Астанадағы Назарбаев орталығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Төлеген Мұхамеджанов, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко, Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова сияқты елімізге белгілі өнер және мемлекет қайраткерлері қатысты.
2008 жылы Тұңғыш Президент Қоры ғылым, мәдениет және өнер саласында таланттарды қолдау мақсатында өз сыйлығын тағайындаған болатын. Содан бері үздіксіз беріліп келе жатқан бұл марапат – Қордың ең құрметті сыйлықтарының бірі.
Сыйлық байқау негізінде музыка, театр және сәулет өнері, хореография, кинематография, көркем әдебиет, журналистика, физика, математика, инженерлік, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар аталымдары бойынша айрықша шығармашылық жобаларына және заманауи ғылыми-зерттеулерге беріледі.
Қор сыйлығы танымал қайраткерлер үшін жоғары мәртебені тағы бір дәлелдеу болса, дебютанттар үшін – өзін көрсетудің тамаша мүмкіндігі.
2017 жылдың қорытындысы бойынша байқау комиссиясына мәдениет және өнер саласы бойынша 57 жұмыс келсе, ғылым және техника бағыттары бойынша 59 жұмыс түскен. Қор төңірегінде жұмыс істейтін жас ғалымдар кеңесі және шығармашыл жастар кеңесінің мүшелерінен тұратын байқау комиссиясының шешімі бойынша 12 аталым бойынша 21 адам лауреат атанды. Марапаттаудың салтанатты рәсімінде әрбір лауреатқа диплом, кеуде белгісі және ақшалай сыйақы табысталды.
Жаңа лауреаттарды құттықтай отырып Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев: «Бұл сыйлық жас таланттардың отын жағып, талаптарына қанат бітіру үшін керек. Елбасы әрдайым жастарға сенім артып, әрқашан жастар еліміздің болашағы екенін айтып келеді. Үнемі жаңа буынға демеу көрсету арқылы Елбасы қазақ жастары елімізге адал қызмет ететін азамат болатындарына сенеді», деді.
Елбасы қоры сыйлығының лауреаттары қатарында актер Берік Айтжанов, әнші Бибігүл Жанұзақ, режиссер Есләм Нұртазин, ғалым Сұлтанқожа Амитов сынды өнер, ғылым саңлақтары бар.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»