Ұлттық ғарыш орталығында 2017 жылдың қорытындысы мен Елбасының «Төртінші өнеркәсіп жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген тапсырмалар бойынша Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (ҚАӨМ) алқа жиыны өтті.
Басқосуға Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов, Парламент депутаттары, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және басқа да мемлекеттік орган, бағынысты ұйымдар мен кәсіпорындар басшылығы қатысты.
Бүгінгі таңда министрлік елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін тиімді түрде іске асыруға мүмкіндік беретін саланың нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде.
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастырудың жаңа механизмдерін реттейтін және отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қолдау шараларын қарастыратын «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс» заң жобасы Парламенттің қарауына енгізілді.
2018 жылдан бастап Қорғаныс министрлігінің қорғаныстық тапсырыс бюджеті ҚАӨМ-ге өтеді. Бұл әлеуетті органдарды өзіне тән емес функциялардан босатады және қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорынның ілгерлемелі дамуын қамтамасыз етеді.
Қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттің жаңа технологиялық мүмкіндіктерін құруға бағытталған саланың тұжырымдамалық негіздері жүзеге асырылуда.
Министрліктің басты жұмыс бағыттары қатарына Қазақстанның қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік саласындағы мәселелерді шешу үшін қару-жарақтың жаңа және перспективті түрлерін, техниканы өндірудің және қызметтерді көрсетудің толық циклін басқару да жатады.
«Егемен-ақпарат»