Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылында тұрған Руфат Хабиев пен Сымбат Қапезованың отбасы аяқ астынан тағдырдың сынағына түсті. Бір жыл бұрын шаңырақтағы жалғыз ұлы Бақытнұрдың ауыр науқасқа ұшырағаны белгілі болды...
Сымбат Қапезова Мұратсай ауылында туып-өскен. Күйеуі Руфат Қабиев те осы ауылдың тумасы. Сымбат Орал қаласында жоғары білім алған соң туған ауылында мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. 2013-2016 жылдары ауылдық мәдениет үйінде жұмыс істеді. Белсенді, қолға алған ісін жапырып жіберетін жігерлі жас 2016 жылдың басында Орал қаласына ауысып, облыстық жастар шығармашылығы орталығына жұмысқа тұрды. Алайда ауылдастары сол жылы тамыз айында аттай қалап елге шақырып алды. Ауыл әкімі қызметіне! Сөйтіп Сымбат Қапезова облыстағы саусақпен санарлық әйел әкімнің бірі әрі ең жас басшы атанған.
Өмірдің өзгеруі аяқ астынан екен ғой. Сымбат пен Руфаттың жалғыз ұлы, сегіз жасар Бақытнұр 2017 жылы қаңтарда қатты ауырып, аудандық ауруханаға түсті. Қызуы түспейді, іші өтіп, аяқ-қолы сарғайып кеткен. Санавиациямен Оралға жедел жеткізілген сәбидің қос бүйрегі бірдей істен шыққандығы белгілі болды...
– Бақытнұр 1,5 жасынан бастап ауырды. Бүйрек ауруының белгілері сол кезден байқалған сияқты. Оны қайдан білейік?! 2 жасында талма ұстап, ауруханаға түсті. «Анемия», «салқын тиген» деп емделді. Ақыры 8 жасында, бүйрек сырқаты 5-стадияға жеткенде ғана біліп, «аһ» ұрып қалдық. Қандағы мочевина – 24, креотенин 90 пайыз болды – дейді Сымбат.
Жедел жолдамамен Астанадағы «Ана мен бала» ғылыми орталығына жеткізілген Бақытнұрдың өмірі қыл үстінде тұрғанын дәрігерлер ата-анасына ашық айтыпты. Әдетте бүйрек жетімсіздігіне шалдыққан бала диализге жалғанады, алты ай уақыт ағзаны жасанды бүйрекке үйретеді. Бірақ Бақытнұрда мұндай мұрсат болмаған. Жалғыз жол – жедел трансплантация. Яғни, сәбиге шұғыл түрде сау бүйрек салу керек.
– Руфат та, мен де баламызға бүйрегімізді беруге дайын болдық. Бірақ мен күйеуіме: «Сен жұмыс істеуің, отбасыңды бағуың керек, жауапты адамсың!» дедім. Ең соңында «мамандар біледі» дедік, – дейді Сымбат.
Консилиум кезінде Сымбат аса сабырлы болыпты. Дәрігерлер «екеуіңіздің де бүйрегіңіз Бақытнұрға үйлеседі. Әкесінікі сәл үлкендеу, ал анасынікі үйлесе қалады. Көбіне бүйректі анасы береді» дегенімен, шешімді өздеріне қалдырған. Бақытнұрды алдына алып отырған Сымбат ақырын, бірақ сенімді дауыспен: «Мен қорықпаймын. Мені қорқады деп ойламаңыздар. Баламды сақтасаңдар болды», деді.
Осылайша наурыздың алтысы күні ота жасалды. Ана бүйрегі балаға берілді. Ота өте сәтті шығыпты. Тағдыры қыл үстінде тұрған Бақытнұрдың жаңа ғұмыры басталды...
* * *
Бас-аяғы бірер айдың ішінде тағдыры түбегейлі өзгерген Сымбат Астанадан елге мүлде басқа адам болып оралды. Өмірінде дәрігерге қаралып, пышаққа түсіп көрмеген келіншек бір сәтте «өз еркімен» мүгедек болып қалар деп кім ойлаған?!
Ота мемлекет көмегімен, тегін жасалды дегенмен, жол, тамақ, тағы басқа шығындары бар, олар біраз қарызданып қалған еді. Дәрігерлердің «демалыс керек» дегеніне қарамастан Сымбат елге келісімен жұмысына шығып кетті. Ауыл әкімінің қызметі қым-қуыт қой. Руфат болса, өзге ауылда учаскелік инспектор. Бақытнұрды дәрігерлердің бақылауында болуы үшін Оралға қалдыруға тура келді. Жанына ата-әжесін қалдырып, ауылға оралған Сымбат денсаулығының бұрынғыдай еместігін байқаған. Бала ауырған кезде жан-жүйкесіне түскен салмақ, ауыр ота, бір мүшесінен айырылу – мұның бәрі із-түзсіз қайдан кетсін?! «Мамыр бойы қызуым көтеріліп жүрді. «Ауырмауым керек!» дедім өзіме. Сөйтіп маусымда кезекті еңбек демалысымды алып, қызметтен босатуға арызымды жаздым. Бірақ жаз бойы ауырдым, анализдерім жаман болып кетті, ақыры ауруханаға жатып қалдым. Өзіме де күтім керектігін түсіндім», дейді ол.
Қазір Сымбат күйеуі Руфаттың жұмыс бабымен Жәнібек ауданы Қайрат ауылында тұрып жатыр. Өзі де қол қусырып қарап отыра алмайды. Әрі қаражат та керек, отбасы бюджетіне сәл де болса қосымша керек. Аудан, ауыл басшыларының табалдырығын тоздырып жүріп жақында ғана ауылдық мектептен жарты штаттық лаборант қызметіне орналасқан. Айлығы 15 мың теңге.
Бір қызығы, елімізде өз еркімен донор болып, бір бүйрегінен айырылған адамдар мүгедектік жәрдемақы ала алмайды екен. Оны айтасыз, өзгеге көмектесіп, өз ағзасын трансплантация жасауға келіскен жан ол үшін қаржы алатын болса, қылмыстық жазаға тартылады.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында бүйрегі ауыратын 450 бала есепте тұр екен. Ал өңірдегі екі диализ орталығында 180 адам ем алады. Олар «жасанды бүйрек» аппаратына таңылған. Осы кезге дейін өңірде 4 сәби мен 32 ересек адамға трансплантация жасалыпты. Ал қазір облыста 100-ге жуық адам бүйрек донорлығын күтіп жүр.
Сымбаттың бір кездегі әріптестері, Бөкей ордасы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі мен демалыс орталығы «Мейірбандық күндері» айлығы аясында тағдырдың ауыр сынағына ұшыраған балақайға көмек қолын созып, Сайқын селосының тұрғындарына «Жүректен – жүрекке» атты қайырымдылық концертін берді. Руфаттың әріптестері де отадан кейін біржолғы көмек көрсеткен. Мұның бәрі теңізге тамған тамшыдай болса да, ақ жүректен шыққан шынайы көмек болғандығымен қымбат.
* * *
Құдайға шүкір, Бақытнұрға ана бүйрегі толық үйлесіп кетіпті. Тек әлі де дәрігерлердің толық бақылауында болуы тиіс. Апта сайын бірнеше күрделі анализ тапсырады. Оны Астанаға жолдайды. Астанадағы мамандар сәбидің қанын зерттеп, ағзадағы өзгерістерге сәйкес апта сайын берілетін дәрілердің мөлшерін бекітеді. Бақытнұрдың ай сайын ішетін дәрілерінің құны өте қымбат, 2 млн теңгеге дейін жететін көрінеді. Әйтеуір, оның негізгі бөлігі мемлекет есебінен, тегін беріліп жатыр.
Бақытнұр қазір Орал қаласында. Өйткені білікті дәрігерлердің қадағалауында болуы тиіс. Талап сондай. Атасы Ғұбайдолла Қабиев басқа шаруаның бәрін жиып қойып, Оралға келгеніне бір жылға жақындап қалды. 60 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатқан ақсақалға арнайы кіріп шықтық. Зейнетке шығуға әлі бірер жылын толтыра алмай отырған қария жақында ғана жүрегіне ота жасатып шығыпты. Өзіне күтім керектігіне қарамастан немересін бағып, еркінен тыс «қалалық» болып отыр екен.
– Немерем үйден оқиды. Мұғалім үйге келіп сабақ беріп кетеді. Бала ғой, ойнағысы келеді, далаға шыққысы келеді. Бірақ Бақытнұрға ауруға болмайды. Күнделікті қатаң режім, құнарлы тамақ, көкөніс керек. Уақтылы дәрісін ішіп, дәрігерлердің қадағалауында болуы тиіс. Ауылды сағынған соң жазда бірер күнге барып едік, бірден ауырып қалдық. Бізге енді тек дәрігерлік көмегі барынша жоғары қалада тұрудан басқа жол жоқ, – дейді Ғұбайдолла Нәсиұлы.
Ақиқаты керек, мемлекет тарапынан Бақытнұр секілді науқастарға көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Бақытнұрдың туыстары әсіресе жергілікті дәрігерлерге, облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы Айнаш Жұбанышқызына, облыстық балалар ауруханасындағы балалар нефрологы Гауһар Тұрланқызына алғыс айтады. Күрделі отаға тегін квота, дәрігерлік көмек, тегін дәрі, мемлекеттік жәрдемақы – осының бәрі сәбидің аман қалып, қатарға қосылып кетуіне үлкен жәрдем ғой. Бірақ ауыл тұрғындары үшін ескерілмей қалған нәрсе – сапалы, толыққанды дәрігерлік жәрдем. Мысалы, Бақытнұр мұндай жәрдемді өз ауылы Мұратсайда ала алмайды. Мұратсай түгілі аудан орталығы Сайхында да жоқ. Орал қаласында ғана Бақытнұрдан апта сайын анализ алынып, қан үлгілері жедел түрде ұшақпен Астанаға жіберіліп отырады. Осындай жағдайда амалсыздан қалада тұруға мәжбүр болған ауыл тұрғындары не істеу керек?!
Сымбат мемлекеттік үй кезегіне тұру үшін Орал қаласы әкіміне, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасарларына, облыстық мәслихат хатшысына, қалалық ТҮКШ басшылары, банк мекемесіне, облыстық мәдениет басқармасына, ішкі істер департаментіне, көмегі тиіп қалар-ау деген мекеме атаулының табалдырығын тоздырып, бәріне кіріп шыққан. Бәрінен де еститіні – ауызын қу шөппен сүрткен жауап.
– Өзім де бір жылдай ауыл әкімі болып қызмет етіп көрдім ғой. Алдыма келген адамға «жоқ» деп айтпай, қолымдағы құзырет кішкене ғана болса да барынша көмектесуге тырысатынмын. Біз тегін нәрсе сұрап отырған жоқпыз ғой. Ақыры қалада тұратын болған соң несиеге болса да өз баспанамыз болса деп едік. Ай сайын әлдекімге пәтерге төлеп жатқан қаржыны өз үйіміз үшін төлеп отырсақ, түптің-түбінде баспаналы боларымызға сенер едік. Қазіргі күйіміз тамырсыз қаңбақтай, пәтер қожайынының қас-қабағына қарап өтіп жатыр, – дейді Сымбат.
Бала күнімізде естіген, оқыған ертегілердегі ең үлкен жомарттық, қайырымдылықтың шырқау шегі – кейіпкердің өз етінен ет кесіп беруі еді. Қарны ашып қалжыраған досына санынан ет кесіп беретін адам баласына самұрық та риза болатын. Сөйтіп қанатымен бір сипап өткенде, қансырап тұрған жарақат жазыла қалатын. Біздің қоғам өз етінен ет кесіп беріп, адамға өмір сыйлаған Сымбат сынды ақжүрек жандарға қандай көмек бере алар екен?!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
ОРАЛ