Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасынан «Елім деп өткен Ер Жалау» деген спектакльді көргеннен кейін алаш рухының асқақтығына куә болдым.
Авторы – белгілі жазушы-драматург Өтен Ахмет. Ал сахналаған «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалы Жастар қанатының әуесқой жас әртістері – мектеп оқушылары, колледж студенттері. Режиссері – филиалдың жетекшісі, жас талап Әлия Исаева. Қазақ елі тарихындағы ең бір күрделі кезеңде үкімет басқарған Жалау Мыңбайұлындай, оның сенімді серігі Сұлтанбек Қожановтай, еріксіз шетел асқан Мұстафа Шоқайдай кез келген менмін дейтін әртістің өзі жүрексінетін ұлы тұлғалардың рөлінде ауыздарынан ана сүті кеппеген өрендер ойнайтынын білгенде, қазақта «Қарың көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген мақал бар ғой, сол естеріне түскендей, зал толы көрерменнің ә, дегенде іш тартып қалғаны анық-тын. Алайда сахнадағы көріністер басталған бетте-ақ ол күдікті ойды бірден ыдыратты да жіберді. Тар заманда қазақтың еркіндігі мен берекелі болашағы үшін жандарын шүберекке түйген кешегі ұлы тұлғаларды көрген көрермен кейіпкерлермен бірге толғанды, халыққа орны толмас нәубет әкелген уақыттың уланған ауасын бірге жұтты, запыран құсты.
Оқиға-тартыс алғашқы астанамыз Орынбордан Ақмешітке (Қызылорда) ауысқан күннен бастап үкімет басқарған Жалау Мыңбайұлы төңірегінде өрбиді. Небары 37 жасында дүниеден өткен Жалаудың қысқа ғұмырында тындырған ісі қыруар. Бірақ спектакль авторлары қайраткердің өмірбаян ізімен кетпей, оның адами қасиеттері барынша ашылатын мәнді тұстарын алған. 1919 жылы Каспий теңізі арқылы Мұстафа Шоқайды шетелге шығарып салуы, өзі редактор болып «Ауыл тілі» газетін ашқанда, үлкен үміт артып Міржақып Дулатұлының оған өзімсіне мұң шаққандай болып хат жазуы, Мәскеуден арнайы жіберілген Ф.Голощекин Қазақстанда кіші октябрь төңкерісін жасау керек, байлардың малын тәркілеп, ауылды ұжымдастыруға көшіруді тездету керек деп жаны шыға жаныққанда, Жалау Мыңбайұлы қарсы шығып қана қоймай, намысына күйген сәтте шыдамай кетіп, оны аямай жұдырықтап та тастауы әсерлі өріледі.
Жалау рөліндегі Рамазан Таңсықбаев сырт келбетімен де ішкі жан күйзелісін беру, сөз саптау мәнерімен де кейіпкеріне ұқсай білген. Оның Мұстафа Шоқайды шығарып саларда «большевиктен көмек болады деп қорықпай қалай келгенсіз, сіздің шетелде жүріп айтар сөзіңізді мұндағылар керек қылар деймісіз» деуі, ойындағысын бұлтақтамай тура айтатын жігерлі де қайсар, бірбеткей жан екенін көрсетеді. Сұлтанбек рөліндегі Жұмағазы Айдар бой тұрқы шағындау болғанмен, түр әлпеті кейіпкерінің біз білетін суретіндегі келбетінен аумай қалыпты. Сөйлей жөнелгенде, жүріс-тұрысына, қимылына сөзі сай келіп, іріленіп кетеді.
Қойылым аяқталғаннан кейін сахнаға көтерілген Сұлтанбек Қожановтың немересі Светлана Борисовнаның «алдымен атама сәлем берейін» деп, Сұлтанбек бейнесін сомдаған Жұмағазыны құшағына алып, бетінен сүйіп, көзіне жас алған сәті зал толы көрерменнің көңілін түгелдей толқытып жіберді. Және Жұмағазының ойынына берілген әділ бағадай қабылданды. Мұстафа Шоқайды ойнаған Ғазиз Ізтұрғановты мен осыдан екі жыл бұрын осы сахнадан «Азаппен өткен өмір-ай» спектаклінде Ахмет Байтұрсынұлы рөлінде көрген едім. Байыптылығы, ойлылығы сүйсіндірген. Оның бұл жолғы ойынынан да ұлты үшін бойындағы бар қуатын сарқып беруге бекінген, ол үшін еркін көсіліп әрекет ететін ашық алаң іздеген, алдағыны болжай білген кемеңгер тұлға екенін таныдық. Жалаудың жары Күміс рөліндегі Нұргүл Бектұрсынова, ақын Иса образын сомдаған Наурыз Қайырбаев, қыр қазағын бейнелеген Рақымжан Ізтұрғанов спектакльдің бас-аяғы жинақы, жұмыр, әсерлі шығуына өз үлестерін қоса білді. Осындағы Қара кісі жалған ұранға құдайдай сеніп, біліп те білмей адасып сатқындық жолға түскен, ұлтын сүйген қазақ зиялыларының басына қара түнек орнатқан белсенділердің жиынтық бейнесі. Бұл күрделі рөлді жас театрдың талантты әуесқойларының бірі Шәміл Кенже сомдады. Қойылымның басынан аяғына дейін Жалау екеуінің екі түрлі көзқарас тұрғысынан шарпысуы спектакльдің тартысты, ширақ өтуінің кепілі болды.
Бұған дейін де «Азаппен өткен өмір-ай», «Жұлынқұрт», «Ананың ақ сүті», «Әке өкініші» спектакльдерімен, Маңғыстау аймағын сүйсінткен, Қостанай, Астана көрермендеріне де біршама танылып үлгерген жас режиссер Әлия Исаева бұл жолы да қиын тақырыпты жақсы игерген.
Жалпы, әуесқой әртістердің соңғы бір жылда тындырған ісіне кәсіби театрдың өзі қызыққандай. Филиалдың басшысы, жастардың ақылшы ұстазы Жаңбырбай Матаевтың айтуынша, осы аралық ішінде бұлар 20 мың адамды қамтыған 61 рет спектакль көрсетіпті. Ойымды Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының тікелей ұрпағы, алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгер сөзімен түйіндесем, «Жалау Мыңбайұлының қайраткерлік тағдыры жайында керемет спектакльді көрдік» – деді ол.
– Сондықтан оқушылар мен студенттерден құралған әртістерді әуесқой деуге келмейді. Олар күрделі тақырыпты жақсы меңгеріп, образдарды кәсіби деңгейде сомдай білді. Драма соңында қара киімді, қара ниетті көлеңке төменде қалып, ақ киімді ер Жалау өзінің лайықты тұғырына көтерілді.
Қорыта айтқанда, үлкен кәсіби театрлар бата алмаған тақырыптарды игеріп, қалың көрерменнің көкейіндегі отансүйгіштік өр сезімдерін оята білген әуесқой жас әртістердің бүкіл елге үлгі боларлық бұл келелі ісі қайта жаңғырудың бір жарқын феномені – айтулы құбылыс деуімізге әбден лайық деп есептеймін.
Аманғали ШАМШАДИНҰЛЫ, зейнеткер