• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Медицина 02 Наурыз, 2018

Салтымызға сақ болайық

782 рет
көрсетілді

Ақсақал, сәл төменірек отырыңызшы, бұл имамның орны еді, деді жас жігіт төрде отырған қарияға өтініш жасап. Орнынан амалсыздан көтерілген ақсақалдың жүзінде реніш табы байқалды. Сәлден соң отыздың о жақ бұ жағындағы имам келіп, төрдегі орынға жайғасты. Тағы бірде кешігіңкіреп келген жас имам дастарқанның басына жайғасып үлгерген жамағаттың, оның ішінде аға буынның бірін орнынан тұрғыза, енді бірін ығыстыра төрге қарай беттеді... Иә, мұндай көріністер сирек те болса, кездесіп қалады.

Жалпы, қазіргі заманғы имамның бітім-болмысы қандай болуы керек? Мұсылман қауым төрін ұсынатын «имам» кім деген сауалға берілер жауап та әрқилы. Кейбірі имамдардың жұмысын аса жоғары бағаласа, енді бірі құлықсыз ғана жауап береді. Десек те, ел бірлігі үшін имандылықты ту еткен имамдардың еңбегі қалай болғанда да көпшіліктің қолдауын қажет етеді. Имамның кішіпейіл, мейірімді, ізетті, сабырлы болуы керек екенін өмірден алынған мысалдармен, даналардан қалған ұлағатты сөздермен де сипаттап беруге болар. Бүгінгі ислам дінінің халық алдындағы беделі де имамдардың іс-әрекеті мен жұртшылықпен жылы қарым-қатынаста болуына байланысты екені және мәлім. Бұл орайда, қазақтың «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман діннен шығады» деген сөзі де еске түседі. 

Имамдардың дастарқан басында ғана емес, қоғамда алатын орны Шымкентте «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» тақырыбында өткен басқосуда да айтылды. Жоғарыдағы мысалдар келтірілді. Дегенмен негізгі әңгіме ұлттық салт-дәстүр мен діни рәсімдердің сақталуындағы аға буынның рөлі, қазіргі қоғамдағы діни рәсімдерді, жоралғыларды жүргізу барысында ысырапшылдыққа жол бермеу мәселелері төңірегінде өрбіді. Айта кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі – орталық мешіт жанынан құрылған ақылдастар алқасының мәжілісіне зиялы қауым өкілдері, қала, аудан имамдары, үкіметтік емес ұйымдар төрағалары қатысты. Басқосуда көтерілген мәселелер негізі өзге өңірлерде, мысалы солтүстікте нақты жүзеге асырыла бастаған ҚМДБ бекіткен діни рәсімдер мен жоралғылардың бірізділігі еді. Қазағы қалың оңтүстікте діни жоралғыларды бірізділікке түсіру оңайға соқпай отырғаны жасырын емес. Тіпті жаназа мен жерлеу жоралғыларында көршілес ауылдардың өзінде біршама ерекшелік бар. Мысалы, Түркістанда қазалы үйде ас берудің тоқтатылғанына он жылдай болыпты. Бұл үрдіс өзге аудандарда толық қолдау таппай келеді. Сондай-ақ жыртыс беру, қымбат киімдер тарату сынды көпшілік қолдай қоймайтын жоралғылар да тоқтар емес. Бұл орайда жиынға қатысушылар ұлттық салт-дәстүрімізді сақтау, бірақ ысырапшылыққа бармау қажеттігін айтты.

Өткен жылы шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» атты имамдар форумы өтіп, сол жиында дін өкілдері шариғат және пәтуа мәселелерін негізге ала, марқұмның бір жылға дейінгі ас-су беру мәзірін бекіткен де болатын. Алайда, ол толық орындалмай келеді. Бұл мәселенің кешегі жиында қайта көтерілуі де сөз бен істің үйлеспей отырғанын аңғартады. «Ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу қажеттігі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылды. «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» делінген мақалада. Яғни әркім көргенділік танытуы тиіс», деген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселе бойынша нақты ұсыныстар айтуға шақырды.

Жамағаттың есінде болар, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің бекітуімен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы жарық көрген болатын. Бүгінгі қоғам­да жиі айтылып жүрген өзек­ті мәселелер қамтылған, ғұла­малар кеңесінде екі жыл қаралған осы жинақта қабір басына кесене тұрғызу, тастан белгі қою, м­ұсыл­ман зира­тының талаптары мен қағидалары, діни жорал­ғылар бір жүйеге кел­тіріліп, жаназаға қатысты үкімдер топ­тас­тырылған. Қайтыс болған кісі­ні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдебі де жан-жақ­ты қамтылған. Негізгі мақсат – ең алдымен, еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысы­рапқа, шариғатқа қайшы әдет­тер­ге жол бермеу. Бұл орайда, діни мамандар марқұмның отбасы­на көршілерінің тамақ дайындап беруі – сүннет, қаралы үйдің тұр­мысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан са­йын қарызға батып, ас беруі дұ­рыс емес деп есептейді. Ол үй­ден ас шығартпау керектігін, тағам­ды туысқандары, жора-жолдас­тары немесе көршілері үйінде жа­с­ауына болатынын айтады. Сон­дай-ақ діни маман­дардың айтуынша, үшін, жетісін, қырқын, жүз күндігін және жылын беру шариғаттың талабы емес. Алайда, Ханафи мәз­һабы­ның ғалымдары оны жана­за­сына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын «мубах» (рұхсат етілген) жорал­ғылардың қатарына жат­қызады. Марқұмның жетісі, қыр­қы, жылына сиыр немесе жылқы сой деп талап етуге болмай­ды. Оны бәсекеге айналдыру дұ­рыс емес. Марқұмның атынан бе­рі­л­етін құдайы асты әркімнің шамасына қарай бергені жөн. Ас үстінде ғибратты әңгімелер мен уағыздар айтылып, жұртты иман­­дылыққа шақырған дұрыс. Құ­дайы асын беру той емес, жарыса сөз сөйлеу қате. Міне, осындай мәселелермен қатар, басқосуға қатысушылар имам­дардың уағыз­ды қысқа айтуы, ортаны ескеруі, мемлекет­шіл болуы жөнінде де пікір-ұсы­ныс­тарын ортаға салды. Ал жазушы Мархабат Байғұт көпшілікті сөзден іске көшуге шақырды. 

– Бұл мәселе айтылып та, жазы­лып та жүр. Бірақ соны жү­зеге асыру баяу. Менен де бас­қа­­лары бар ғой, түзелер, іске аса­ды ғой дейтін бір салғырттық, сүле­­соқтық бар. Жүзеге асыру уа­­қыт­тың, заманның талабы дең­гейінде емес. Дегенмен, соңғы 3-4 айда ысырапшылдыққа жол бермеуде кішкене ілгерілеу бар. Осыдан 14 жыл бұрын Шым­кент­те республикалық деңгей­де осындай дөңгелек үстел өтті. Жиын­ға көп адам қатысты, рес­пуб­ли­кадан өкілдер келді. Біздің облыстан 50 имам, зиялы қауым өкілдері қатысты. Сол кезде дін атын жамылған, қасиетті исламның құндылықтарын жа­мыл­ғы етіп алған, сол арқылы ұлт­­­тық құндылықтарымызға, ұлт­­­тық салт-дәстүрлерімізге тамырынан балта шаба бастаған ра­ди­­калды діни ағымдардың өкіл­­дері қатты жұмыс істей баста­ған болатын. Дөңгелек үстелде дін мен дәстүрдің арасына сына қағу, сызат түсіру мақсатында, дін бөлек, дәстүр бөлек, екеуі екі нәрсе деп жұртты шатасты­рып сөйлегендер де болды. Ондайлар имамдардың арасынан да табылды. Мен жазушылардың жа­най­­қайы ретінде сол жерде дауы­­сымды көтеріңкіреп, қатты сөз­дер айтуға мәжбүр болдым. «Әлхамдулла, біз мұсылманбыз, бірақ біз қазақ мұсылманбыз, біз араб мұсылман бола алмаймыз. Әлхамдулла, біз мұсылманбыз, бірақ біз қазақ мұсылманбыз, түрік мұсылман бола алмаймыз» деп әдейі барлық ұлттарды атап шықтым. Шынында да біз қазақ мұсылманбыз. Бас июге болмайды, сәлем салуға болмай­ды, отқа май құюға болмай­ды де­ген­дердің барлығында ұлт­тық салт-дәстүрлерімізге қарсы жұ­мыс істеп, ұлттық қасиет­тері­міз­ді жоққа шығарып, ұлты­мыз­­­ды күйрету, қирату мақ­са­ты қо­йылған. Марқұм Асқар Сү­­лей­­менов деген керемет жазушы­мыз «мен дінге сенбейтін дін­дар­­мын» деді. Мысалы осыны кей­­біреул­ер басқаша түсінді. Дінге сенбеймін дегені радикал­ды ағымдарды айтқаны, сол кез­дегі діннің жағдайын айтты ол. Бексұлтан Нұржекеұлы салт-дәстүр, отбасы туралы романдар жазған, көркемдікке тәрбие­лей­тін көптеген шығарма­лары бар. Ол: «менің дәстүрімді мойын­д­а­майтын дінді мен де мойын­дамаймын» деді. Ол қасиет­ті ислам дінін мойын­дамай­­мын деп тұрған жоқ, ол жа­ңа­ғы ағымдарды айтты. Оны дұ­рыс түсінбегендер, теріске шы­ғару­шылар да, теріс түсіну­шілер де табылды. Бірақ айна­лып келгенде адам баласын Алла тағала көркем мінезбен жарат­­­қан, сол көркемдікке тәр­бие­­лейт­ін құралдың бір түрі мә­де­­ние­тіміз, ұлттық көркем әде­бие­­тіміз. Ұлттық салт-дәстүр­лер еш­қашанда бұрынғы заман­дарда да, қазіргі заманда да қа­сиет­ті ислам қағидаларына ешқа­­шан қайшы келмеген. Бүгін­де көтеріліп отырған мәселе бойынша көп жұмыс істеу, сөз бен істің бірлігі қажет. Ысырап­шыл­дыққа жол бермеуде әрқай­сы­мыз өзімізден бастауымыз, пейіл­ді, ниетті түзеп, жалған намыс­ты жоюымыз керек, – деді жазу­шы. Сондай-ақ ол сақалды күтіп ұстау керектігін, Алла сөзі­нің айтылуы мен жазылуына қатыс­ты ҚМДБ қабылдаған пәт­уа­ны орындау қажеттігін айтып өтті.

Иә, «дәстүрлі ислам», «дәс­түр­лі қазақ мұсылмандығы» жөнін­де діни мамандар айтып та, жазып та жүр. Бірақ жұрт­шы­лық арасындағы насиха­ты аздау секілді. Дін істері және аза­мат­тық қоғам министрлігі Дін мәсе­лелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы «Ұлттың рухани тәжірибесі – мемлекет­тік идеология негізі» мақаласын­да «дәстүрлі ислам», «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» деген ұғымдардың негізсіз еместігіне дәлел бола алатын екі қайнар көз барын айтады. «Біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астас­тыра білген, қазақы мұсылман­дыққа негіз болған бірегей ілім­дер қалыптастырған ұлты­мыз­дың көрнекті тұлға­лары­­ның еңбектері; екіншісі – хал­қы­­м­ыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұста­ным­дарын танытатын шығарма­шы­лық мұралары (ауызша шежіре­лер, мақал-мәтел, жыр-аңыз, салт-дәстүр, ырым-тыйымдары)», дейді шығыстанушы, құ­р­ан­танушы ғалым. Осындай ғы­­лыми уәждерді, дәстүрлі ис­лам­ды негізге ала, айтылған ұсы­­­ныс-пікірлерді ескере, ақыл­дас­­тар алқасының мәжілісіне қа­ты­су­­шылар діни рәсімдер мен жо­рал­­ғылардың бірізділігі бо­йынша үндеу қабылдады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»