Тәуелсіз еліміздің дамуының қазіргі кезеңінде Президент және Үкімет қауіпсіздік мәселесіне жете көңіл бөліп отырады. «Қазақстан -2030» Стратегиясында атап көрсетілгендей, ұлттық қауіпсіздік XXI ғасырда мемлекет дамуының негізгі ұзақ мерзімді басымдықтарының бірі ретінде тұжырымдалған. Сондықтан да шекарадағы қауіпсіздік Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің ажырамайтын бөлігі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда шекаралық салада Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделерінің пәрменді қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ дүниежүзілік қоғамдастыққа одан әрі кірігу үшін қолайлы жағдайлар жасау – шекара қызметінің негізгі мақсаты.
Халықаралық өткізу пункттерінде шекаралық бақылауды қамтамасыз ету – Шекара қызметінің жауапты учаскелерінің бірі. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері қызметінің мәселелері, олардың техникалық жағдайы және өткізу бойынша мүмкіндіктері Шекара қызметі қолбасшылығының ұдайы бақылауында. Халықаралық терроризм, есірткі бизнесі және трансшекаралық қылмыстардың ұлғая түсуіне байланысты барлық өткізу пункттері құжаттарды тексерудің, көлік құралдарын қараудың қазіргі заманғы арнайы техникалық құралдарымен жарақтандырылған. Бұл бақылау бөлімшелеріне шекаралық бақылауды сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстан шекарасын орналастыру жалғасуда. Ол қазіргі заманғы техникалық жабдықтармен жарақтандырылған. Сондай-ақ контрабандалық жүктердің және заңсыз көші-қонның өтуіне сенімді тосқауыл болып келеді. Шекара күзетінің жүйесінде шекаралық іс-қимылдың жаңа түрлері мен тәсілдеріне көшу басталды. Мысалы, таулы және шөлді жерлерде электронды дабыл кешені мен бейне бақылау жүйесінен басқа, олардың көмегімен қалыптасқан жағдайды дистанциялық бақылап отыратын электронды құралдар қолданылады. Осының нәтижесінде жыл өткен сайын контрабандалық фактілердің саны азая түсуде.
Каспий маңы өңірі де елеулі назар аударуды талап етеді. Каспийдің қазақстандық секторындағы теңіз шекарасының ұзақтығы аумақтық сулар мен құрлықтық қайраңды қосқанда, 2000 шақырымнан астам жерді құрайды. Бұл Каспий маңы елдерінің арасында едәуір ұзақ шекара болып табылады.
Каспий теңізінің айдынын Өңірлік жағалау күзеті басқармасының бөлімдері күзетеді, ол – теңіз шекаралық дивизиондары, шекара жасақтары, техникалық қадағалау бекеті. Автоматтандырылған радиолокациялық кешендерінің жүйесі құрлықтан шекараның теңіз учаскелерін сенімді қорғауды қамтамасыз етеді. Шекаралық дивизиондар кез келген қауіп-қатерге қарсы тұруға қабілетті. Онда тәжірибелі офицерлер, мичмандар мен матростар қызмет етеді. Шекара күзетінің әдістерін жылдан-жылға жетілдірілуде жаңа техникалық құралдардың озық түрі пайдаланылады. Мысалы, Каспий теңізінің жағалауындағы нысаналарды тез тануға және уақыттың нақты ауқымында жағалау бекеттеріне, ұшақтар мен тікұшақтар экипаждарына, шекаралық корабльдер мен катерлерге деректерді беруге мүмкіндік беретін автоматтандырылған радиолокациялық жүйемен қамтылған.
Мемлекет әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында 60 ардагер мен әскери қызметші-шекарашылар Шымкент қаласында жаңа пәтер кілтін алды. Сондай-ақ осы жылдың қарашасында Алматыда шекара қызметінің 120 ардагері мен әскери қызметшілері жаңа пәтерлерге ие болды. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінген ақшалай қаражатқа әскери қызметшілердің отбасылары үшін Ақтөбе, Өскемен, Талдықорған және Павлодар қалаларында көп қабатты тағы бес тұрғын үй салынуда. Ал келесі жылы Астанада екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу туралы шешім қабылданды.
Қазақстандық шекарашылардың кәсіби деңгейі жоғары, тәжірибелері мол. Жыл басынан бері мемлекеттік шекарада 32 мыңнан астам құқық бұзушылардың жолын кесіп, 600 килоға жуық есірткі заттарын алып өту әрекеттеріне тосқауыл қоюы соған нақты дәлел.
Радик КАГЕНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің аға лейтенанты.
_______________________
Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.