Манхэттен. Аспанмен таласқан биік ғимараттардың қасында құжынаған халық құмырсқадай көрінеді. Әне, портфелін асынып, тамақ салынған қалбырын құшақтаған біреу метроға қарай безіп бара жатыр. Алып шаһардың құжынаған тіршілігінің ажырамас бөлігі. Мына бір қара нәсілді жас азаматтың жүрісі тым маңғаз. Құлағында сырға, басында «вандамка», шалбарының ауы тізесіне түскен. Құдды Америкадағы еркіндіктен хабар беретіндей...
«Жарты сағатта жетемін» деп хабарлама жазған кейіпкерім келгенше Нью-Йорк көшелеріндегі осындай көріністі тамашалап отырдым. Осыдан 5-6 жыл бұрын АҚШ-та «Эмми» жүлдесін жеңіп алған қазақтың тұратыны туралы ақпарат естіп, онымен скайп арқылы сұхбаттасқанбыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапарынан тікелей ақпарат тарату мақсатында бір топ журналист Америкаға аттанған болатын. «Егемен Қазақстан» газетінің атынан мен де ілестім. Мұхиттың арғы бетіне күнде жол түсе бермейтіні белгілі. Осы бір мүмкіншілікті ұтымды пайдаланып қалу мақсатында Хасан мырзамен жолықпаққа бекініп, хат жазып жіберген едім. Жоғарыдағы хабарлама – соған келген жауап. Сәлден кейін көшенің бұрышынан таныс бейне жылыұшырап көзге шалынды. Жалпы, кез келген шетелде қазақты тану қиын емес. Әдетте Батыс әлемінің халқы бізді басқа азиялық халықпен шатастырып жатады ғой. Алайда зер салып қараған адам қазаққа ғана тән ерекшеліктер бар. Қазақтардың жүрісі мығым келеді. Біздің кейіпкеріміз де қазақтардың осы бір классикалық үлгісіне тән екені бірден байқалды. Егер Хасанды танымасам да, қалың нөпірдің арасынан көргенде қазақ екенін дөп басып табатыным анық еді.
Түркияда туған қандасымыз Хасан Шерефли «Discovery Chanel»-дің «Темір тордың арғы жағындағы балалар» фильмі арқылы «Эмми» жүлдесінің «Зерттеу және деректі фильмдер» аталымын жеңіп алған. Соңғы рет сөйлескенімізде ол Нью-Йоркте жұмыс істеп жүргенін айтқан еді. Бетпе-бет әңгіменің өзгеше болатыны белгілі ғой. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін кездесудің негізгі бөлігіне көшіп, Хасаннан оқиғаны қайтадан бастан-аяқ айтып беруін өтіндік.
– Бұл сонау 2000 жылдары болған оқиға. Фильмді түсіру туралы ұсынысты телевизиялық компанияда жұмыс істейтін танысым айтқан еді. Бірнеше адам жиналып түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан балалар туралы деректі фильм түсірмекші екен. Олар зерттеу жасайтын адам іздеп жүрген көрінеді. Сол аралықта АҚШ-қа оқу түскен едім. Сабақ басталғанға дейін қолым бос болғандықтан, ұсынысқа келістім. Америкадан келген екі өкілмен бірге жұмысты бастап кеттік. Анкарадан басталған зерттеу бір жылға созылды. Көптеген елдердің түзету мекемелерінде болып, балалар өмірімен таныстық. Жазасын өтеп жатқан әртүрлі жастағы үш баланың күнделікті өмірін бақыладық. Ұйқыдан оянып, қайта ұйқыға кеткенге дейінгі бір күнін қалай өткізетінін назарымызда ұстадық. Олардың тәрбиешісімен, аспаздармен, мұғалімдерімен сөйлестік. Еркіндікке шыққан жасөспірімнің кейінгі өмірі қалай өзгереді? Оны да зерделеп көруге талпындық. Бір сөзбен айтқанда, өмірге темір тордың ар жағындағы балалардың көзімен қарауға тырыстық, – деп өткен күнді есіне алды Хасан.
Біздің кейіпкер «Эммиді» жүлдесін 2003 жылы жеңіп алды. Онымен бірге «Темір тордың арғы жағындағы балалар» деректі фильмін түсіру жұмысына Леван Адами, Суприя Аваси, Кэйт Блоует, Кларинда Кэппейдж, Джон Майер, Джед Родштейн, Дебора Шипли, Брайан Вудс есімді зерттеушілер атсалысқан. Хасан мырза жүлдені жеңіп алғандағы оқиғаны былай баяндайды.
– Филадельфия университетінде оқып жүрген едім. Бір күні маған жүлдеден үміткер екенім жазылған марапаттау салтанатына шақырту сертификаты келді. «Темір тордың арғы жағындағы балалар» менің алғашқы жобам болғандықтан, өзімнің жүлде алатыныма сене қоймадым. «Эммиді» Нью-Йорктегі Мэрриот қонақүйінде тапсырады. Ұйымдастырушылар оған қатысу үшін кемінде 500 доллар керек екенін айтты. Студент үшін бұл қомақты қаражат болатын. Сөйтіп, марапаттау рәсіміне қатыспадым. Біраз күннен кейін жұмысымыз үздік шыққанын естідім.
Ұйымдастырушылар хабарласып, жүлдені қалай алатынымды сұрады. Мен үйге әкеліп беріңдер дедім (Күліп алды). Бірақ мен телевизия саласында жұмыс істеген емеспін. Бір рет бағымды сынап көріп, жүлдегер атандым. Одан кейін өмір ағымымен басқа салаға ауысып кеттім. Алайда бұл саладан алысқа ұзап кеткенім жоқ. Таяуда жарнама түсіретін шағын компания аштым. Оның жұмысы енді-енді қарқын алып келеді, – дейді Х.Шерефли.
Деректі фильм түсіру барысында көптеген елдердегі түрмелердің жай-күйімен танысқан Хасан Түркияда 2000 жылдары жұмыс істеген «Түзету үйі» жобасының ерекшелігіне тоқталды.
– Түркияда жалпы түзету мекемесінен бөлек «түзету үйі»(Islahevi) деп аталатын бірнеше мекеме бар. Түзету үйінің ерекшелігі, ол жерде бала түрмедегідей қоршаудың ішінде болмайды. Қалаған уақытында емін-еркін сыртқа шығып жүруіне мүмкіндік бар. Оқу оқитындары мектебіне, жұмыс істейтіндері жұмысына бара алады. Балалар ол жерде білім және тәрбиемен қатар қолөнер де үйренеді. Осы арада бұзық балалар қалай ол үйге өз еріктерімен барады деген заңды сұрақ туады. Сөйтсек, көшеде аш-жалаңаш жүрген балалардың «түзету үйіндегі» қолайлы жағдай көңілдерінен шығады. Қысқаша айтқанда, онда қылмыс жасаған балалардың түзелуі үшін бар жағдай жасалған.
Хасан мырза деректі фильмді түсіру барысында көп нәрсе үйренгенін айтады. Өмірге көзқарасы өзгеріп, ата-ананың, еркіндіктің қадірін түсінген. Шүкір етудің маңызын түсініп, жауапкершілікті сезінген.
– Жаман бала болмайды! Сәбидің пәк көңілі жаманшылықты қаламайды. Алайда үлкендер тарапынан берілген тәрбиенің нашар болуы баланың қатыгез немесе бұзық болуына ықпал етеді. Бала тәрбиесінде ата-ананың орны бөлек екенін естен шығармауымыз керек. «Арғы жақтағы» өмірді көріп келген баланың алдынан бірнеше мәселе шығады. Оның сотталғанын естігендер оған басқаша көзқараспен қарайды, жұмыс тауып қоғамның бір бөлшегіне айналып кетуі де қиын. Түзету мекемесінен шыққан балаға қоғам қарсы тұрғандай көрінеді. Сондықтан, оларды барынша түсінуге тиістіміз. Біздің деректі фильмімізден кейін көптеген адамдар «түзету үйінің» пайдасы мол екендігін сөзсіз мойындады. Бірақ ондай «түзету үйін» ашу көп қаржыны талап ететіндіктен, жүзеге асыру қиын.
Есіме Хасанның телефонын тауып, Нью-Йоркке хабарласқаным түсе кетті. Бірнеше жылғы оқиға қаз-қалпында көз алдыма келе қалды. Америкаға шалынған қоңырау ұзатылып барып, біраздан кейін алынды. Тұтқаны көтерген кісінің дауысын алғашында айыра алғаным жоқ. Хасанның Түркияда туғанын, қазақша білмеуі мүмкін екенін ескеріп, түрік тілінде амандасып, өзімді таныстырған едім.
– Балам-ай, Асан үйде жоқ еді. Әлгі, Кәмилә келін де бір жаққа шығып кетті. Бір сағаттан соң үйге келеді. Сол кезде хабарласып көрші, – деген әженің қоңыр үні тұтқаның ар жағынан естілді.
Шынымды айтсам, Нью-Йоркке телефон шалып, әженің қоңыр дауысын естимін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бір сағаттан кейін Хасанмен хабарластым...
Х.Шерефлимен таныстығымыз осылай басталған болатын. Сол бір мейірімді дауыстың иесі, Хасанның анасы қайда екенін сұрадым. Жамила әжей қазір Ыстанбұлда кіші ұлдың қолында тұрады екен. Американың қым-қуыт тіршілігі қарияның денсаулығына сай келмейді.
– Жылына бірнеше мәрте жеңгең Кәмиланы, ұлым Алтай мен қызым Софияны ертіп әжемізге барып тұрамыз. Қазақстанды да аралап қайтқымыз келеді. Бірақ уақыт тапшы болғандықтан, мүмкіндік бола бермейді, – дейді Хасан.
Біздің кейіпкер 1971 жылы Түркияға көшіп барған қазақтардың отбасында дүниеге келген. Отбасында алты ағайынды. 1998-99 жылдары тарихи Отанында тұрып, Алматыда «Туркуаз» фирмасында жұмыс істеген. Жұбайы Кәмила – Қазақстанның халық әртісі Досқан Жолжақсыновтың қызы. Онымен Қазақстанда жүргенде танысқан екен.
Қазіргі таңда Хасанның жеке кәсібі бар. Ол құрылыс материалдарын жеткізумен айналысады. Бұл бизнесті дөңгелеткеніне біраз жылдың жүзі болыпты. Кәсібі бірте-бірте қанат жайып келеді. Келешекте Нью-Йорк пен Вашингтон секілді үлкен шаһарлардың нарығына ену жоспарда бар. Кейіпкеріміз Қазақстанмен байланысын үзбеген. Шамасы келсе өзі тұратын қаладағы қандастарына көмек қолын созып тұрады. Әйтсе де, Хасанның мына нәрсеге көңілі толмайды. АҚШ-қа жұмыс іздеп барған қазақтар оның фирмасында бір ай жұмыс істеп, басқа жаққа «қашып» кетеді екен. Өзге ұлттар секілді бірге жұмыс істеп, өзара қолғабыс жасап, бір-бірін сүйемелдеудің орнына некен-саяқ жүруге құмартатынына ренжиді. АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі сондағы қандастарымызға арналған мерекелік шараларын көбейтсе деген тілегін де жасырған жоқ.
Нью-Йорк секілді алып шаһарда бәрі уақытқа келіп тіреледі. Құжынаған қаланың өміріне ілесу үшін әрдайым асығып жүру керек. Сондықтан біздің де, оның да уақыты тапшы. Екі сағатқа созылған еркін әңгімеден кейін Хасанмен жылы қоштастық. Қазақстанға дұғай-дұғай сәлем жолдаған ол метроға қарай бет алды. Көшеде жүргіншілердің қарасы көп болғанымен, қалың нөпірдің арасынан қазақтың өршіл бейнесі ерекше көзге түсіп, ұзай берді...
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»