Кейбір өркөкірек жігіттер бұрынғы дағдысына басып, құқық қорғау өкілдеріне күш көрсеткісі келеді. Заңдылықты тексерген полицейлердің жағасынан алып, қорлау сөздерден бөлек, реті келсе текпілеп кетуден де тайынатындар аз емес.
Жақында Сарыағаш аудандық сотында осындай іс қаралған. Судья Самал Жолмұратқызы айтқандай, жас жігіт жол ережесін өрескел бұзғанымен қоймай, осы заңсыздыққа байланысты хаттама толтырған полицейді төмпештеп тастаған. Тергеу барысында жүргізушінің кінәсі толық дәлел тапқан. Ол енді ҚР ҚК-нің «құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қолсұғушылық» бабы бойынша айыпталып, жазаға кесілді. Сөзінен қолы ұзын жігіт бір жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.
Әлеуметтік желіде жігіттерді қойып, әйелдердің де полицейлердің пагонын жұлып, аяқ-қолын сермеп ұрып жатқан сәттері талай жарияланған болатын. Заңдылықты жақсы білетін полицейлердің дені қорғанғаннан артыққа бармай келді. «Көп асқанға – бір тосқан». Енді шоқпардай жұдырығын ала жүгіргендер ақылға келетін шығар.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы