Кеше елордадағы «Рамада Плаза Астана» қонақ үйінде Каспий жағалауы елдері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының деңгейінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі Арнайы жұмыс тобының 30-шы отырысы басталды. Отырысты Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ашып, қысқаша сөз сөйледі.
Каспий теңізінің мәртебесін ретке келтіру және халықаралық саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың құқықтық режімін құру Қазақстан үшін маңызды стратегиялық мәселе болған және болашақта да бола береді. Себебі, ол саяси тұрақтылықты, Каспий аймағының дамуын, Каспийдің қайталанбас географиялық қалпы мен орнын пайдалануды, табиғи байлығын сақтап, молайтуды қамтамасыз ету үшін де айрықша қажет, деді Ержан Хозеұлы өзінің сөзінде. Еліміз Сыртқы істер министрі Каспийдің сан қыры бар кешенді мәселе екендігін, сондықтан, ол аумақтық, яғни Каспий жағалауына жататын елдердің экономика саласына қатысты өзара ынтымақтастық мәселелерінің болашақтағы мүмкіндіктеріне де қатысты болатындығын назарға салды.
Біз ұлттық мүддемізді қорғайтын тиімді тетіктерді іске қосуды мақсат тұтып келеміз. Ал ортақ мақсатымыз – таңдалып алынған стратегиялардың сәйкес келуі мен тиімділігінің қамтамасыз етілуі. Қазақстан өзі тарапынан аталған өңірдің экономикалық өркендеуі мен қауіпсіздігінің сақталуына және өңір интеграциясының алға жылжуына мүдделі тараптардың қай-қайсымен болсын ынтымақтасуға әзір. Тек бірлескен күш-жігер ғана Каспий жағалауы елдері ресурстарының әлемдік экономикаға интеграциялануына, ал бірлесіп әзірлеген инфрақұрылымдық жобалар Каспий жағалауы елдерінің дамуына сеп болады деп ойлаймын, деді Е. Қазыханов.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы сондай-ақ Бакуде өткен 3-ші Каспий саммитінің қорытындысы Каспий жағалауы елдері арасында қайшылықтардың жоқ екендігіне, ал бұл Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау жөніндегі конвенцияға уақыт кешіктірмей қол қойылатынының дәлелі екендігіне тоқталды.
Отырыс кезінде бұдан бұрынғы өткен 29 басқосу Арнайы жұмыс тобының келіссөз тетіктерінің дұрыс іске қосылғандығын айғақтайтыны, мұны жоғары деңгейдегі бесжақты тарап ынтымақтастығының негізінде қол жеткізілген мемлекет басшыларының келісімінен көруге болатыны да айтылды.
Бұдан кейінгі кезекте Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбайдың төрағалығымен өткен отырыс барысында Каспий жағалауы елдерінің өкілдері сөз алып, мәселе төңірегіндегі ойларын ортаға салды.
Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов Каспий мәселесіне қатысты жобалардың жүзеге асқанына біраз уақыт өткенін, бұл уақыт аралығында көптеген істің басы қайырылғанын тілге тиек етті. Бүгінде Каспий жағалауы елдерінің барлығы Каспийдің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция жобасының соңғы кезеңдерін қорытындылауға мүдделілік танытып отыр. Болашақта бұл жұмыстар ілгері жылжып, келіссөздер одан әрі жалғаса береді деген сенімдеміз, деген Х.Халафов әріптестеріне алға қойған мақсат-міндеттерін орындау жолында сәттілік тіледі.
Иран Ислам Республикасының Каспий теңізі мәселелері бойынша арнайы өкілі Мохаммад Мехди Ахундзаде отырысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, мұндай қадамдар Каспийге қатысты түйіндердің тарқатылуына ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ, ол Каспий жағалауындағы барлық елдердің мүдде-құқығы теңдей болғанымен, кейбір кездері мәселелердің консенсус негізінде шешімін таппай жататындығын да алға тартты.
30-шы отырыс барысында түйінді мәселелердің тез арада шешімі табылуын жеделдетеміз деген сеніміміз бар. Себебі, Каспийге қатысты біржақты шешімдердің қабылдануы елдердің ынтымақтастығына өз салқынын тигізуі мүмкін, деді М.Ахундзаде.
Ал Ресей Федерациясы Президентінің ТМД елдерімен мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі арнайы өкілі, СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Александр Головин Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның маңыздылығына тоқталып, Ресей Федерациясының өзекті мәселелерді оңтайландыруға арналған арнайы жобалары жайымен бөлісті. Бүгінгі жиын аясында біз Каспийдің мәселесіне қатысты 4-ші саммиттің өту мерзімін жеделдетуге бар күш-жігерімізді саламыз, деді А.Головин.
Түркіменстан Президенті жанындағы Каспий теңізі мәселелері жөніндегі мемлекеттік кәсіпорынның төрағасы Мурад Атаджанов Каспийге қатысты күрделі мәселелер әңгіме өзегіне айналған күннен бері Түркіменстанның теңіздің құқықтық мәртебесін айқындау жолында өз ұстанымы бар екендігін, ал Құқықтық мәртебені айқындау жөніндегі конвенцияның әзірленуі елдердің өзара ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететіндігін атап өтті.
Бүгінде Түркіменстан Каспийдің биоресурсының сақталуы мен көбеюіне айрықша назар аударып отыр. Бұл орайдағы іс-шаралар жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Ол тиісінше жан-жақты сараптамалық зерттеу жұмыстарын талап етеді, деді Түркіменстаннан келген өкіл.
Бұл күнгі жиын аясында тараптар Каспийдің құқықтық мәртебесінің айқындалуы жолындағы қадамдар мүдделі елдерді толғандыратын үдерістердің жеделдетілуіне оң ықпал етеді деген ой-пайымдарымен бөлісті.
Әрине, Каспий жағалауы елдерінің алдында үлкен міндеттер тұрғаны аян. Солардың ең маңыздылары – теңіз акваториясының делимитациялануы және бекіре тұқымдас балықтардың өнеркәсіптік тұрғыда аулануына тосқауыл қою. Соңғы ондаған жылдар ішінде ешқандай бақылаусыз ауланудың әсерінен бекіре тұқымдас балықтардың шексіз азайғаны ешкімге құпия емес. Екі күнге созылатын отырыс шеңберінде тараптар, міне, осы мәселелерді де талқы таразысына салмақ.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.