• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Наурыз, 2018

Жамбыл ауылында Жамбыл Жабаевтың туған күні атап өтілді

869 рет
көрсетілді

Бұл күні Жамбыл ауылына меймандардың шақырусыз жиналатыны бар. Алматыдан арнайы келген ақындар сахнаға шығып та, сырттағы ақын ескерткішінің алдында тұрып та өлең оқыды. Жыр тұнған ауылдың жалынды ұрпағы жыр мүшайрасын іліп алып кетті. Той қызды.

Алатауда қалың қардың көбесі сөгілмегенмен, етектегі ауылда күн күлімдеп көктем шықты. Белгілі ақын-публицист Орысбай Әбділдаұлы «Жәкемнің құдіреті шығар, мен ес білгелі оның туған күні өз ауылында бір күн атаусыз өткен емес, – дейді. – Мемлекететтің өткізетін мерейтойлары өз алдына жәй уақытта да, сонау дүрілдеген коммунистік Кеңес заманының өзінде де ақын атамыздың дүниеге келген күні зиратының басында Құран оқып, ескерткішінің алдында жыр оқитын едік. Сол үшін белгілі спортшы Ізбасар Оразбақов бастаған бір топ студент Алатауды жағалап Алматыдан ауылға шаңғымен жететінбіз. Ол күндер қайда, шіркін...»

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы жиналған қауым алдында Жамбыл феноменінің мыңжылдықтар тарихымен өлшенетінін екшеп айтса, академик-жазушы Уалихан Қалижанов пен жамбылтанушы ғалым-жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы ХХ-шы ғасыр Гомерінің саналы өмірі мен қоғам алдындағы өлшеусіз қайраткерлік қызметі туралы тағылымды баяндама жасады. Ақын Ұлықбек Есдәулет тебірене жыр оқыды:

Шартарапқа танытқан сүйікті елін,

Қайран қыран, жұлдызға жуық па едің?

Алатауым тұрғанда жерім биік,

Жамбыл барда – қазағым биік менің!

Адамзаттың аспанын биіктеткен Ұлы Жамбылдың ХХІ-ші ғасырдың табалдырығынан аттаған өлшеусіз қазынасы Елбасының бүгінгі «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының басты бағытының бірі екені, мемлекеттік ұлт болмысын түлету идеясына да толық сай келетіні хақында толғамды ой-пікірлер айтылды.

Алқызыл боп алаулаған мерекелік сахнаға гүл-жайнаған өнер шеберлері ән мен жырдан шашу шашты, күмбірлетіп күй тартты. Көрермен риза көңілмен қол соқты. Ұлы бабамыздың аруағана арналып Құран бағышталды, мал сойылып, ас берілді.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы

Суреттерді түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ