«Казахстанская правда» газетінің Алматы бөлімшесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан Халқына Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиында бас қосқан бірқатар құрылымдардың басшылары Жолдауда айқындалған мақсат-міндеттерді іске асырудың жолдарын саралады.
Өз пікірін ортаға салған дөңгелек үстел қатысушылары Елбасының биылғы Жолдауы осыған дейінгі ұсынылып, елімізде ретімен жүзеге асырылып келе жатқан «Мәңгілік ел»,«100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Цифрлы Қазақстан» сияқты маңызды реформалардың заңды жалғасы екендігін айтты. Инновациялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, сол арқылы елімізді бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына кіргізу, руханият пен мәдениетті жетілдіру сияқты идеялардың барлығы мемлекетімізді дамытушы күш екенін баса айтқан сарапшылар Жолдауда көрсетілген 10 басымдықтың маңызына жекелей тоқталды.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасы Жолдауы аты айтып тұрғандай ел дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын құнды құжат деп есептеймін. Экономиканың кез-келген саласын жаңа технологияларсыз елестету мүмкін емес. Мейлі қаржы саласы, мейлі дамудың басқа тетіктері болсын ақылды технологияларға тікелей тәуелді. Еліміздің бұл бағыттағы беталысы Елбасы Жолдауында ерекше айтылып, оны одан әрі жандандырудың анық әрі тиімді жолдары көрсетілген. Оны іске асыруда бәріміз табандылық танытуымыз қажет» дейді Алматы қалалық Білім басқармасы орта білім беру бөлімінің жетекшісі Ақмарал Айтуарова.
Жолдаудағы «Адами капитал-жаңғыру негізі» бөлімінің еліміз үшін аса маңызды екенін айтқан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айгүл Байбаханова: Бұл бағытта адам капиталына байланысты негізгі ұсыныстар айтылып, тың бағыттар сарапқа салынған. Президентіміз жас ұрпаққа білім берудің сапасын жетілдіру, және оның мазмұнын замана талабына сай жүзеге асырудың нақты жолдарын көрсетті. Адам капиталын дамыту – мемлекетіміздің жарқын болашағы. Жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу болашаққа салынған басты инвестиция. Бұл күні ертең-ақ өз жемісін береді. Елбасының бастамасымен қолға алынған әр бағдарламада айқын мақсат пен терең идея жатыр» деп атап өтті.
Жолдауда көрсетілген жекелеген бағыттардың барлығын біріктіретін ортақ күш мемлекет дамуы. Сондықтан, Елбасы алға қойған мақсаттарды іске асыруда әр қоғам мүшесі белсенділік таныту қажет дейді жиналғандар.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»