• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Кино 16 Ақпан, 2018

Астанада «Қиырдағы қандастар» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді

377 рет
көрсетілді

Өткен жылдың шілде айында Орталық коммуникациялар қызметінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен өткен кезекті жиында, алыс-жақын шетелдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың өмір-тарихымен таныстыратын «Қиырдағы қазақтар» атты жоба аясында көп сериялы деректі фильм түсіру ісі қолға алынатыны жайлы айтылған болатын. Содан бері жеті айдың жүзі болды. 

Кеше жоғарыда жария етілген жоба­ның алғашқы тұсаукесер рәсімі өтті. Осы уа­қыт арасында айтарлықтай іс ат­қ­а­рыл­ған екен. Атап айтқанда, жобаны тиянақтап сапарға аттанған топ 30 мың шақырым жолды басып өтіп, Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Ұлан-батыр қаласы, Өзбекстанның Ташкенттегі Кенимех ауданы және Тәжікстанның Худ­жанд шаһары қатарлы елді мекендерде болып, тарихи орындарды көзімен көріп, сондағы қазақтар өмірі мен тұрмысын таспаға түсірген. 

Сондай-ақ маңызды шараның көздеген мақсаты туралы көпшілікті хабардар еткен министр Дәурен Әскербекұлының айтуына қарағанда, бұл жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қолға алынып отыр. Себебі Қазақстан қазіргі таңда әлем бо­йынша сырттағы қандастарын атажұртына тартушы аз  ғана елдердің бірі. Екіншіден, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Мемлекет басшысы: «Сырттағы елім деген қазаққа – Қазақстанның есігі әрқашан ашық» – деп атап өткеніндей, министрлік осы тапсырманы ойдағыдай орындау үшін және сырттағы ағайынның өмірін атажұрттағы тұрғындарға кеңірек таныс­тыру мақсатында осы жобаны қолға алып отыр деді. 

Шетелдегі әр қазақтың жүрегі атамекен – елім деп соғатынын айтқан жоба жетекшісі Олжас Беркінбаев Елбасымыз жүр­гізіп отырған көп салалы саясаттың арқа­сында барған елдердің бұларға деген оң көзқа­расы істің сәтті аяқталуына көп әсер еткенін атап өтті. 

«Қиырдағы қазақтар» деректі фильм­дер топтамасының бұл жолғы көрсетілімі – Моңғолия қазақтарына арналыпты. Яғни елдің астанасы Ұлан-батыр қала­сында және оған жақын орналасқан Налай­хан ауы­­лында ғұмыр кешіп жатқан қазақ­тар­дың бүгінгі тіршілігі шынайы баяндалған. 

Деректі фильмнен түйгеніміз: Налай­хан ауылында дәл қазір 800-ден ас­там қазақ отбасы өмір сүріп жатыр екен. Әрине бұл бауырлар ата салтымызды жақсы сақтаған. Ауылдың ерекшелігі – бұл жерде күллі елді көмірмен қамдап тұрған шахта орналасқан. Өткен ғасырдың 30-жылдары осы шахта қазақтардың күші­мен ашылған. Содан бері кеніште тер төккен 10 қазақ азаматы сол елдің Еңбек Ері атағын алған.

Сонымен қатар фильмде елдің орта­лығы Ұлан-батыр қаласында кәсібін дөң­гелетіп отырған бизнесмендер, жаңа ІТ технологиясын игерген, тіпті Кембрижде білім алған жас маман, сол елдің саяси стратегиясын негіздеуші зерттеу институтын бас­қарып отырған қандасымыз қатар­лы көптеген тұлғалардың өмір-тарихы­мен танысуға мүмкіндік бар. Қалған сериялар алдағы күн­дері рет-рет­імен экран арқылы көпшілік назарына ұсынылады.  Тұсаукесер рәсімге мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, БАҚ басшылары, ғалымдар, тарихшылар, блогер-журналистер қатысты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»