу, суармалы жерлерді суландыру бағытына әр гектарға қосымша 6300 теңге бөлінді. Бұл мақта өндіруші диқандар үшін жақсы көмек болғандығы айтпаса да түсінікті.
Оның үстіне Көксарай су реттегішінің салынуының да маңызы зор болды. Бұл су қоймасының Сырдария өзені өңірінің экологиялық-шаруашылық ахуалын жақсартып, жаз мезгілінде мақта өндірумен айналысатын аудандарда су жетіспеушілік қаупінің алдын алғаны, көктем-жаз мезгілінде су ағу және сақтау режімдерін тұрақтандыруға мүмкіндік бергені белгілі.
Елімізде мақта саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында соңғы 7-8 жылда Мақтаарал ауданында Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінен 912 млн. теңге несие бөлініп, 10 мың гектар суармалы жер қайта өңделді. Одан кейін Азия даму банкінен 6 млрд. теңге бөлінді. Сөйтіп, барлығы 39,3 мың гектар егістік жерге 166 тік дренажды ұңғымалар салу, ішкі коллекторларды жөндеу, жолдарды, көпірлерді, электр қуатын тарату желілерін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Ауданда кезектегі 82 мың гектар суармалы егістік жерге 2011 жылдан бастап мелиорациялық жұмыстар қайта жүргізілетін болды. Мақта өндіруші диқандардың жеке меншік өңдеу кәсіпорындарына тәуелді болмауы үшін 60 мың тонна мақта шикізатын өңдейтін жаңа технологиямен жұмыс істейтін мемлекеттік зауыт құрылды. Сонымен қоса, еліміздегі мақта егісін бәсекеге қабілетті отандық жаңа мақта сорттарының тұқымдық шитімен қамтамасыз ететін жаңа технологиямен жұмыс атқаратын қуаттылығы жылына 5 мың тонна жоғары сапалы, бағасы төмен тұқым дайындайтын зауыт салынып іске қосылды. Міне, осындай игі істер бүгінде мақташы қауымның көңілінен шығып, оң нәтиежесін беруде.
– Мақта шаруашылығы саласындағы ғылыми жұмыстар қалай дамып келеді. Олардың өндіріске пайдасы бар ма?
– Мақта саласындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, жалпы мақта өндірудің тиімділігін арттыру мақсатында бұрынғы Мақтаарал ауылшаруашылық тәжірибе стансасының базасында 2005 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды. Үкіметтің мақта саласын дамыту мақсатында, ғылымға деген оң көзқарасының арқасында институттың бас ғимараты күрделі жөндеуден өтті, жаңа ауылшаруашылық техникалары және күрделі зертханалық қондырғылар алынды. Қазіргі таңда институтта 4 ғылыми бөлім, ғылымның ең соңғы жетістіктерімен жабдықталған 4 зертхана, дүние жүзінің түкпір-түкпірінен әкелінген 50-ден астам мақта сорттары егілетін эксперименталдық алқабы, түснұсқалық, элиталық, тұқымдық шит дайындайтын цех жұмыс істейді. 2005 жылы тәжірибе стансасында небәрі 4 ғылыми қызметкер болса, қазіргі кезде 20-ға тарта ғылыми қызметкер жұмыс істейді, оның 3-уі ғылым докторы, 5-уі ғылым кандидаты.
2000 жылға дейін Қазақстанда отандық аудандастырылған мақта сорттары болмаған. Барлық мақта егістігі жерлеріне Өзбекстанда шығарылған мақта сорттары егіліп келген. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының селекционерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында қысқа уақыт ішінде өзіміздің жергілікті топырақ-климат жағдайымызға бейімделген, сортаңдану мен ылғал жетіспеушілікке шыдамды, мол өнімді, сапасы жағынан шетелдік орта талшықты мақта сорттарынан еш қалыспайтын, керісінше, кейбір көрсеткіштері жағынан жоғары тұратын бәсекеге қабілетті 10 жаңа мақта сорты шығарылып, олардың бесеуі (ПА-3031, ПА-3044, М-4005, М-4077 және М-4011) аудандастырылды. Тоғыз сортқа авторлық куәлік берілсе, мақтаның ПА-3031, ПА-3044, М-4005 сорттарының селекциялық жаңашылдығы мен жетістігіне Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінен инновациялық патент тапсырылды. Қазіргі таңда аудандастырылған 5 отандық мақта сорттары 110 мың гектар жерге егілуде. Бұл еліміздегі жалпы мақта егістігінің 80 пайызынан астамын құрайды.
– Елімізде өсіріліп жатқан мақта өнімінің сапасы туралы не айтасыз?
– Сапа мәселесіне келетін болсақ, біздің мақтаның отандық сорттары орта талшықтылардың ішінде жоғары көрсеткіштерге жетіп, талшықтың орташа шығымы – 38,7-39,3%, үзілу ұзындығы – 26,1 км., беріктігі – 4,9 гк., микронейрі – 4,5, талшықтың ұзындығы – 34,1 мм. құрады, бұл көрсеткіштер көршілес өзбекстандық сорттармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Мемлекет басшысының осы салада ұстанған көреген саясатының арқасында бүгінде қазақ мақтасы бірте-бірте ел брендіне айналып отыр. Осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қалыптасып, жолға қойылуы жаңа инновациялық бәсекеге қабілетті сорттар мен жоғары сапалы тұқым шығаруға оңды ықпал етуде. Сонымен қатар, бұл өнімді өндіруге және өңдеуге қажетті жаңа технологиялар өндіріске белсенді түрде енгізілуде.
– Осы нәтижелерімізді бекіте түсетіндей халықаралық деңгейде қандай жетістіктерге жеттік деп айта аламыз?
– Халықаралық мақта консультативтік комитетінің мәлімдемесі бойынша, мақтаның өнімділігі жөнінен дүниежүзілік рейтингте Қазақстан 1998-1999 жылдары мақта өндіретін 68 мемлекеттің арасында 24-25 орында болса, соңғы 3-4 жылда 15-17 орынға жоғарылады.
Оның үстіне, жуықта Германияның Бремен қаласындағы мақта талшығын терең зерттеу орталығының мамандары әлемдегі мақта өндіретін сол 68 мемлекеттің арасынан 30 мемлекетті таңдап алып, олардың арасында неғұрлым бәсекеге қабілетті сапалы мақта өндіретіндерін айқындаған болатын. Осы зерттеуге отандық «Мақтаарал» мақта сорттары да ілікті. Зерттеу қорытындысында Қазақстан Республикасы жоғары сапалы орта талшықты мақта өндіретін 10 мемлекеттің қатарына енді. Бұл біздің халықаралық мақта бәсекесі саласындағы үлкен жеңісіміз.
Қыркүйек айының бірінші аптасында Халықаралық мақта консультативтік комитетінің Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен пленарлық отырысына республикамыздың атынан қатысып, баяндама жасадым. Бұл комитеттегілер еліміздегі осы саланың даму барысын жақсы біледі және бақылап та отыр. Комитеттің атқарушы директоры Терри Таунсенд жиналыс жүріп жатқан кезде біздің Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқандығы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегі туралы екі минөттей әсерлі әңгіме айтқанда төбем көкке жеткендей болды. Отырыс барысында еліміздің мақта-тоқыма кластерін ұйымдастыру арқылы мақтаны терең өңдеп дайын бұйым жасап сататын мемлекеттер қатарына енгендігі атап көрсетілді. Бүкіл әлем бойынша 23 мемлекеттің ғана мақтаны терең өндеп, дайын бұйым шығаратынын ескерсек, бұл да үлкен табыс дер едім.
Алайда, бұл айтылғандардың өзі де біздің жетістігіміздің шегі емес. Егер еліміздің мақта өндірушілері Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары дайындаған мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа отандық сорттарын, жаңадан жасалған технологияларды, ұсыныстарды өндіріске оңтайлы ендіріп, Үкімет көрсетіп отырған көмекті дер кезінде тиімді пайдалана алса, гектар өнімділігін 35-40 центнерге жеткізуге толық мүмкіндік бар. Сонда Қазақстан мақтасы дүниежүзілік рейтингте 5-7 орындарға көтеріле алар еді.
– Осы ретте сіз басқарып отырған институт ұжымы көптеген істермен шұғылданып жатқанын білеміз. Солардың бірқатарына тоқтала кетсеңіз.
– Институт селекционерлері элиталық тұқымдық шаруашылықтар үшін жыл сайын 30 тонна элиталық, 12 тонна түпнұсқалық тұқымдық шит дайындайды. Өз кезегінде «Кетебай», «Нысан», «Тұран», «Қараша», «Нұралыжол» сияқты тұқым шаруашылықтары тұқымдық шитті көбейтіп, мақта шикізатын өндіруші фермерлерге береді.
2007 жылы «Мақта саласын дамыту туралы» заңды әзірлеуге институт ғалымдары белсене қатысқан еді. Соның нәтижесінде қабылданған заңда шитті мақта өндірушілер мен оны өңдейтін кәсіпорындар арасындағы қатынастар, есеп айырысуда жаңа жүйені енгізу, шитті мақтаны сатып алуда және мақта талшығын сатуда оның сапасын қадағалайтын мақта инспекциясын құру, мақта өңдейтін кәсіпорындарды лицензиялау жүйесі және т.б. көптеген оң өзгерістер енгізілді.
Сонымен қатар мақта өндірушілерге мемлекет тарапынан берілетін субсидияның жаңа жүйесін енгізуде және шаруа қожалықтарын жоғары репродукциялы тұқымдық шитпен қамтамасыз етуде, элиталық тұқым шаруа қожалықтарын құруда жаңа жүйеге бірқатар ұсыныстар енгізілді. Бұл ұсыныстардың барлығы дерлік қабылданып, қабылданған заңнамаларға ендірілді.
Егемендік жылдарында институттың селекциялық бағытындағы қызметі ғана емес, сонымен қатар, қоза баптау технологиясындағы және жалпы ғылыми бағыттағы жұмыстары қарқынды дамыды. Атап айтқанда, отандық мақта сорттарын баптаудың екі қарқынды технологиясы және ауыспалы егістің жаңа тиімді қысқа танапты 2 кестесі әзірленді, элиталық-тұқымдық шаруашылықтарға арналған тұқымдарды жаңарту бесжылдық кестесі және келешекте мақта сорттарын алдын ала көбейту үш жылдық кестесі, мақтаны терең өңдеу саласы бойынша 8 стандарты және мақтаның шикізатын, мақта талшығына өңдеу технологиялық регламенттері әзірленді. Мақтаны жаңбырлатып суару, арықшалармен суару және топырақтың тұздану мен жер асты суының тереңдігіне байланысты күзгі-қысқы суару тәртібі жасалды және агроэкожүйенің фитосанитарлық жағдайын есепке ала отырып, топырақты қалпына келтіру негізінде қоза баптаудың су үнемдеу технологиясы әзірленді. Институт ғалымдары әзірлеген мақта қозасын баптаудың қарқынды технологиясы 27 мың га мақталық егіс көлеміне енгізілді. «Қолдану күші ұзартылған минералды тыңайтқыштар алу тәсілі» бойынша өнер табысқа инновациялық патент алынды.
Сонымен қатар, институт ғалымдары конкурстық гранттық бағдарлама бойынша Бүкіләлемдік банк пен Қазақстан Үкіметінің қолдауы негізінде қаржыландырылған «Қазақстанның оңтүстік жағдайында мақта қозасының отандық «Мақтаарал» мақта сорттарын баптаудың су үнемдеу технологиясын жетілдіру» бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргідей ағын су тапшылығы жағдайында, бұл технологияның қолданылып жүрген технологиялардан артықшылығы – мақтаның өсіп-өну кезеңінде 30 пайыздан артық ағын су үнемдеуінде.
Соңғы жылдары институт ғалымдары өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында тек мақтаның селекциясы ғана емес, сонымен қатар, бақша дақылдары мен көп жылдық өсімдіктердің селекциясымен де айналысуда. Өйткені, бұл дақылдардың өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артуда.
Осы жағдайды ескере отырып, институт ғалымдары аталмыш дақылдың жоғары сапалы тұқымына деген сұранысты қанағаттандыру мақсатында, сондай-ақ облысымыздың агроқұрылымдарын жоңышқаның элиталық тұқымымен қамтамасыз ету мақсатында көп жылдық бұршақ тұқымдас дақылдардың қатарына кіретін жоңышқаның жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті жаңа «Көксарай» сортын шығарды. Ұсынып отырған жоңышқаның «Көксарай» сорты біздің суармалы жағдайда 5-6 орым береді және орташа тұзданған топырақта, жер асты суы 1,8-2,5 м. болған жағдайда, әр гектарға шаққанда 250-270 ц. өнімділік көрсетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің арасында Кеден одағының құрылуына байланысты бақша дақылдарына деген сұраныс күрт артты. Бақша дақылдарын Мақтаарал ауданының диқандары алыс және жақын шетелдерге көптеп шығарып сатуда. Ауданның суармалы егіс жағдайы бәсекеге қабілетті бақша өнімдерін өндіру үшін ең қолайлы аймақ болып саналады. Сондықтан да институт ұжымы суармалы егіс жағдайындағы бақша дақылдарының тұқымшылығын да жолға қоюды нақты мақсат етіп жұмыс жүргізуде. Нәтиже баршылық. Суармалы егіс жағдайына бейімделген, қарбыздың «Достық-10» және қауынның «Қарақай» сорттары шығарылды. Бұл сорттардың өнімділігі жоғары. Мысалы, суармалы егіс жағдайында қауынның өнімділігі гектарына – 300-350 центнер, ал қарбыздың өнімділігі – 450-500 центнер. Пісіп-жетілу мерзімі қысқа, орташа 85-90 күн. Қауынның қанттылығы 13,0-16,0 %, қарбыздың қанттылығы 7,0-9,0 %-ды құрайды. Тасымалдауға төзімді. 4-5 мың шақырым қашықтыққа өнім сапасын жоғалтпастан тасымалданады.
Соңғы бес жылдың өзінде институт ғалымдарының 275 ғылыми мақалалары және 30-дан астам ұсыныстары, монографиялары мен ғылыми еңбектері жарық көрді, сонымен қатар институт қабырғасында 60-қа тарта республикалық конференциялар мен облыстық және аумақтық көлемдегі семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Институт ғалымдарының біліктілігін жоғарылату, мақта саласы бойынша халықаралық конференцияларға қатысу мақсатында Қытай, Пәкстан, Үндістан, АҚШ, Бразилия, Өзбекстан, Түркия, Малайзия, Африка (Буркина-Фасо), Германия, Франция, Польша, Ресей, Оңтүстік Африка Республикасы мемлекеттерінде болып, тәжірибе алмасып қайтты. Сонымен қатар, институт ғалымдары мақта саласы бойынша Халықаралық консультативтік комитетпен (МККХ) тығыз жұмыс жасауда. Осының арқасында әлемдік рыноктағы мақта талшығының нақты бағасы есептеліп шығарылып, шаруалардың назарына күнделікті ұсынылып отырылады.
– Мақта өндірісіне қатысты әлі толық шешілмеген қандай проблемалар бар?
– Көкейкесті мәселелердің бірі – ол мақта өсіріп-өндірушілердің білім деңгейін көтеру. Өйткені, білімсіз атқарылған жұмыс, соның ішінде, жаңа сорттар мен инновациялық технологияларды енгізу ісі тиісті тиімділігін бере алмайды. Тапшы болып отырған судың өзін тиімді пайдалана алмаймыз. Егер фактіге назар аударсақ, Оңтүстік Қазақстан облысында ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін салаларда 71 мыңнан астам шаруа қожалықтары болса, оның 41 мыңы мақта өндірісімен айналысады екен. Мамандарымыздың зерттеуіне қарағанда, барлық мақта өндіруші шаруашылық басшыларының 13 пайызының ғана тиісті мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Ал 17 пайызы ауыл шаруашылығына қатысы жоқ жоғары білімді, қалған 70 пайызы тек орта білімді мамандар. Демек, шаруа қожалықтары жетекшілерінің көпшілігі қазіргі заман талабына сай ауылшаруашылық дақылдарын өсірудің тиімді технологияларын білмейді және түсінбейді.
– Сонда бұл проблеманы шешу жолдары жоқ па?
– Әрине бар. Біз оны өз тарапымыздан қарастырып, әрекет етіп те жатырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі, “ҚазАгроИнновация” АҚ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен 2010 жылы қарашаның 5-ші жұлдызында Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында «Мақтаарал» білім тарату орталығы ашылды. Орталықта қазірдің өзінде бекітілген жоспар бойынша 7 ғылыми-практикалық оқу-семинарлар өткізіліп 143 шаруа-диқан дәріс алды.
Орталықтардың білім беру жоспарлары мен бағдарламалары өндірушілердің мүдделеріне қарай бағдарланған. Консультанттар, жаттықтырушылар және лекторлар ретінде Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары мен басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары қатыстырылуда. Бұл іс-шарадан бөлек институт ғалымдары облыстағы мақта және басқа да ауылшаруашылық дақылдарын егумен айналысатын аудандардағы қысқы агро-оқу мен семинарларға белсендi түрде қатысып отырады. Мақта саласындағы соңғы технологиялық жетістіктермен таныстырылады.
Мақта шаруашылығы саласындағы тағы бір үлкен проблема осы өнімді өндірумен шұғылданатын шаруашылықтардың шектен тыс ұсақталып кеткендігі болып отыр. Мәселен, біздің өңірдегі әрбір шаруа қожалығының мақталық жері орта есеппен 4,3-4,5 гектардан ғана айналады. Мұндай жағдайда жаңа технология, жаңа сорт, басқа да инновациялық жаңалықтарды ендіру өте қиынға соғады. Демек, алдағы уақытта олардың басын біріктіріп, ұжымдаса әрекет етуінің жолын табуымыз қажет.
Сонымен, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында еліміздің оңтүстігіндегі қыруар халықтың тіршілігінің негізгі көзі болып отырған, сондықтан ақ алтын аталып кеткен шитті мақта өндірісі енді шикізаттық шылаудан шығып, бірте-бірте өнеркәсіптік, индустриялық-инновациялық даму бағытына қарай түсіп келеді. Әрі мақта сапасының да артып келе жатқандығы анық. Жекешелендіру барысында өз тіршілігін ретке келтіріп, бүгінгі таңда жақсы жетістіктерге жетіп жүрген мақта өндіруші шаруашылықтар облыста жеткілікті.
Енді сол фермерлердің жұмыстарының тиімділігін арттырып, оның экспорттық әлеуетін көтеру қажет. Бұл проблемаларды шешіп, ауыл экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін озық технологияларды өндіріске енгізу, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды іске қосу, жеке шаруаларды мемлекеттік қолдауды жалғастыру және майда шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстарын қадағалап жүргізу қажет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.