Алматыда 1000-нан астам спортшының қатысуымен шығыс жекпе-жегі фестивалі өтті. «Спорттық Алматы» жобасының аясында ұйымдастырылған айтулы шарада аралас жекпе-жек, «Fullcontact karate», «Shotokan karate», «Taekwondo» және «Combat aikido» спорт түрлерінен арнайы жарыстар ұйымдастырылды.
Соңғы жылдары шығыс жекпе-жегіне жататын спорт түрлерімен айналысуға ден қойған ел жастарының саны артып келеді. Үздіктер бәсекесінде еліміздің бірнеше қаласы мен көршілес Қырғызстаннан келген 5-17 жас аралығындағы спортшылар бақ сынады.
«Бағанашыл» спорт кешенінде өз өнерлерін көрсеткен спортшылар, боз кілемде аянып қалған жоқ. Нәтижесінде, әр жас, салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, үздік деп танылғандар медаль, диплом және арнайы кубокпен марапатталды. Сонымен қатар спорттың әрбір түріне арнайы сыйлықтар беріліп, «ең үздік техника», «жеңіске деген жігері үшін» және «ең қысқа жекпе-жек» аталымдары бойынша нағыз мықтылар сараланды.
– Бұл жарыстан алған әсерім ерекше. Таэквандодан бірінші орын алып, екі айлық дайындығымның зая кетпегенін дәлелдедім. Өте ризамын, қарсыластарым да осал болмады. Бұл спорт түрімен айналысқаныма екі жыл болды, өте ыңғайлы әрі техникалық спорт деп санаймын. Ел чемпионаты мен халықаралық жарысқа да қатысып үлгердім, нәтиже жаман емес, – дейді таэквондадан +65 кг салмақ дәрежесінде топ жарған алматылық Нұржан Жұмабаев.
Нұржаннан бөлек спорттың басқа да түрлері бойынша жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздардың қуанышында шек жоқ. Жүлделі орынға ілікпегендердің де жүзінен өкініштің нышаны байқалмайды. Ең бастысы өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызатын осындай фестивальдер мен жарыстар жиі өтіп тұрса дейді жас спортшылар.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ