Бүгін елордада грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының ұйымдастыруымен жаңадан ашылған Әйелдер күрес академиясының таныстырылу рәсімі өтті.
Бұған дейін дәл осындай орталық тек Алматыда ғана болатын және ол еркін күрес шеберлеріне арналған. Ал бұрымды спортшылардың академиясы алғаш рет құрылып отыр. Яғни елорданың орталығында орналасқан спорттық кешен енді ұлттық құрама мүшелеріне жыл он екі ай қызмет көрсетеді. Оқу-жаттығу жиындарына ыңғайлы болу үшін бұнда жеке жаттығу залы, өз қонақ үйі және асханасы бар. Ал үлкен залға төселген боз кілемде негізгі жаттығу жұмыстары жүреді. Қазірдің өзінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар бұнда Азия чемпионаты алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Құрлықтық дода 27 ақпан мен 4 наурыз аралығында Бішкекте өтеді.
Әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев бұл академияның ұлттық құрамадан тыс қалған қосалқы құрамның балуандары үшін қолайлы дейді. «Бұл академияның мақсаты – алдымызда өтетін Азия ойындары, Әлем чемпионаттары және 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына ұлттық құрамадан басқа қосалқы команданың шеберліктерін дамыту, жарыстардан келгеннен кейін командамен анализ жасаймыз. Тамақтануға немесе басқа да қажетті заттарға жағдайлар жасалған», дейді ол.
Академияның ашылу рәсіміне грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының әйелдер күресі бойынша вице-президент Гузель Манюрова, Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев, бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев пен жеңіл атлетикадан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ольга Шишигина қатысып, соңынан ерген спортшыларға сәттілік тіледі.