Адамның ақылы бойлап бара алмайтын мәңгілік мәселе, міне, осы – тұрмысы төмен отбасында туып, қалт-құлт күн кешкен ата-анадан тараған өрімдей екі жас үйсіздігінен, күйсіздігінен, жұмыссыздығынан балалы болудан қашады.
«Аққулар ұйықтағанда» атты жаңа спектакль атауы ойымызды бірден Мұқағали Мақатаевтың белгілі поэмасына қарай жетелеп кетті. Бірақ атауы солай болғанымен, пьесаның авторы, белгілі жазушы Нұрғали Ораз. Жылдағы дәстүр бойынша ақынның туған күні театрландырылған қойылым көріп үйреніп қалған қалалықтарға жазушы ақын поэмасының желісімен пьеса жазып шыққан болды ғой деп жорамалдап жатырмыз санаға сіңген өлең жолдарын жадыда жаңғыртуға тырысып. Жоқ, бұл мүлде жаңа пьеса. «Мүмкін, Мұқағали туралы болар?» дедік ең ақырында кешкілік тамашалаған спектакльден ақынның сұлбасын іздеп отырып. Жоқ. Мұнда да Мұқағали жоқ, бірақ ақынның рухы мынау әлеуметтік драманың өн бойына тұтас лейтмотив болып тартылған.
«Мұқағалидың бірнеше сахналық бейнесі бар емес пе, тағы да кейіпкер етіп алудың қажеті бар ма еді?» деген сауал бұл арада артық. Себебі Мұқағалидың өзін жеке-дара алып қарағанда, ақын тағдырындағы драматизм драматургтердің де, режиссерлердің де көңілін аудармай қоймайды. Қара өлеңінде қайғысын жасырмай жайып салғанымен, өзі жылдардың қатпарында жасырынған сайын бір ұрпақты ғана емес, әлі бірнеше ұрпақты толғандыратын жұмбақ тұлғаға айналып бара жатыр. Бәлкім, содан кейін болар, азаматтық болмысы, ақындық тұлғасы драмаға сұранып тұрады. Егер адам өмірінде бір рет, тіпті ілкі сәт махаббат пен жеккөрушілік, адалдық пен сатқындық туралы ойланған болса, онда ол адамды Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры ұсынған «Аққулар ұйықтағанда» спектаклі бей-жай қалдырмайды.
Ақын туралы өзге спектакльдерден басты айырмашылығы – драматург пен режиссер ақынды тірі кейіпкер жасап, сахнада ары-бері жүргізбейді. Ары-бері жүретіндер – екі кештің арасында пәтерден қуылып, қайда барып паналарын білмеген пақырлар мен тіршілік тауқыметін тартып, ала дорба арқалағандар. Мұқағалидың өзі емес, рухының көшедегі үй сататын жарнама тақтайшасының ішінен шығуының өзі көп нәрсені аңғартады. Тірі болса, осы баспанасыздарды бір-бір үймен жарылқай салар ма еді? Мұқағалидың елесін араластыру арқылы өң мен түстің арасы секілді уақыт кеңістігінде өтетін пьесада қыз барлық оқиғаны өрістетуші темірқазық. Шымылдық ашылғанда, тал-терегі қалың әдемі саябақ көрінді. Саябақ ішінде қол ұстасып бір-біріне ынтызар қыз бен жігіт келе жатыр. Екеуінен асқан бақытты жан жоқ. Анау арқалығы ұзын орындықта шоқиып ой үстінде отырған кейуана, мына бір бұрышта газет оқып, демалып отырған егде кісі, бақтың шаңын шығарып сыпырып жүрген мылқау жігіт, бәрі-бәрі саябақтың күнделікті тынысын сездіріп тұр. Еркелей басып келе жатқан қыз кенет ғашығына аяғының ауыр екенін жеткізеді. Осы әсерлі көрініс «аборт!» деген суық сөз естілгенде, сатыр-сұтыр найзағаймен бірге тас-талқан болады. Қалайша? Көлік жуып күнін зорға көріп жүрген жігіт баланы қайтпек?
«Аққулар ұйықтағанда» спектаклінде кейінгі ұрпақ қолымен жасалып, талай жастарды жарға жығып, дендеп бара жатқан қоғам дерті жасанды түсік жасату, баспанасыздық, қартайған ата-ананы жалғыз қалдыру, ұрлық секілді әлеуметтік қасіреттің мазмұны ашылады. Жас режиссер Ержан Қауланов осы аталған ауыртпалықтарды шектеулі кейіпкерлермен қыз бен жігіттің басындағы қиындыққа негіздеген. Қыз – аждаһадай жалмап бара жатқан некесіз қатынастың мың-сан құрбанының бірі, жігіт – кедейліктен, жауапкершіліктен қашқан босбелбеу жігіттердің жиынтық бейнесі. Ойнап жүріп, от басқан қыздың рөлінде тісқаққан, сақа сұлулардың бірі ойнағанда әсері мұндай болмас па еді, алайда осы образға театрға жаңа келген, тым жас актриса Нұржамал Әбілқиясқызы өте сәтті таңдалған. Жиырмаға жасы жетпеген бойжеткен аққу секілді адал, пәк, аңқау, үркек. Аузынан ана сүті кеппеген бала енді өзі ойда-жоқта балалы болмақ. «Аяғым ауыр» десе де, аузы аңқиып, «аборттың» не екенін өзі түсініп те тұрған жоқ. Ал саябақ ішінде серуендеп жүріп жастарға жолығатын Ақын – аға буын өкілі. Кемпірі қайтыс болған, басында даңғарадай үйі бар, жалғыз бала шетелде тұрады, немересі жат елдің тілімен өсіп келеді. Қойылым бойында екі ұрпақ өкілі, аға буын мен жас толқын арасындағы көзқарас қайшылығы мен адами, ар-ождан құндылықтарымен байланыстырылған әлеуметтік-философиялық мән жатыр. Адамның ақылы бойлап бара алмайтын мәңгілік мәселе, міне, осы – тұрмысы төмен отбасында туып, қалт-құлт күн кешкен ата-анадан тараған өрімдей екі жас үйсіздігінен, күйсіздігінен, жұмыссыздығынан балалы болудан қашады. Ал үйі де, баспанасы да бар аға буынның төрт құбыласы түгел шетелдегі баласы жағдайы бола тұра, балалы болуға асықпайды. Осы ой арқылы режиссер сонау көне заманнан бері жалғасып келе жатқан әлеуметтік әділетсіздіктің әлі күнге дейін күшейіп келе жатпаса, бәсеңдемегенін алға тартады.
Шынтуайтына келгенде, аққу да, ақын да – екінші пландағы мәселе. Бірінші планда – жасанды түсік мәселесі. Қыз бен жігіт дүниеге келуі тиіс бала жайын сөз еткенде, кенеттен күн күркіреп, аспанда найзағай ойнайды. Осы күркіреген да-уыс бір байламға келе алмай шарасыздыққа салынған қыздың алдында белгісіздік, түнек тағдыр күтіп тұрғандығын білдіретін ұтымды шешім. Сахнадағы бай декорацияның ішінде «сөйлейтін» найзағай көңіл толқытпай қоймайтын деталь. Осындай құлазыған сәтте кенет Мұқағалидың елесі пайда болып, саңқылдаған дауыспен өлең оқиды. «Ол өмірге келгенде көктем еді...» Ерте үзілген Майгүлін жоқтаған әйгілі шумақтарын оқып, «басына құйын үйіріліп соғып», ар-мұңы тапталған бейкүнә қызды қателік жасаудан сақтандырады. Қыз бойындағы ең қымбатын сақтаудың орнына, саналы түрде қиғысы келсе, ақын қапыда айырылған қымбатын қайта көре алмайтынына қайғырып, қан жұтып тұр. Мұқағалидың поэмасында баласының шыбын жаны үшін аққуды атып алып келіп, өмірін сақтап қалғысы келетін ананың шырылы суреттелсе, Н.Ораздың «Аққулар ұйықтағанда» пьесасында, керісінше, баласынан құтыла алмай жүрген ана мен әкенің мерездігі баяндалады. Отбасын құрғысы келсе де, олардың алдында психологиялық кедергі тұрғандығын осы мысалмен тарқатады. Мұқағали мұнда қойылымның комментаторы сияқты, сырттай бақылап, тірілердің тіршілігіне араласады. Мұқағали азғындық көрсе, аһ ұрып, аласұрып кетеді. Оның үшінші рет «төбеден» келіп төнетін тұсы адамды тебірентіп-ақ жібереді. Әмиянынан буда-буда теңгесі тасып, ақшасы шашылып жүрген ақсақалды абортқа қаражат таба алмай жүрген жігіт бос бөтелкемен басынан бір қойып, тонап кетпек болғанда, күркіреп ақын тағы келеді. Есін жинаған ақын ақсақал жігітке ақшасын ғана емес, баспанасын ұсынып, үйленбеген қалыңдығымен, өмірге келмеген баласымен бәрі бірге бас құрып, ортақ отбасы болып өмір сүруге шақырады.
Театр өнері үшін «жамандыққа – жақсылық...» Шекспир заманынан келе жатқан ескірмейтін, кез келген пьесаның салмағы мен мазмұнын көтере түсетін көне құндылық. Заман озса да, мәң-гілік тозбайтын шындық бұл. Мұндай қызықты интерпретация, орайлы сахналық шендестіру бір мәселені екі түрлі бағалайтын екі ұрпақтың арасындағы қайшылық түйіні болуға әбден сұранып тұр. Драма авторы Нұрғали Ораздың адалдықтың, тазалықтың символы болған аққуды алға тарта отырып, ізгілік пен мейірімді жырлаған Мұқағали рухын үлгі етіп, бүгінгі көрерменге мұқалса да, сынбайтын ізгі қасиеттерді қайыра дәріптеген мақсаты толықтай ақталды. Бойында аққудың тазалығы бар жас қыз бен жігіттердің жоғалуға айналған киелі құс секілді биік адами қасиеттерден, асыл құндылықтардан ажырап қалмас па екен деген қауіпке қанатымен су сепкендей қызметі бар спектакль. Прозада нәзік лиризмімен ерекшеленетін қаламгердің пьесасына да мөлдіреген табиғи тұнық реңк бергені жас көрерменге жағымды әсерін қалдыратыны сөзсіз.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ