Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Баласағұн» орталық концерт залында әйгілі композитор, атақты күйші Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Өз елім» атты танымдық концерт өтті.
Жалпы, Нұрғиса Тілендиевтің дирижерлігі де, күйшілігі де, композиторлығы да жалпақ жұртқа белгілі. Қараорман қазақтың қайғысы мен қуанышын қатар әнге қосқан Нұрғиса Атабайұлының әндері патриоттық рухқа, лирикалық сағынышқа толы. Бозбала кезінде қолына қару ұстап қан майданға аттанып, әскер сапында ерлік көрсеткені де ұрпаққа үлгі. Ал өнер қайраткерінің дүниеге келу тарихы, өмір сүрген кезеңі, шығармашылық жолы сияқты құндылықтар да көптің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Міне, кеш барысында даңқты өнер иесінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен деректі фильм көрсетіліп, көрерменге көрнекті тұлға жайында кең мәлімет берілді.
«Ақкербез» бишілер ансамблінің орындауындағы «Шаттық» биі шара шымылдығын түрсе, композитордың «Аққу» күйіне мың бұрала билеген Нигора Давронованың өнері көпшілікті тәнті етті. Нұрғиса Тілендиев шығармашылығына арналған кеш барысында «Алатау» тобы, Маралбек Бабақұлов, Анна Вундер, Оңал Азаматова, Ғани Мәтебаев, Мәдина Сағынбекова және өзге де өнерпаздар композитордың әсем әндерін нақышына келтіре орындап, Әулиеата аспанын әнмен тербетті. Тіпті Нұрғисадай талант иесіне деген сағынышы мен құрметін халық оның әндерін әншілермен қосыла шырқап жеткізді.
Хамит Есаман, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы