Пхенчхандағы XXIII қысқы Олимпиада ойындарында биатлоннан Белоруссияның әйелдер құрамасы жарыстың жеңімпазы атанды. Құрама сапында Қазақстанның тумасы Динара Әлімбекова да бар. Осылайша тұңғыш рет қазақ қызы Қысқы Олимпиада ойындарының алтын медаліне ие болып отыр.
Беларусь қыздары эстафеталық жарыста 1:03:54.5 уақытымен Швеция (күміс, 1:04:17.2) мен Францияны (қола, 1:04:27.6) басып озып алтын медальді жеңіп алды. Беларусь атынан өнер көрсеткен спортшылар қатарында Қазақстанда туған Динара Әлімбекова болды.
Динара 1996 жылғы 5 қаңтарда Қарағанды облысындағы Абай қаласында дүниеге келген. Үш жасқа толғанда оның әке-шешесі Беларусь еліне тұрақты тұру үшін көшіп кеткен. Алғашында ол шаңғы спортымен айналысқан. 2008 жылы биатлонға ауысады. Динара - Жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы (2015 жыл, әйелдер эстафетасы), IBU CUP күміс жүлдегері (2016 жыл, спринт), Юниорлар арасындағы жазғы әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері (2017 жыл, аралас эстафета және спринт). Ол сондай-ақ, Беларусь Республикасының спорт шебері атағына қол жеткізген.
Қазір Динара Беларусь мемлекеттік дене тәрбиесі университетінің шаңғы спорты және биатлон кафедрасында білім алып жатыр.
Ал Биатлон бойынша Қазақстанның әйелдер құрамасы Галина Вишневская, Дарья Климина (Павлодар), Алина Райкова (Ақмола облысы) және Ольга Полторанина (ШҚО) жалпы есепте 18 команданың ішінде 14-ші орынды иеленді (1: 14: 18.0).