• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Ақпан, 2018

Түркістанда «Балтакөл» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

762 рет
көрсетілді

Түркістанда «Балтакөл» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шара барысында пікір білдірген зиялы қауым өкілдерінің айтуынша, бұл кешегі кеңшарлық құрылымның пайдалы тұстары мен жетістіктері, еңбекқор азаматтары мен бір совхоз тұрғындарының өмірі жайлы жазылған өңірдегі алғашқы кітап. 

Елге іскерлігімен танылған, Оң­түс­тік Қазақстан облыстық мәс­ли­хатының депутаты Серікбай Иба­дул­лаевтың бұл еңбегінде нақты деректерге сүйене, өзі туып-өскен Отырар ауданына қарас­ты Балтакөл совхозының 31 жыл­дық тыныс-тіршілігі, онда еңбек ет­кен азаматтар жайында жазыпты. Автор еңбек жолын осы Балтакөл кеңшарында қарапайым құрылысшыдан бас­тап аға прораб, партком хатшысы, совхоз ди­рек­торы лауазымына дейін көтері­лген. Яғни «Балтакөл» кі­та­бы автордың өткенді еске алып, ой елегінен өткізе жазған, туған жер – өскен ортаға деген сағы­ны­шынан, құрметінен туған шынайы шығарма. 

– Елбасы Н.Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыс­тық­­та сая болған, есімдері ел есінде сақ­­тал­ған біртуар перзенттері ба­рын, осының бәрін жас ұрпақ бі­ліп өсуге тиіс екендігін айтты. «Пат­­риотизм кіндік қаның тамған жері­ңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңі­ріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіс­пен­ш­іліктен басталады» деген Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Игі бастама бүгінде елі­мізде жүзеге асырылуда. Иә, хал­қы­мызда «Өткеніңді білмесең – бола­шағыңды болжай алмайсың», деген даналық сөз бар. Сол айт­пақ­шы, өзіміздің алтын бесігіміз атан­­ған қасиетті «Балтакөл» ауылы жайлы сөз қозғай қалсам, кеудемді мақтаныш сезімі кернейтіні рас», – дейді Серікбай Ибадуллаұлы. 

Бес тараудан тұратын, іргелі бір ауылдың энциклопедиясы дерлік кітап – жеті жыл бойғы тынымсыз ізденістің нәтижесі. «Балтакөл» қара­көл-қой совхозының құрылу, қа­лып­­тасу, даму жолдары жөнін­дегі деректер, естеліктер, 1965-1996 жылдары еңбек еткен азаматтар­дың өмірдерегі жинақталған. Сон­дай-ақ мұнда ақынжанды аза­мат­тың өлеңдер топтамасы енген. «Өздері туып-өскен ауылы немесе аймақ туралы жан-жақты хабар­дар болған жастардың ел тарихын да терең танитыны анық. Бұл кітап­ты жазудағы мақсатым кең­шар тарағалы бері де көп жылдар өтті. Өкінішке қарай, тоқсанын­шы жылдары дүниеге келген ұр­пақ өз ауылының өткенінен хабарсыз. Сондықтан да жас ұр­пақ­қа қайратты да еңбекқор, өңір экономикасының қуатты болуы үшін тер төккен аталары мен бауырлары жайлы естелікті жеткізгім келді», дейді автор. 

Соңғы жылдары деректі пуб­лицистикалық шығармалар жазып, оқырманға «Сыр бойы – құтты мекенім», «Ағарту» атты туындыларын ұсынған Серікбай Ибадуллаұлы жылдар бойы ізденіп, өз қаржысына басып шығарған «Балтакөл» кітабын кітапханаларға, ауыл азаматтарына таратпақ.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»