Қуаныш Сұлтановтың төрағалық етуімен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.
Онда есірткінің заңсыз айналымы мен есірткіге тәуелділікке қарсы күрес, нашақорлықтың алдын алуға және азаматтардың денсаулығын сақтау құқығын қамтамасыз ету, саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері кеңінен қаралды. Сондай-ақ халықтың денсаулығын сақтау және нашақорлықтың алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-жапсары талқыланды.
Осы өзекті мәселелерге байланысты Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева баяндама жасады. Соңғы кездері арзан есірткі түрлерін сату амалдары тіркеліп отыр. Оны дайындау да, сату да жеңіл көрінеді. Бірақ оны пайдаланған адам бірден ауыр психикалық дертке ұшырайды екен. Ал «Есірткі заттары туралы» заңға байланысты заңда тіркелген есірткілер ғана есірткі заттары болып танылады. Сондықтан жоғарыда айтылған синтетикалық есірткілер тізімде жоқ.
Баяндамада айтылған мәселелерді талқылауға қатысқан сарапшылар нашақорлықтың алдын алу мен емдеу ісі елдің денсаулық сақтау саласын дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала беруге тиіс екенін атап өтті. Осыған орай комиссия мүшелері нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу мен оған қарсы шараларды үйлестіру мәселелері жөніндегі комиссияның, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктері жанындағы нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың нашақорлықтың алдын алу, есірткіге тәуелді адамдарды медициналық және әлеуметтік оңалту қызметін жандандыру қажеттігін тілге тиек етті.
Шығып сөйлеушілер аталған мәселелерге қатысты алдын алу жұмысы аясында барлық деңгейдегі әкімдердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарының назарын балалардың, жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға айрықша бөлу керектігін айтты. Сондай-ақ спорт түрлерімен тегін шұғылдану клубтары желісін, туризммен, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға арналған секцияларды дамыта беру қажеттігі ескерілді. Оған қоса он екі жасқа толмаған, аз қамтылған және тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балаларға арналған жазғы демалыс лагерлерін дамыту ұсынылды.
Комиссия отырысына заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, емдеу мекемелердің, адвокатураның және т.б. салалар өкілдері қатысты. Олар жоғарыда айтылған негізгі екі мәселемен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабында көзделген меншіктің конституциялық кепілдіктерін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін де талқыға салды. Ал комиссияның отырысында тұжырымдалған ұсынымдар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкіметтің назарына жолданбақ.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»