Университет қабырғасында аударма ісі мамандығымен білім алып жатқан студенттер қалыпты жүйе болмағаннан кейін, жалпы проза, поэзия, драма жанрларын аудару сабақтары мен синхронды, техникалық аударма пәндерін де оқиды.
Көркем аударма сабағында негізінен дәрістерден гөрі, студенттің өз бетімен жұмыс істеуіне көңіл бөлеміз. Алғашында шағын мәтіндермен жұмыс істейді. Көркем аударма қиын. Оған аударма сатыларына төселіп барып, келеді. Кейде өз қалауымызбен, кейде өздері шағын әңгімелердің аудармасын жасап әкеледі. Марк Твеннің, Генридің шағын әңгімелері аудармаға алғашқы қадам жасауға өте ыңғайлы. Нәтижесі жаман емес, жалғыз тәржімалап қоймай, аударманы талдаумен айналысады. Соңғы кезеңде қазақ елінде аудырылған шығармаларды салыстырып, талқылап жүрміз. Аударма қалай жасалды, артықшылығы, кемшілігі неде деген сұрақтарға ізденушілер жауап табуға тырысады. Бұның өзі аудармашының көзқарасын, сөзге қарым-қатынасын қалыптастыратын процесс. Студенттердің аударған әңгімелері «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиетін» газетінде жарық көрді. Гүлшат Түсіпова деген түлегіміз Оскар Уайлд пен Эдгар Поның әңгімелерін аударған, «Аударма» баспасынан кітап болып шықты. Өзіміз «Бәйшешек» деген студенттердің аударма кітабын шығардық. Оған ең жақсы деген аудармаларды енгіздік. Бұл – студенттерді ынталандыру.
Студенттердің бәрі бірдей көркем аудармаға бейім бола бермейді. Өздері іріктеліп шығады. Аударма жасағанда үш тілді пайдаланамыз. Салыстырамыз. Қазір шығармаларды ағылшын тіліне аудару керек. Орысшаға аудармай, бірден ағылшын тіліне. Өйткені уақыт талабы солай. Аударманы редакциялау деген сабақ бар. Қазір көп кітаптар кемшілікпен шығып жатыр. Редакторы жоқ. Біздің баспаларда қалай екенін білмеймін, бірақ шетелдерде аударма редакторы деген қалыптасқан мамандық бар. Алдымен кітапты шығармай тұрып, аударманың сапалы, сапасыз екенін анықтайды. Біз шетелдің бір жазушысын аударсақ, аудардық деп үлкен мақтанышпен айтамыз. Бірақ тәжірбиелі мамандар сынаса, талқаны шығады. Өйткені аударма сыны, аударма талқысы жоқ. Қазір студентерді оқытқанда осы талдауға, сынға көңіл бөліп отырмыз.
Бұрын оқу құралы аз болатын, қазір көбейіп келеді. Алғашында бар-жоғы екі-үш-ақ кітап бар еді. Қазір аударма теориясынан он шақты оқулық бар. Әлем әдебиеті және көркем аударма, аударма практикасы, әртүрлі аударманың түрлеріне байланысты кітаптар жеткілікті. Жаңғара Дәдебаев, Темірғали Есембек сияқты ғалымдарымыздың еңбектері бар. Бірақ әлі де көп оқулықтар жазыла беру керек.
Әнуар ТАРАҚ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры