• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 02 Наурыз, 2018

Оңайгүл Тұржан. Аудармасыз қазақ кітабының қоры азаяды

740 рет
көрсетілді

Иә, шын мәнінде, бар мәселе мағыналық қабаттарда. Мағыналық қабат дегеніміз – астарына сансыз реңкті жасырып, жанып-сөніп құбылып тұрған тілдің сиқыры.

Жеке тұрған сөзге сыртынан қарасаң – бір ғана мағынаны көресің. Ал сөйлем ішіне кіріп қарасаңыз жаһұт тасты көріп тұрғандай күй кешер едіңіз. Күлгін-көк, жалқын-қызыл, қара-зер, әппақ жалын түстерімен алыстап-жақындап, аударылып-төңкеріліп, аласарып-биіктеп құбылып тұрған мағыналардың қайсысын ұстарыңызды білмей қаласыз. Енді аудармашы осы құбылыстың қайсысы сізге қажет мәнді жеткізе алады дегенді іздеуі керек болады. Аударманың көркемдігі – аудармашының сол құбылысты дәл таба алуында.  

Ресей Сбербанкінің басшысы Герман Греф қаржыгерлерге арнал­ған әлемдік тілдердегі ең таңдаулы деген салалық, мотивациялық кітап­тарды өз қаражатына және банкте арнайы бөлінген қаражат есебінен орыс тіліне аудартады. Ол қай кітапты аударту керектігін өзі таңдайды және әр ай сайын бір кітаптан аудартып, жылына 12 кітапты орыс тіліне аудартып алып отырады. Он­дағы мақсаты – мамандар білімді болуы керек дегендік. Және өз қызмет­керлерінің осы кітаптарды оқып шығуын міндеттейді. Біздің қазақ­стандық миллионерлер мен ірі компания­лар үшін осындай жайттар үлгі болса игі. Мемлекет қаржы бө­ле ме, бөлмей ме, ол – олардың ша­­руасы. Әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін аударудың біздің елде тоқтап тұруының зардабын дәл қазір сезінбеуіміз мүмкін, біз оны оншақты жылдан кейін қатты сезінетін боламыз және өзіміздің ғаламдық деңгейдегі ойлау машығымыздың тарылып кеткенін білетін боламыз. Тар шеңбердің қасиеті – одан сайын тарыла беру. Оның үстіне, аударма әдебиеттің болмауы – қазақ тілді кітаптардың қорын күрт азайтып жібереді. Сөйтіп қазіргі жастардың ұғымында «қазақша кітап аз» деген түсінік емес, «қазақша кітап жоқ» деген түсінік қалыптасады да, олар қазақша кітап іздеуді мүлдем қояды. Бұл үрдіс қазірдің өзінде байқалуда. 

Сосын аса маңызды тағы бір мәселе бар, яғни, аудармашының шығарма авторының алдындағы адалдығы. Бұл айтып отырғаным – кітап авторының қиял-галакти­касындағы жарқырап тұрған жұл­­дыз­дарын аудармашының ұр­лап кетпеуі немесе әдейі жойып жібер­меу дегенге саяды. Тіпті ұрлап немесе жойып жібермесе де, оны сапасыз сырмен бояп, солғын дүниеге айналдырмау деген жауапкершілік болуы керек. Ал өз тәжірибемнен айтсам, мен 15 жыл журналистік қыз­метімде аудармаға біршама төселген едім. Бірақ Стефан Цвейгтің «Пси­хологиялық портреттерін» аудар­ғанда, оның асқан шеберлігі мені қатты қинады. Оның сол шебер­лігін сүреңсіз дүниеге айналдырып алмас па екенмін деп уайымдаумен болдым. Оның әр сөйлемін аудару барысында ой-санамнан табылған сөздер мен суреттер көшкінін сан рет сапырылыс­тырдым. Цвейгтің әр сөзінің өліп-өшкен психологиясына, арпалысып жүрген кейіпкерлердің ала-құйын тағдырын жеткізетін, шексіздіктердің шыңырауына тү­сіп-шығып тұрған сөйлемдер ке­руеніне сай келетін бір түйір сөз бен бір жұтым сөйлем іздеп, тілі­міз­дің кенін қара тер болып қаз­дым десем, өтірік емес. Шүкір, біз­дің тілдің байлығы – әлемнің қай тілінде қандай шеберлікпен жа­зылған дүниені де аман-есен алып шыға алатындай құдіретті екен. 

Екі тілді де білетіндердің бәрі бірдей аудармашы бола алмайды. Аудар­машылық аудармашының тіл байлығына тікелей байланысты болады. Сондықтан аудармашылар даярлайтын факультеттер екі тілді бірдей білетіндерді ғана емес, үміткердің нағыз шығармашылық адамы екендігіне назар аударып, оқуға қабылдауы керек деп ойлаймын. Бірақ, мұның өзі де мықты аудармашы даярланып шығады деген сөз емес. Мықтылық – әр адамның өз қа­білетін өзі үздіксіз шыңдауы арқылы ғана келеді. 

Оңайгүл ТҰРЖАН,  ақын, аудармашы