• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қаржы 16 Ақпан, 2018

Қанат Бозымбаев: Төртінші мұнай өңдеу зауыты қай өңірде салынатыны қазан-қараша айында белгілі болады

307 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің ел-жұрт алдында есебі кезінде жергілікті ардагер Жайсаң Ақбай Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сауал қойып, Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты қашан, қай өңірде салынатынын сұрады.  

- Елімізде салынатын төртінші мұнай өңдеу зауытының техникалық құжаттары қазір жасалу үстінде. Жол картасы жасалып, мамандар жұмыс істеп жатыр. Оның қай өңірде салынатыны биылғы қазан-қараша айларында белгілі болады, - деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, «Конденсат» АҚ-ның Қарашығанақта салынған жаңа зауыты жылына 80 мың тоннадан астам өнім шығаруға қабілетті. Бұл Батыс Қазақстан облысының ішкі қажеттілігін толық өтей алады. Егер таяудағы 1-2 ай ішінде зауыттың дизель отынын өңдейтін желісі іске қосылатын болса, министрлік зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. «Зауыт осы бір-екі ай ішінде жаңа желісін іске қосса, кәсіпорын жұмыс істеуге қажетті шикізатты Атыраудан немесе осы Қарашығанақ кенішінен беру мәселесін шешеміз» деді Қанат Бозымбаев. Айта кетейік, қазыналы кеніштің дәл үстінде отырған отандық кәсіпорынды шикізатпен қамту бұған дейін талай мәрте тығырыққа тіреліп, шикі мұнай өзге өңірден тасылып келген еді.

Министр Бозымбаев жергілікті тұрғындардың наразылығын жиі туғызатын мәселе – газ тарифі туралы да айтты. «Тегін газ жоқ, болмайды да» деген Қанат Алдабергенұлы батысқазақстандықтар тұтынып отырған Қарашығанақ газының құрамында күкірт көптігін, оны өңдеу қымбатқа түсетінін және шетелде – Орынборда өңделетінін айтып, «тарифті төмендету мүмкіндігі жоқ» деді.

- Қарашығанақ газының Орынборда өңделіп, қайтадан өзімізге келген кезде шекарадағы құны – 43 доллардан. Шикізаттың өзіндік құны, өңдеуге, тасымалдауға қанша шығын кететіні толық бақылауда. Рас, батысқазақстандықтар Ақтөбе, Атырау, Ақтаумен салыстырғанда қымбаттау газ тұтынады. Оның себебі – Ақтөбе газы өздерінде өңделеді, әрі шикізаттың сапасы да жақсы. Атырауда да осындай жағдай, ТШО-ның өңдеу зауыты салыстырмалы түрде арзан өнім шығарады. Бірақ Шымкент, Алматы, Жамбыл өңірлерінде газ бағасы Оралдан қымбат қой. Бұл жерде тариф өнімнің өзіндік құнына байланысты түзіледі. Біз, министрлік тарапынан тарифтердің ашықтығын қатаң бақылайтын боламыз, - деді Қанат Бозымбаев.

Министр биыл жыл ортасына таман Парламентте «Тұрғын үй қатынастары туралы» жаңа заң қаралатынын, бұл заң бойынша өңірлерде газ-техникалық инспекция қызметін құру мәселесі қарастырылатынын айтты. «Халықпен кездескенде жиі естіп жүрміз, «Қазтрансгазаймақ» мекемесіне айтылатын сын көп. Газ-техникалық инспекция құрылар болса, жергілікті билік орындары газ тасымалдаушы құрылымдардың жұмысын бақылап, ықпал ету тетігіне ие болады. Мұның өзі тұрғындарды көгілдір отынмен қамту мәселесінде кездесетін кейбір түйткілдерді оңынан шешуге тиіс, - деді министр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Орал