Өнер адамы болып қалыптасу үшін міндетті түрде өнер академиясын, не болмаса ұлттық консерваторияны тәмамдаудың шарт емес екені жиі айтылады. Десе де адам баласына білімнің артық болмайтыны әуелден белгілі. Бірақ әрбір адамның тағдыр жолы әрқилы қалыптасады. Кейде ортаның жайы да, тұрмыстың күйі де талантты адамның тағдырына әсер етпей қоймайды. Әйтсе де мөлдіреген сезіммен астасқан табиғи талант шығармашылық адамын өнер әлемінен бөліп әкете алмайды.
Бүгінде өнер адамдарын «жұлдыз» атау сәнге айналып кеткендей. Көп тыңдарманның Алматыда алшаң басып жүргендердің бәрін солай қабылдайтыны белгілі. Әндердің арасында соңғы кездері хит ұғымы да пайда болды. Алайда ел ішінен шығып, сол елде қалып қойған шынайы өнер адамдарын көпшілік біле қоймайды. Сол хит әндеріңізді кімдердің жазғанынан да көпшілік бейхабар. Ал ауылда қалып, елеусіз күн кешіп жатқан таланттардың тағдыры солай жұмбақ күйде қала береді.
Манарбек Қойшыбаев Сарысу ауданының Өндіріс ауылында туған. Жастайынан өнерге құштар ол бала күнінен-ақ түрлі аспаптарда ойнап, өзінің талантын танытады. Тіпті облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға да қатысып, жүлделі болады. Манарбектің талантына бас иген ауылдастары оның аудандық «Сарыарқа» ансамблінде өнер көрсеткен жылдарын жұлдызды шағы деп есептейді. Сахнаның үлкен-кішісі болмайды десек те, Манарбек үлкен сахналарда өнер көрсетуді армандайды. Ол үшін Алматы қаласына барып, жоғары оқу орнына түсуге ниеттенеді. Бірақ тағдырдың бұйрығы оны Алматыға апармай, ата-анасына қарайлап, ауылда қалады. Бәрібір бойындағы өнері тыншу бермеген Манарбек Қойшыбаев кейін Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы нағашыларының қолына барып, жиырмадан енді ғана асқан шағында «Шу өлке» музыкалық ансамблін құрған. Сол кезде ол бүгінде танымал әнші Сәкен Майғазиевті ансамбль құрамына алып, бірлесе өнер көрсеткен екен. Сәкен Майғазиевтің де талай сұхбаттарынан Манарбек Қойшыбаев есімінің құрметпен аталатынын оқыған едік. Сәкеннің «Кішкене кезімнен соқпалы аспаптарда ойнағанды ұнатушы едім. Ауылда жүргенде гитарада да, домбырада да ойнадым. Маған ұстаздық еткен ағаларыма рахмет айтамын. Манарбек Қойшыбаев, Мақаш Тасыбаев деген ағаларым көп нәрсені үйретті», деген сөздерінен де Манарбек талантын тануға болатындай.
Ауылда қалған талант иесі ән шырқаумен бірге, сазгерлік қабілетінің бар екенін де танытты. Ешқашан атақ пен даңққа құмартпай, қарапайым тіршілік кешіп келе жатқан Манарбек Қойшыбаевтың қоңыр әндері бүгінде әлгі біз айтқан хит әндерге айналды. Мысалы, Сәкен Майғазиевтің орындауындағы «Аққулардың арманы» әнінің өзі үйлесімін тапқан ғажап ән. Ал жастар арасында кең танылып, бір кезде ол әнсіз той өтпейтін болған Әйгерім Қалаубаеваның «Телефоным шырылдаса сен деймін» әнінің өзі тыңдарман жүрегінде. Бұдан бөлек, оның «Қара шаңырақ», «Шудың бойын мекендеген бір елік», «Жол өткен», «Жиен бала» атты әндері бар.
Біз өнерге адалдық жайлы көп айтамыз. Шын мәнінде өнерге адалдық дегеннің өзі бойдағы талантты аялап ұстау ғой. Ауылда қалса да, үлкен сахналарда өнер көрсетпесе де Манарбек Қойшыбаевтың өнерге адалдығы сүйсінтеді. Өзінің қоңыр әндерімен көпшіліктің жүрегінен жол тапқан өнер иесін бүгінде көпшілік біле қоймайды. Енді Сарысу ауданының әкімшілігі қолдау көрсетіп жатса, ол шығармашылық кешін өткізгісі келетінін де жасырмайды. «Ел іші – өнер кеніші» дейді ғой қазақ халқы. Ел ішінде осындай азаматтардың болғаны қуантқанымен, оларға деген құрметтің дер кезінде көрсетіле қоймайтыны ойландырады. Бірақ тіршілік ағынымен туған жерінде қалған таланттың тұғыры қашанда биікте.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы