Бұл туралы Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Белгілі болғандай, Түркі академиясының биылғы негізгі бағыттарының бірі – Орталық Азия мемлекеттері болады.
Осы орайда, Академияның 2018 жылғы жоспарларында Өзбекстанға археологиялық экспедиция ұйымдастыру бар. Сонымен қатар, TWESCO қазір Өзбекстан Ғылым академиясымен ынтымақтастық меморандумын бекітуге келіссөздер жүргізіп жатыр. Айта кету керек, Академия 2017 жылы өткізген ІІ «Ұлы дала» гуманитарлық ғылымдар форумына алғаш рет Өзбекстаннан ауқымды делегация қатысқан болатын.
Журналистермен өткен жиында сондай-ақ, көрші қырғызстандық ғалымдармен көптеген ортақ жобалар жоспарланғаны белгілі болды. 2018 жылы адамзаттың Айтматовы атанған әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы. Түркі академиясы бұл датаны да кең көлемде, халықаралық іс-шаралармен атап өтетін болады. Қазір жазушының мұрасына байланысты қырғыз ғалымдармен бірге дайындалған екі томдық үлкен монография баспаға әзір.
Сонымен қатар, биыл қырғыз елімен бірге атақты манасшы Сағымбай Оразбақовтың 150 жылдығына орай бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Мұның сыртында TWESCO-ның Түрікменстан және Тәжікстанмен ғылыми интеграцияны арттырып, бірлескен жобалар жүргізуді қолға алғаны туралы айтылды.