Былтыр облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, айдынды Алакөлдің жағасы адам танымастай кейіпке енгені белгілі. Көл жағасын абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасын табады.
Ең бастысы, ағымдағы жылы Өскемен мен Семей қалаларынан «Жалаңашкөл» станциясына дейін теміржол қатынасы жолға қойылып, облыстық бюджет есебінен аталған теміржол бекетінен Қабанбай ауылына дейінгі (Алакөл көлі) автокөлік жолы жөнделеді. Мұндай жағымды жаңалықты өңір тұрғындары алдындағы есептік кездесуде облыс басшысы Даниал Ахметовтің өзі жеткізді. «Алакөл – елдің мақтанышы. Біз Алакөлді Түркия мен өзге де елдердегі демалыс орындарының деңгейіне жеткізуге күш салып жатырмыз.
Соңғы екі жылда жалпы сомасы 4,3 млрд теңгеге облыстағы негізгі туристік орындарға апаратын автокөлік жолдарын жөндеуден өткіздік. Сонымен қатар Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірінің және Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай әулие кесенесінің маңындағы туристік инфрақұрылым жақсартылды», - деді облыс әкімі.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы