• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Ақпан, 2018

«Тәуелсіздік дәуірі». Ел табысын екшеген туынды

622 рет
көрсетілді

Қолымда Елбасының «Тәуел­сіз­дік дәуірі» атты жаңа кітабы. Әр бетін баппен парақтап, ондағы Елбасы қаламынан туған тың ойлар мен тұжырымдарға көзімді жүгірте бастадым.

Әу баста, көңілді елегізткен көп сұрақ бірден бірге қалыңдап, санам­ды сан-саққа жүгірткені анық. Тәуелсіздік жылдары елі­міз қандай белестерден өтті? Ішкі, сыртқы саясатты қалай жүзе­ге асырды? Қиындықтарды қалай еңсерді? Осындай сұрақ­тар­дың жауабын кітаптың соң­ғы бетін жапқанда таптым. Төрт бөлімнен тұратын кітапта елі­міз­­дің Тәуелсіздік жылдарында кездескен қиындығы мен оны жеңген салиқалы жобалар, ке­ше­гі жағдай мен бүгінгі төрт түлі­гін түгендеген кезеңі егжей-тег­жейлі жазылған. «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бер­дік», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Жаңа эконо­ми­каға батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мызғымас басымдықтары» атты бө­лім­дерде заманауи қуатты мем­лекет құру, халықаралық дә­ре­жеде мойындалған нақты ше­кара, ұлтаралық және конфес­сияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ ала­ңының жабылуы, нарықтық эко­номикаға өту, ұлттық валюта, жаңа елордамыз – Астананы салу, қуатты әрі заманауи Қару­лы Күштеріміздің құрылуы, кең көлемдегі инновациялық ин­дус­трия­ландыру, әлеуметтік жаң­ғыру сынды егемен еліміздің ны­са­налы істері толықтай қам­тыл­ған.

Әрине, өзің өмір сүріп жатқан кезеңге тарихи тұрғыда баға беру оңай емес. Дегенмен, осы жылдар аясында елімізде ғасырға бергісіз жаңалықтар болды деп айта аламыз. Ұлыбританиялық саясаткер Джонантон Айткеннің «Назарбаев және Қазақстанның дүниеге келуі: «коммунизмнен – ка­питализмге» деген кітабында: «Дүние­дегі саяси лидерлер ма­ңай­ына ауа райын жасай бі­леді. Маңайына жарқыраған шуақ шашсын я болмаса нөсер әкелсін, әйтеуір, өзінше ауа райын туғызған лидерлер тегін болмайды. Олар туралы жазу да, оқу да қызық. Мен айтсам: өзі­нің саяси өмірін Кеннеди мен Хрущевтан бастап, осы күн­гі Обама және Путинмен бір бой­лықта қажыр-қайрат танытып жүрген ел басшылары некен-саяқ. Өмір баспалдағы өнеге бас­палдағына айналған адам ре­тінде Назарбаев оқырманды қат­ты қызықтырады» – деп тамсануы орынды. Президенттің осын­дай жанқияр еңбегін айта бер­сең таусылмайды. Ол жас Қазақ­станның аз уақыттың ішін­де әлемнің маң­дай алды елде­рі­нің біріне айналуына жол ашты.

Бұл үлкен еңбек, Елбасының қаламынан туындаған құнды шығарма. Сол төрт бөлімнің әр бетін парақтап, әр сөйлемін оқы­ған адам өзінің тәуелсіздік жыл­дарындағы жеткен жетіс­тігін, өсу барысын тауып алатыны анық. Кітаптың алғашқы пара­ғы­нан бастап, соңына жеткенге дейін мен де өзімнің соңғы он жыл­да басып өткен жолымды, көр­генім мен түйгенім, жеткен жетістігім мен шыққан биігім­ді көз алдымнан өткізіп отырдым. Әлі есімде, осыдан он үш жылдың алдында жалғыз сөм­ке­мді сүйрелеп, шекарадан имене өтіп, тұңғиық бір әлемге еніп келе жатқан едім. Ол кезде алдағы болашағым туралы ойлаудан да қорқатынмын. «Тәуекел деген жел қайық өте­сің де, кетесің» деген жүректі жы­лыт­қан сенім ғана бар бола­тын. Оның бәрін тізбелеп жа­тудың керегі де шамалы. Ең бастысы, басқалармен еңсемді тең ұстап, еселене еңбек етуге мүмкіндік мол болды. Елбасы кітабының әр тұсында айтылған ел дамуы үшін қолға алынған салиқалы сая­сат, сарабдал бастама, салмақты мін­дет­тер әрбір қазақстандықтың жеңісті істерін жетілдіріп отырды.

Атажұртқа оралған он екі жы­лымның он жылын жауап­кер­шілігі мол журналистік салаға арнаппын. Қазірде қалыптасқан жур­налист ретінде өз әлемімді қалыптастырдым. Мені оқитын және ойымды олжа деп санайтын оқырмандарым баршылық. Жеті кітап жазып, өзімнің азаматтық ұстанымымды жұртқа жеткізсем, оның біреуі Елбасыға таныстырылып, Елбасы кітапханасына сақтауға алынған. Бұл екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Ғы­лым жолында құлашымды кең жай­дым. Әсіресе, руникалық жазба ескерткіштердің әлем жә­не қазақ әдебиетіндегі орны жай­лы жазған ғылыми диссерта­циям түркітанушы ғалымдар ара­сында беделге ие болса, Ілияс Жансүгіровтің елге жетпе­ген еңбектерін жинақтаған ең­бек­терім үшін «Жансүгіров» медалін, Елбасының «Рухани жаң­ғыру» мақаласына орай қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жо­басына орай Жетісу жерінің ки­елі жерлерін анықтауда қат­ы­сып, туған өлкенің тарихын тү­гендеуге қосқан еңбегім үшін «Үздік өлкетанушы» медалін кеудеме тақтым.

Сонымен қатар, халық­ара­лық «Internewc» ұйымының орта­азиялық журналистер ара­сын­­да ұйымдастырған эко­ло­гиялық тақырыптағы жоба­лар байқауының Қазақстан бой­­ынша бірінші жеңімпазы бо­­лып, аталған ұйымның Қазақ­стан­дағы экология саласы бойынша сарапшысы атандым. Осыған орай, Алматы, Тәжік­стан­ның Душанбе, Қыр­ғыз­стан­ның Бішкек қалаларында өткен халықаралық экологтар форумына қатысып, әлемдік деңгейдегі ғалымдармен сұх­бат­тас болып, өремді өсірдім. G-GLOBAL, CGEGD green kaz, Еуродақ, БҰҰ жасыл экономиканы дамыту коалициясы тарапынан Қазақстанда бірінші рет өткен «Жасыл Қазақстан» байқауының жеңімпазы атанып, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың Алғыс хатымен марапатталып, мерейленгенімді айтпай кетуге болмас. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП тарапынан өткізілген республикалық байқау мен Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған «Тәуелсіз Қазақстан және Елбасы» бай­қауының жүлдегерлері қатары­нан көрінгенімде еңсем­ді биік­тете түсті. Астана төрін үш айы бойы думанға бөле­ген «Астана ЭКСПО – 2017» көр­месін наси­хаттауда төккен терім текке кет­кен жоқ. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық ком­­­паниясының сол кездегі бас­қар­ма төра­ғасы Ахметжан Есімов пен бірінші орынбасары Әлішер Пір­­ме­­товтің Алғыс хатын арқалап, ауылға мақтанышпен оралғаным үлкен жетістік болды. Мұндай жетістік әлі де еселене түсері анық.

Марапатым үшін мақтанып отырған жоқпын. Алайда Тәу­елсіз Қазақстанның қанат­тан­ды­руы, Елбасының ел үшін еңбек етуге жасаған жақсы мүмкіндігі бол­маса, мен үшін осындай дең­гейге жету мүмкін бе еді? Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын оқып отырып, туындының ел өркениеті мен жеке басымның Атажұрттағы табыстарыма қанша­лықты деңгейде әсер еткенін осылай ой елегімнен өткіздім.

Қажет АНДАС, ақын, журналист

Талдықорған қаласы