• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 13 Ақпан, 2018

Әлібек Қаңтарбаев, жазушы: Ұлтшылдығымыз үшін тоқпақ та жедік, жүрегімізге ота да жасаттық

1680 рет
көрсетілді

– Әлібек Қалиұлы, Сіз соңғы бірер жыл көлемінде Жазушылар Одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалына жетекшілік етіп келесіз. Өңірдегі ақын-жазушылардың нені жазып, нені жаза алмай жүргені де өзіңізге мәлім. Әңгімеміздің әлқиссасын аймақтағы қалам иелерінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастағанымыз орынды секілді...

-Дұрыс-ақ. Алайда, әңгімемізді өңірдегі шығармашылықпен айналысып жүрген жанкештілердің күлді-көмеш тірлігінен емес, жалпы Қазақстандағы Жазушылар Одағы дейтін аты бар да, заты осыдан ширек ғасыр бұрын келместің қайығына отырып, тұманды көкжиекке сіңіп кеткен қасіретті кезеңнен бастағанымыз жөн шығар. Біздің сонау бала кезімізде, бертініректегі желкөкірек жастық шағымызда Жазушылар Одағы, жазушы деген атаудың өзі абырой мен даңқтың, бет-бедел мен ар-ожданның керемет  үлгісіндей көрінетін. Қалың жұрт жазушыға аса бір кие құрметпен, әулие ізетпен қарайтын. Алматыдағы Жазушылар Одағы ғимараты кепештігіндегі  қызыл жалау Алатау шыңдарымен бәсекеге түсіп, ойхой, несін айтасың, Күнге ұялғаннан күлімсіреп, Айға қарап ашықтан-ашық түкіріп тұрған шақтар кеше ғана емес пе еді. Жазушылардың да ішіп-жемі алдында, ішпегені тағы бір жықпылда, қаламақы деген өзен боп сарқырап, Одақты қойып, кез келген қызыл тулы шетелдің курорты мен демалыс орындарына жолдамаларды кертіп алып, келіншектерін ертіп алып сайран салғандары өтірік пе? Айта алмайсыз. Айта алмайтыныңыз – осылардың барлығы да қиял-ғажайып ертегісі емес, кәдуілгі өмірде болған жайттар еді. Сонан кейін бе... сонан кейін бақ қайтты, базар тарқады. Күйіс кетті, кепиет атты. Уақыт озды, заман тозды. Кешегі күні табалдырығынан әулиелер аттаған, төрінде ұлтымыздың абыздары төрелік соққан киелі шаңырақтың киесі қайда бүгін?!... Кейбіреулер Одақтың күйісі кету себебін Үкіметке жапқысы келеді: экономикалық  дағдарыс кезеңінде Одақты қорғамады, желдің өтіне, даудың бетіне тастады, ұлттық идеологиясы екінші қатарға ысырылған мемлекетке қаламгер-идеологтардың қажеті болмады, т.б. Мүмкін, дегенмен басты себеп бірлік пен берекенің кетуінде жатқандығын пенделерден жасырғанмен, Алладан жасыра алмайтын шығармыз. Әрине, өз-өздері қырық пышақ боп, жік-жікке бөлініп от басы, ошақ қасының күлді-көмеш өсек-аяңын үлкен шаруаға балап, қандала-тірлікке көшкен ұжымның аяқ алысын көрген билік қиыс қарамағанда қайтеді?! Жоспарлы жұмыс жайына қалды, өңірлердігі бөлімшелер тағдыр талқысына тасталды. Береке-бірлік кеткен кезде арамзалар мен аярлардың асығы алшысынан түсетіні белгілі: қарға – қыранға, сауысқан – сұңқарға айналды, түн баласында жалпылдап ұшар жарғанаттардың топаны молайды, қара танитын он қазақтың тоғызы кітап жазды, бұрындары көркемдік кеңестің рұқсатынсыз кітап басуға құқы жоқ баспалар жырғады да қалды, әй, не қыласың, нағыз сен іш, мен іш майшелпек заман келді...

Тірлік осы. Жазушылар Одағына ұлы төңкеріс қажет. Әйтпесе, ары қарай мүмкін емес. Ал Төр Алтай не заманнан таланттылардан қаражаяу емес екендігін алты алаш біледі.    

Әдебиетке тым кеш келдім

– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында руханиятқа, өнерге, елге, жерге қатысты талай дүниелерді айтқаны белгілі. Әсіресе екі дүниеге ерекше тоқталды. «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай да жаңғыру болмайды, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің керітартпа тұстарынан бас тарту керек», - деді. Осы ретте қоғамның қозғаушы күші, тамыршысы саналатын зиялы қауым өкілдеріне, ақын-жазушыларға да жүктелер жауапкершілік жүгі салмақты. Сіздіңше, «Рухани жаңғыруға» олар қалайша үлес қосуы керек? «Рухани жаңғыруды» айтыс, мүшәйра өткізумен, ескерткіштер ашумен шектеп тастаған жоқпыз ба?

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы түсінген, тереңіне бойлаған адамға үлкен міндеттер жүктейтін дүние. Әрине, сәл ертерек қолға алған күнде бармақ шайнауымыз бен әттеңдеріміздің топаны да аз, бірер уайымымыз да кемдеу болар ма еді, қайтер еді. Мейлі, «ештен де кеш жақсы». Ұлттық мәдениет дегенде жат жұрттықтарға көрсетер, ұрпағымызға аманаттар салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз, өнеріміз бен әдебиетіміз, ұлтымыздың табиғи ізгілігі мен имандылық болмысы ең алдымен тілге оралары шындық. Әрине, сан ғасырлық бодандық, тәуелсіздікпен ере келген әлеуметтік жүдеушілік, аш-арық, көтерем кезең,  жан-жағымыздан албастыдай бүрген жаһандану біраз құндылықтарымызды жым-жылас жұтып қойды. Махамбетшілесек, «тамағында қылқаны да қалған жоқ». Бодандық ең алдымен рухымызға тісін оңдырмай батырыпты: құлдық таным мен құлдық түсінік қанымызға сіңгені соншалық, жаңа ғасырда туған ұрпақтарымыздың өздері дастархан басында төңірегіне үреймен жалтақтап отыратынын қайтерсің. «Боданнан құл туады, құлдан жетесіз ұл туады» деген рас шығар. Тіліміз бен діліміз, дәстүріміз бен ғұрпымыз көкпар-серкешке, қазақтың төл өнері не батыс, не шығыс емес, әйтеуір бір дүбәрә дүниеге айналды. Әдебиетіміздің тірлігін басында айтып кеткенмін. Міне, осындай кереғарлықты көріп-біліп отырған Елбасы өз ұлтына ашынбағанда, ашылмағанда қайтеді?! Қайталап айтамын: Қазаққа! Мақаланың тек қазақша жазылуы да соны меңзейді. Ал «Рухани жаңғыруды» қалай қабылдап, қалай түсініп, қалай жүзеге асырып жатырмыз, бұл өзі бір жағынан қызық, бір жағынан шыжық әңгіме. Біраз татымды дүниелер қолға алынып, жүзеге асырылып жатқаны рас та шығар. Тек жиналыстармен ғана «жаңғырып», іле-шала мәңгіріп, дөйдалаға қаңғырып жатқандар қаншама. Әдебиет төңірегінен мен әлі соны өзгерістерді байқай алмай жүрмін. Ал жаңағы өзің айтқан айтыс, мүшәйра өткізуден «Рухани жаңғыру» еш зиян көрмейді. Айтыс ақындары асаулау, өркеуделеу, «бұзықтау» келеді, сондықтан оқыс та батыл ойлар, идеялар солардан шығады. Жұртымыздың: «Тентектің бір аяғы сегіз, бір аяғы тоғыз» деп, айқұлақтарға адвокат боп жататыны сондықтан. Қазақ үшін айтыс -  идеология мінбері, қалғып кеткен ел рухын қамшылайтын он екі таспа бұзаутіс!

– Жазушысыз, ақынсыз, журналиссіз. Драма жанрының жалына да жармасып көрдіңіз. Алайда Шерағаң айтпақшы, сіздің «бір кем дүниеңіз», өкінішіңіз десек те болатын шығар, нағыз бұрқыратып жазатын, шабыттың шаңын қағатын шағыңызды ауылда, мектепте қалдырып, біраз уақытыңызды жоғалтып алған секілдісіз.

– Мына қу тірліктегі кем дүниені есепке алып, шотын қағыстыратын болсақ, бірді қойып қолымыздағы он саусағымыз тентіреп, тезек теріп кетері рас. Өкініштеріміз бен өксіктерімізді, бармақ шайнап қан түкірген шақтарымызды еске алып, санамызды «қағып-сілкудің» өзі жүйкемізге біраз жүк артып кететіні тағы да шындық. Менің табиғатым былай: мендегі сағыныш сезімі ерекше. Балалығым мен желбір жастығымды үзіле, үздіге сағынамын. Алайда, өксікті шақтарымды жаңғыртуды ұнатпаймын. Топаны тым мол болғандығынан шығар. Әйтеуір сұраған екенсің, ең бастыларына тоқтала кетейін. Шығармашылық басты мұратым еді, алайда әдебиетке тым кеш келдім. Әкеме балалығыммен қоштаспай жатып топырақ салдым. Сол кісінің қамқорлығынан қағылу - менің қалған ғұмырыма, тағдырыма үстемдігін жүргізді. Ұл балаға әке сәби кезінде емес, жігіт болған шағында ауадай қажет көрінеді. Соны ұқтырды өмір. Жоғарғы оқу орнын бітіре сала, есігі мен үшін айқара ашық тұрған шығармашылық ортаға саналы түрде кіре алмадым. Ауылға қайттым. Жанұямыздағы әкесіз қалған он бір балаға, жесірліктің жұлқа-жұлқа, қап-қара шәлісін жамылып ықылық атқан анама  қанатымен су таситын қарлығаш сынды көмектесуім керек еді. Парызым болатын. Бес-он жылдан соң әдеби ортаға оралармын деген үміт-арманым бедеу қалды: Төр Алтайдың қойнау-қолатындағы көтерем ауылдарды шиырлап ширек ғасыр жүріп қалғаным – жеке басымның емес, шығармашылығымның  трагедиясы. Менің от шайнап, жалын бүріккен, нағыз жазатын шақтарымды іздеген жан, оларды Катонқарағайдың жықпыл-жықпылындағы жүдеу мектептердің табалдырығынан теріп алатыны ақиқат...       

– Қазір не жазып жатырсыз?

– Мақтана алатындай дүние жоқ. Ұсақ-түйек. Оның үстіне «Бергенімнен берерім көп» деп сынықситын, көлгірситіндей жаста да емеспін. Мен негізінен прозашы болсам да, көркем әдебиеттің барлық жанрларына қармақ салып көрген жанмын. Жарылқап тастадым деуден аулақпын, әрине. Жас кезде поэзия қызық секілді көрінген. Әрине, біздің жас кезіміздегі қазақ поэзиясы жалына қол тигізбей, ауыздығымен алысып, көк пен жердің арасын шаңдатып тұрды. Ол - Мұқағали, Қадыр, Жұмекен, Төлеген сынды азу тістері қарағайдай шайырлар бейнесінде көрініс тапқан. Төрде «Мен қазақпын...» деп Жұбан көкеміз көш жалауын шалқытып отырды. Жалпы, өткен ғасырдың екінші жартысы көркем әдебиеттің нағыз өзегі от пен жалын, демі өртті, жұмағи жылдары екен-ау. Прозамыздың да толысқан, өскен кезі, басқа ұлттардың әдебиетімен бойы да, ойы да тайталасқа түсе бастаған шағы – сол кезең. Айтты не, қойды не, бәрі қазір сағыныш...    

Қазақтың көз жасынан көл жасауға болатын шығар...

– Әдебиет жайындағы бір толғамыңызда қазіргі сынымыз өзінің негізгі міндетін ұмытып, іштарлық пен мерездік дертіне шалдыққанын, әлдекімдердің қас қабағына қарап қызмет жасауға бағыт алғанын, Тәуелсіздіктен кейін он қазақтың тоғызы ақын боп кеткенін, поэзиямыздың да қадірі қашып тұрғанына өкініш білдіріпсіз. «Тыңдап отырып, көріп отырып, өзіңнен өзің шашыңды жұлып өкіріп отырып жылағың, қасқыр боп ұлып мынау сұрақсыз дүниеден безіп кеткің келеді» депсіз. Неге сонша түңілдіңіз?

– Сынымыздың кетеуі баяғыда кеткен. Мен бағана сөз еткен бодандық, құлдық санадағы сыншыдан тәуір дүние дәмету – абсурд. Бұл ес-ақылы дұрыс сыншылар әдебиетімізде жоқ, қазақ әдебиетінің сын қазаны қаңсып жатыр деген сөз емес. Сын айта алатын, шын айта алатындар, әсіресе, жастар арасында баршылық. Өсіп келеді. Десек те әлгі шындықтың жарық көруі қиямет. Қазір бір жас сыншы көкелерінің біреуіне, оның бір татымсыз шығармасына шын сын айтып көрсінші, ертеңінде-ақ әкесіне танытады. Оны ешкім қорғамайды. Жазушылар Одағынан қайыр шамалы: жік-жікке бөлініп алған, өз «қызықтары» өздерінде. Сондықтан, ертеңгі таңнан үміті бар есті сыншы «артын қысып, бай болу» жолын таңдайды. Қазіргі таңдағы қазақтың көркем әдеби сыны тек көре алмаушылық пен іштарлықтың, анау жаман, мен жақсы дейтіндей өзін-өзі дәріптеудің мінбері сынды. Сол үшін Қазақстан Жазушылар Одағына түбегейлі реформа қажет. Сонда барып біздің әдебиетіміз де, сынымыз да оңалады. Сонда барып біздер әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына ілінеміз. Рух жаңғырмай әлеуметтік, экономикалық деңгейіміз жалғанда көтерілмейді. Рухани жаңғыруды, қағынып-сілкінуді Жазушылар Одағынан бастау керек. Неге десеңіз, ұлт рухының биік болуы да, көтерем күй кешуі де қалам ұстап отырған талантты ұл-қыздарының қолында. Болашаққа ұлт жайлы, мемлекет жайлы, оның белгілі бір кезеңдегі көңіл күйі, аш-тоқтығы жайлы мұрағат-хаттаманы да қалдыратын – қаламгерлер. Сондықтан да мемлекеттік бюджеттен «Рухани жаңғыруға» деп бөлінетін қаржының басым бөлігі облыс, аудан әкімдіктерінде өтіп жатқан бей-берекет, басы бар да аяғы жоқ қалғып-мүлгіген жиындарға емес, Жазушылар Одағын жаңғыртуға бағытталса, нұр үстіне нұр болар еді.   

– Шығыстағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы облыстық «Дидар» газетінде қызмет етіп жүргенде «Қазақ балалары дәретханада оқып жатыр» деп алаңдап мақала жазып, ол мақала үлкен резонанс туғызып, кейін бұл мәселе оң шешімін тапқанын білеміз. Ол кезде (2009 жылы – А.Қ) Өскеменде бар болғаны үш балабақша мен төрт мектеп қазақ тілінде дәріс беріпті. Қазір Құдайға шүкір Өскеменде қазақ мектептерінің жетіспеушілігі мәселесі біржола болмаса да біршама шешілген секілді. Алайда облыс орталығында, өңірде ономастика мәселесінің түйіні тарқамай отырғаны белгілі. Өскеменде Кировтың, Зырянда Ленин ескерткіштерінің әлі күнге қасқайып тұрғаны Сізді алаңдатпай ма?

– Жалпы, Қазақстандағы қалалар кезінде қазақтар үшін салынбаған  ғой. Өскемен де солай. Онда сол кездегі түсінік бойынша қазақ мектептерінің болуы аса өрескелдік, ұятсыздық, мәдениетсіздік болып саналған. Сол кезеңнен қалған сыз, салқындық, суық қабақтың зәрі әлі сынбай тұр. Қала қазақтарға қабағын ашқан жоқ. Өскеменнің көшесі де, мекемелері де, бәрі-бәрі әлі күнге орысша сөйлейді. Қазақ: «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» демей ме. Қалыптасады екенсің, қалыптастырады екен. Өңірде қазақ руханиятын ояту үшін білекті сыбанып, балақты түрініп қаншама жыл алыстық. Жаңағы өзің айтып отырған «Дидар» газетінде жүрген шақтарда ұлтшылдығымыз үшін тоқпақ та жедік, шекеміз де істі, жүрегімізге ота да жасаттық. Сапарбаев әкім болып алғаш келе қалған кезде әкеміз тірілгендей қуандық. Ол азаматпен бірге Өскеменге қазақы рух келді, алаш келді. Қазақ мектептерінің бейшара, көтерем күйін көрген әкім шындықты шырылдатып жазыңдар деді. Шырылдатып емес, бақыртып -  шақыртып жаздық. Бір аптаның ішінде облыстық білім басқармасының бастығы қызметімен қоштасты. Сонда «Құдай-ау, қазаққа да иідің бе?!» деп  көзіме жас алғам. Іле-шала біздерді: «Қаладағы славян тектес халықтарды қуғындап жатыр» деп, Путинге дейін жазуды ұйымдастырды Өскеменнің кірмелері... Өскеменде Кировтың, Зырянда Лениннің ескерткіші тұрғаны да рас. Өскемен көшелерінің 90 пайызы орысша, көпшілігі кешегі күні қазақты қойша бауыздаған, алаш ардақтыларын атқан, асқан, шапқан қандықол большевиктердің атында екендігін де ел біледі. Өткен жылдың басынан бастап облыс басшылығына, оның ономастикалық комиссиясына ауызша да, жазбаша да: «Әкетайлар, көкетайлар! Алаштың астанасы осы біздің шығыста, Семейде еді. Мынау 100 жылдығы қарсаңында оларға алтынмен аптап, күміспен күптеп ескерткіш орнатпай-ақ қойыңдар. Тек солардың қанын ішкен жауыздардан көше атауларын тазалап беріңдерші!» деп құдайдың зарын қылдым. Біріне-бірі сілтесті: облыс қалаға, қала тілдерді дамыту деген арбаның бесінші доңғалағы сынды басқармаға, ал олар өз кезектерінде: «Көше атауларын өзгертуге мораторий жарияланған облыста» десіп, ауыздарын шіріген шөппен сүртісті. Егерәки атауларды орысша қою керек бола қалса, әлгі мораторий лып етіп ашыла қалады да, қазақшаға келгенде қақпасын тарс бекітіп ала қояды. Бүгінгі Өскеменде бір ғана проблема бар, ол – қазақ проблемасы. Қазақ деген, қазақша атау керек деген сөз – өңір бойынша аса қауіпті де қатерлі сөз. Жау шапты дегенмен бірдей. Оны айтып жүрген адам сүйкімсіз. Осылардың барлығы жиналып келгенде жүйкеңізді шүйкедей түтеді. Шаршатады. Титықтатады. Орджоникидзе, Дзержинский, Киров, Калинин... кім деп сұраған немере-шөберелеріне не деп жауап берерін білмей, Өскемен қазақтары пұшайман! Тәуелсіздікке дейінгі кем-кетігімізді, жыртық-тесігімізді, бей-берекет тірлігімізді отаршыларға жауып сүттен ақ, судан таза бола қалушы едік, енді кімге жабарымызды, есесін кімнен аларымызды білмей алақтап отырғанымыз мынау...  

– «Әкемнің замандастары әртістер еді, өмір бойы массовкада ойнады: партия – режиссердің ернінің емеурінімен, көзінің қиығымен жүгірді, ой, сана еркіндігі деген болған жоқ» деп жазыпсыз. Сіздің, біздің замандастарымыз ше? Олар да әртіс пе?

– Мынау монданақтай Жердің бетіндегі барлық пенделер «Тірлік» атты спектакльде ойнап жүр. Көпшілігі массовкада, бірен-сарандары басты рөлдерде. Бәріміз де әртіспіз. Десек те көптеген қойылымдардың сценарийі де, режиссурасы да басты рөлдегі әртістің қолында болуы – қауіп. Ең басты қағида сонда, биліктің жаңғырығына айналып кетпеу керек. Ой, сана еркіндігіне ұмтылу шарт. Өткен ғасырлар  қазаққа тым суық қарағаны рас. Ең қандықолы 20 ғасыр болды: әрбір жеті-сегіз жыл сайын қазақты ойсырата қырып салып отырды. Жоқ, біздің халықтың бақытты болуға толық қақысы бар. Қашанғы жылап, еңірейді? Қазақтың көз жасынан алапат үлкен көл жасауға болатын шығар...  

Әртіс демекші... Өткен ғасырда, атап айтсақ 1948 жылдары американдық саясаткер Аллен Даллес: «Коммунистер жайлаған жұртты алатайдай бүлдіру – мұрат. Олардың басы істейтіндерін, ұлты үшін, жұрты үшін қарақан басын бәйгеге тігетіндерінің сөздерін де, өздерін де мазаққа айналдырып, адами моральға жат әрекеттерді, жеңіл-желпі, ойсыз тірлікті насихаттауымыз қажет. Сол насихатпен шұғылданатындардың абыройын арттырып, үлгі етуіміз шарт...» деген көрінеді. Қазір сол саясаткердің айтқандарын бұлжытпай орындап жатқан сыңайлымыз. Теледидар бағдарламалары толған ән мен жыр, дарақы күлкі, дарақышылардың шеруі, ойсыз-толғақсыз әңгіме, соры қайнап, сорпасы төгілген, аяусыз бүлінген қазақтың тілі...  Соларды үлгі етіп, солардан жұлдыз, тұлға жасап жатырмыз. Ертеректе балалардан кім боласың дегенде: «Жазушы, ұстаз, инженер, дәрігер, ғалым боламын» дейтін бірауыздан. Қазір сұрап көріңізші. Қабатов боламын, Нұрлан Қоянбаев, Қайрат Нұртас боламын деседі. Неге? Біріншіден: жоғарыда тізбеленген мамандықтардың қадірін ит тартқан тулақтай еттік. Екіншіден, ертеңді-кеш көретіндері жаңағы көкелері. Ертеңді-кеш тамашалайтындары – шетелдің арзанқол, түкке татығысыз фильмдері. Орыс тілді мультиктер. Ертеңді-кеш насихатталатын – жеңіл өмір, толғақсыз қылжақ, балақ қалжың, ышқыр әжуа... Жасөспірім әлгілерді алаштың тұлғасы, өнердің қол жетпес шыңдары ретінде қабылдауға мәжбүр. Қазақ қайда барады, ертеңгі ертегі күндерді кім жасайды, ол үшін еліміз бен жерімізге не қызмет жасауымыз қажет, мамандықтардың анасы былай, мынасы алай деп жіліктеу, т.б. әдірем қалған. Бейне мәңгі билеп жүретін Үнді елі сынды ән мен жыр, қылжақ пен дарақылықты мұрат тұтқан ыржақайлар мемлекетіне айналып кеткендейміз... Бұл – қасірет!  

Оралхан Әулие екен, шал болған жоқ

– Түбі бір түркі жұртының атамекені болған төр Алтайдың тумасысыз. Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхановпен, Әлібек Асқаровпен бір мектепте оқыдыңыз. Қара сөздің хас шебері Қалихан Ысқақтың ауылдас інісісіз. Әуелі Қалағаң, арада көп уақыт өтпей Дидағаң дүние салғанда: «Төр Алтай Алатауға Қал­ағаңды да, Оралханды да, Дидахметті де кеуделері арманға, жүректері жалынға толы күйлерінде аттандырған еді, енді, міне, елге құрыш табытпен оралтып жатыр. Бұдан асқан қасірет бар ма?..» деп күңірене жоқтағаныңыз есімізде. Ал Дидағаң Сіз жайында: «Ат басын Алтайға бұрған сайын әсте Әлібек ағама жолықпай кеткен кезім жоқ шығар. Жолығу деген жай сөз, арнайы іздеп барамын, қай қиырда жүрсе де тауып аламын. Түстенген боп келемін, түнеп қаламын. Қоңыр әңгімемен қоңыр кешті батырамыз, сарытапты сырмен сары таңды атырамыз. Сондай сәттерде, Мұқағали айтқан, «сайқал қаланың» сайқымазақ тірлігінен әбден мезі боп келген мен аңқылдаған аға алдында бір жасап қалушы едім» деп тебірене естелік жазыпты. Асқар Алтайдың бауырынан қанат қағып, ана дүниеге тым-тым ерте кеткен аға-інілеріңізді сағынбайсыз ба?

– Сағыныш... Сағыну деген сөз менің оларға деген сезімдерімді, қайтара көруге деген құштарлықтарымды бейнелеп беруге құдіреті жетпей ме деп отырмын. Өмірдің тек өкініштер мен сағыныштардан тұратыны әлмисақтан белгілі. Жалпы, өзіңді-өзің сабырға шақыру үшін өмірге философиялық көзқараспен қарау орынды. Жаңа өзің тізбелеген, Төр Алтайдың бауырында дүниеге келіп, бойларына Аллатағала дарытқан ерек дарындарымен алаштың біртуарларына айналған азаматтардың барлығы да менің рухани жақындарым. Бақи көшін Оралхан бастады. Тым ерте. Елуге ілінер-ілінбесте. Мұзтаудың етегінде кіндігі қиылған ұлдың шыбындай жаны пыр етіп Гималайда ұшып кеткені – кездейсоқтық па?! Орекең қазақ журналистикасында да, көркем әдебиетінде де төңкеріс жасаған, құбылысқа айналған қаламгер. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының оқырмандары  романтиктер болатын. «Құланның қашуына – мылтықтың басуы», бұл талап-тілек Орекеңнің оңтайына әбден келді. Бұрқыратты. Қалихан көкем қазақтың көркем әрі шұрайлы тілінің эталонына айналды. Өзіммен аттас інім Асқаров – бүгінгі қазақ прозасының алдыңғы қатардағы өкілі, әдебиетіміздің бауырын сыздан көтере алмай жатқан сафари жанрын әлемдік деңгейге көтерді. Мен үшін Дидахметтің орны тым бөлек еді: титімдей кезден артымнан ерген, қарақос-интернаттың қара нанын бөліп жеген бауырым еді. Өткір еді, ой-танымы тым ұшқыр еді. Оралхан, Қалихандар бір апта ойланып, шешімін таба алмай отыратын сұрақтың жауабын Дүйкеш қолма-қол күміс табақпен алдымызға тартатын. Амал қанша...

Мен саған бір шыжық айтайын ба?! Қазір біздің әдебиетте кеуделеріне нан піскен, халқының бастан сыйпағанын көтере алмай болдым, толдым, маған не айтсам да орынды дейтіндей көркеуде, еркетотай қаламгер-сыншылар пайда бола бастады. Оларды еркелетіп жіберген де, енді биік тақтан түсіре алмай күшеніп жүрген де өзіміз. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Солардың біреуі аруақ-қаламгерлердің  шығармашылығына батпақ лақтыру тактикасын шығарыпты. Соның Оралхан анандай екен, Қалихан мынадай екен дегендей шатпырақ-сынын баспасөзден оқимын да: «Егерәки мықты екен, солардың тірісінде неге ғана көздеріне айтпаған. Аруақпен алысу ұлтымыздың болмысында жоқ үрдіс еді. Жазушыларға ендігі жетпегені осы еді!» деп күйзелемін-ай! Міне, біздерден осындай «кереметтер» шығып жатыр қазір.    

– Оралхан Бөкей жайындағы «Біз шал болмайтын шығармыз осы...» атты реквиеміңізде жазушы турасында естелік айтушылардың көбі «Алтайдың ақиығы еді», «Мұзтаудың мұзбалағы болатын» деген эпитеттер мен метафоралардың төңірегінен аса алмай жүргеніне қынжылып, өмірдегі пенде Оралхан мен жазушы-кемеңгер Бөкеевтің мүлдем екі бөлек адам болғандығын жазыпсыз.

– Оралхан екеуіміз бір мектепте оқыдық. Біраз үлкендігі болса да Орекең менен екі-ақ класс жоғары оқыды. Тым қиялшыл болатын. Оралханды Оралхан еткен, аса биікке көтерген – табиғи дарыны. Неге бұлай деп отырмын? Себеп мынада: кейбіреулер көп оқиды, ізденеді. Сол ізденістің, талпынудың, қиямет-еңбекқорлықтың нәтижесінде дүниеге шығармалар әкеледі. Ал кейбіреулерді қанымен берілген дарыны жарқ еткізіп шыңға бірақ шығарады. Орекең осы екінші топтан болатын. Ол өзін-өзі тауып алған, Алласы берген қасиетін мейлінше жарқырата ашқан жазушы. Жарқ етті де, оқыс ағып түсті. Әдемі де жұмбақ сурет! Орекең де осындай әсіре жарқылды, әсіре жұмбақтықты мейлінше ұнататын. Жас кеткені болмаса, Оралхан Бөкеевтің екі дүниеде де арманы жоқ меніңше. Жас кетті дейміз, ал, мыжып сексенге келсін дейік. Бәрібір, абырой-танымалдылығы кемімесе, асып кетпейтін еді. Сексенннен кейін сезімге шабатын, оқырманын айран-асыр ететін шығарма жазамын деу – әбестік. Мәселе ғұмырдың ащы ішектей созылып жатуында емес, мәнділігінде. Ұлтыңның әжетіне жарайтындай дүниелеріңді айтып, тасқа басып үлгеруіңде. Кейбіреулер Оралханды тым өркеуде, әсіре кербез, тым астам десіп жатады. Кім білсін. Алайда, мен білетін шын өмірдегі шынайы Оралхан Бөкей әсіре қарапайым еді. Тіпті, бала-шағаның өзімен әңгіме-дүкен құрып сағаттап отыра беретін. Кірпияздықты орнымен пайдаланатын. Әртіс болатын. Пародияны әкесіне танытатын. Қысқасы, сегіз қырлы еді: әгерәки Орекең жазушы болмай әртіс болып кетті бар ғой, одан аса талантты әртіс шығушы еді деп, бәс тігісуге бармын. Оның бала кезінде Алтайдың кепештігіне қарап тұрып: «Әй, осы біз шал болмайтын шығармыз, ей!» деп саңқ ете қалатыны бар еді. Әулие екен. Шал болған жоқ. Мәңгі жас бейнесінде қалды. Ол -  мұратына жеткен қаламгер!

–​​​​​​​ Алтайды жырына қоспаған ақын, тақырыбына арқау етпеген жазушы жоқ шығар, сірә?! Алтайды әркім өзінше қабылдайды, өзінше көреді. «Алтайда туу бақыт екен. Егерәки Оралда туып қоймасам, міндетті түрде Алтайға тапсырыс берер ем» депті сізге берген сұхбатында жарықтық Қадыр Мырза Әли ағамыз. Ал Сіздің көңіліңіздегі Алтай қандай? Алтай сіз үшін несімен қымбат?

– Қадыр ағамыздың шынында да Алтайға тұңғыш әрі соңғы сапары екен-ау. Асқаров інісіне қолқа салған ғой. Бір апта Төр Алтайдың сай-саласын, қойнау-қолатын армансыз араладық. Армансыз сұхбат құрдық. Ұзақ сапарда жолбасшысына еш салмақ түсірмейтін, аса құнды да қызықты әңгімелерімен шақырымдарды шалымға келтірмей шетіп отыратын Қадекеңдей қолайлы, жайлы адамды табу, әй, енді қиын шығар! Алтайдың көктің түндігін тіреген шамкөс шыңы Мұзтаудың иегіндегі «Тәңірсуы» атты (оны «Рахман қайнары» дейді қазіргілер) шипажайда қоналқы жасадық. Ағамыздың қан қысымы шапшып, қатты қорқытты. Түн ортасына қарамай етекке түсіп кетейік дедім. Көнбеді.

–​​​​​​​ Аға, Алаштың бетке ұстар ақыны Төр Алтайда алай-бұлай боп кетсе, ертеңгі күні қолдарынан шашақты найзалары түспейтін Кіші жүздің азаматтары: «Аруақтымызға Наймандар қастандық жасады» деуден тайынбас. Қайталық,- деп құдайдың зарын қылдым. Көкем өз дегенінде тұрды. Аман-есен таңды атырдық. Сол жолы ғой әлгі афоризмді айтатыны. Ғұмыр жетсе Алтай туралы, оның жақсы адамдары жайлы керемет бір шығарма жазамын деп еді. Ғұмыры жетпеді. Әттең дедік. Қаншама қимастарымыздан айырылдық...

Қазақстанның ғажап бір пұшпағы Катонқарағайда туу – мақтанышым! Жер бетіндегі қыз-табиғат – Төр Алтайда! Катонқарағай – Алтайдың төрі! Алтай – көктің түндігі! Алтай – кілең бір сен тұр, мен атайын дейтіндей хас таланттардың, алдаспан жүзді қайсарлардың, өлермен жанкештілердің мекені. Онда сүйегің қалу шарт емес. Туу – бақыт!    

-Тұщымды әңгімеңіз үшін алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН