Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі, академик Ғарифолла Есім бүгіннен бастап аты-жөнін латын әліпбиімен жаза бастайтындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кез келген істің өзіндік бейімделу процесі болады. Мәселен, мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бүгіннен бастап тегімді, әкемнің атын, өз атымды, жақын адамдарды латын графикасында жазуды қарқынды түрде бастамақпын. Өйткені, бейімделу деген дәл осылай басталады. Сіздерге де соған кеңес беремін. Кез келген ұйым, кез келген адам бейімделе бастауы қажет», - деді ол.
Осы ретте академик құжаттамаларды да біртіндеп бейімдей бастау дұрыс боларын баса айтты.
«Онда тұрған қандай қиындық бар? Бұл әріптердің барлығы белгіленген, баршамызға аян. Мен өзім неміс, ағылшын тілдерін оқығанмын. Бұл топтағы тілдердің барлығы маған, ал жастарға тіпті белгілі. Жастар, сіздер бір-бірлеріңізге латын әліпбиінде жазасыздар ғой, солай емес пе? Солай. Ендеше сіздерге бұл еш қиындық тудырмайды. Бейімделу қажет, безінудің реті жоқ, дағдылану керек», - деді Ғарифолла Есім.