Алтай аймағындағы Шіңгіл ауданында әр ұлт өкілінен құралған 13288 адам бір мезетте «Қара жорға» биін билеп, Гиннестің рекордтар кітабына енгенін естігенде менің ойыма аудандағы «Өнер» мектебінде жұмыс істейтін Қуанған Иманханұлы орала кетті.
«Қара жорға» биі төңірегінде әртүрлі алыпқашпа сөз көп. Моңғолдардың да, қытайлардың да «меншіктеуіне» қарағанда көне заманнан ұмытылмай келе жатқан саф өнер туындысы ерекше қызықтырса керек. Бірақ бұл жорамалдардың бәрін Қуанған бауырым жоққа шығарады. Ол үшін еш таластың керегі жоқ, шығарманың түп-тамырына бойлаған адам оның қазақтың төл биі екенін бірден аңғарады, дейді ол. «Қара жорға», «Аю», «Бүркіт» билері сияқты ата-бабамыз бізге мирас етіп қалдырған көне мұралардың молдығын, бимен қатар ән, күй саласында да сөзі анық, бояуы қанық шығармалар жеткілікті екенін өнер адамына тән қызба мінезбен баяндағанда екі көзі шырадай жанып, қолды-аяққа тұрмай кетеді. Қазақтың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан буын биінің классикалық үлгісі ретінде танылған «Қара жорғаны» билей жөнелгенде «қазақта би болмаған, би өнері дамымаған» деген пікірлердің ұшқары айтылғанына көзің әбден жетеді.
Бидің небір жауһарлары Алтай қазақтарында сақталып қалған. Бұл би Қытайда ең таңдаулы 12 туындының бірі болып есептеледі. Сан ғасырлық өмірбаяны бар «Қара жорғаның» өңірімізде алғаш танылуына, кеңінен таралуына Қуанған Иманханұлы жанкештілікпен атсалысып жүр. Ол атамекенге оралғанға дейін Моңғолияның Баян-Өлке аймақтық сазды-драма театрының директоры қызметін атқарған. 1986 жылы Ленинград мемлекеттік мәдениет институтынын тәмамдаған. Осы шаһарда атақты бишілерден дәріс алған. Жоғары білімді кәсіпқой бишінің содан бергі саналы ғұмыры би өнерімен тығыз сабақтас. Уәлиханов ауданына келісімен «Өнер» мектебінде тұңғыш би үйірмесін ашты. Оның репертуарында «Қара жорғадан» басқа «Аю», «Бүркіт», сонымен қатар шығыс, славян билері де бар. Бишілер тобы байқаулардан жүлдесіз оралған емес.
– «Қара жорға» буын биінің төресі, шыңы саналады. Себебі мойыннан бастап бақайшыққа дейінгі буындардың бәрі мәнерлі, үйлесімді қозғалыста болуы шарт. Оның өзі төрт бөлікті қимылдан тұрады. Атап айтқанда, дене ырғағы, топшы толғақ, буын бұлғақ және аяқ жорғақ. Осылардың бәрін топтастырып билегенде су төгілмес жорғаның жүрісі мүлтіксіз бейнеленеді. Өте күрделі, сонысымен тартымды. Басқа билерден өзгешелігі – кей тұстарда шапшаң, кей жерлерде байсалды, жайдары орындалуында. Менің топшылауымша ең алдымен «Қара жорға» күйі, содан кейін күй әуенімен би пайда болған секілді. Шыққан жері Алтайдың төрі болғандықтан қазақ даласының кербез сұлулығын бейнелейтін тұстар, қимылдар көп,– деп, би тарихынан сыр шерткен бауырымыз қорбаңдаған аюдың маймақ жүрісін, қияға қанат қаққан қыранның шарықтай ұшқанын билеп көрсеткенде керемет әсерлендік.
Сағидолла ИКЕНОВ,
жергілікті өлкетанушы
Солтүстік Қазақстан облысы,
Уәлиханов ауданы