• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Ақпан, 2018

Ақтоғайда «Қараөлең - қарашаңырақ» атты жыр кеші өтті

858 рет
көрсетілді

Таяуда Ақтоғай ауданының мәдениет үйінде қарағандылық өнерсүйер қауым Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бағдат Мүбарактың 40 жасқа толуына орай «Қараөлең - қарашаңырақ» атты жыр кешінде жүздесті. 

Аудан әкімі Салтанат Әбеуованың бастамасымен Ақтоғай жұрты жерлес ақындарының «Алтынкүрек» атты кітабын шығарып, аталмыш кеште жаңа жинақтың тұсауын кесті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылатын санадағы рухтың түлеуі, жадыдағы жазудың жаңғыруы осындай кештерде ойға оралады. Ақынның мерейтойына Алматы мен Астанадан, Қарағандыдан ақын-жазушылар, белгілі өнер адамдары келді. «Тоқырауын толқындары» ансамблі бастаған бір топ әншілер де өлең кешінің өзегіне айналды. Салиқалы сөз бен салмақты саз жарасым тапқан жақсы жиында жыр оқылып, жан жадырады. Бағдат Мүбарак бүгінде қазақ поэзиясының қадамы бөлек қаламгері болып қалды. Оған ақынның озық өлеңдеріндегі образды ойлау үлгісі мен мазмұн тереңдегі, форма ерендігі куәлік.

Кештің шымылдығын аудан әкімі С.Әбеуова мен ақын, жазушы, республикалық «Қасым» журналының бас редакторы С.Сағынтай түріп, кітаптың тұсауын кесті. Аудан атынан ақынға ерекше сый-сыяпат жасалды.

Ақынды ақын ардақтаса ол – делебе. Ал, ақынды әкім ардақтаса – ол өнеге. Осындай өнегелі істі облыс әкімі Ерлан Қошанов та көрсетті. Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы Дулат Аманжол жеткізген ақ тілектен біз осыны аңғардық.

Ерекше айтатын жайт,  Бағдат ақынның кешіне «Тоқырауын толқындарын» күймелі ән керуенінің ақбас бурасы Амантай Жұмашев алып шығуы ғой. Сондай-ақ, кештің қадірлі қонақтарының қатарында талантты актер Кеңес Нұрланов, белгілі әнші Роза Әлқожаның да болуы халықтың ерекше ықыласын тудырмай қоймағаны анық. Кештің келелі сөзін айтқан ақынның ағасы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан да қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасымен келген ақын жырларының ерекшеліктері мен өзіндік өзгеше бітім-болмысын әсерлі баяндады.

Жыр көшінің жалауын желбіретіп жеткен Дәурен Берікқажы мен Танакөз Толқынқызы бастаған ақындар өнерлі өлкеде өлең оқып, Ерлан Құжыманов, Құрмаш Ыбышев, Ержан Базарбеков, Дәуренбек Әркенов сынды әншілер сахнаның сәнін келтірді.

Ақынның өлеңіне жазылған эстрадалық әндерді Е.Серкебаев, Н.Клим орындады.

Р.S. Алтынкүрек – алғаш көктемде желпитін жылы леп, майда самал. Алайда ол соншалық нәзік болмысымен-ақ қасарысып жатқан қасат қардың көбесін сөгіп, көктемнің алғашқы бәйшешек-тағдырына жол ашады. Поэзия, демек тура осы алтынкүрек. Ол да адамзат жаралғалы бері оның жүрегіндегі енді қайта жібіместей болып бекіген шер-шеменді бір нәзік сәуле-сөз арқылы жібітіп келеді...

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»