Ұлттық болмысымызға тән дәстүрлі қалыптан жеріп, бабадан жеткен құндылықтарға «бидғат» деп байбалам салатын дүбәралар діңі мықты діннің өзін даңғазаға айналдырып жіберді. Бүгінде онсыз да аз қазақ көп діннің тарауына бытырай түсіп, түсінісе алмай әлек.
G M T Определить языкАзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский АзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский Звуковая функция ограничена 200 символами Настройки : История : Обратная связь : Donate ЗакрытьДін, сенім атаулыға қырғидай тиген кешегі кезге дейін байтақ даланың төрт тарабындағы қазақ қалай сүттей ұйып, қалай тұтаса тірлік етті? Барлығын бір бағытқа қаратып, бір арнаға тоғыстырған ұлағатты ұстаным, селкеу түспеген сенім болатын. Ол – ислам дінінің асыл қағидаттары мен шариғат шарттарының қазақтың ұлттық болмысымен біте қабысып, ұлтқа, ұрпаққа тәрбие құралы бола алуы еді. Бұл тәрбиенің басында ұлтқа ұстаз болып, ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты айырып, тұтас қазақты шашау шығармай имандылықтың сара жолына бастаған көрнекті дін өкілдері жүрді. Елі соларға иланды, айтқан бір ауыз сөзіне имандай сеніп, илікті, ұйыды, ұйысты. Маңғыстау өңіріндегі ислам ілімін терең меңгерген және оны бала оқытуға, халықты тәрбиелеуге қалтқысыз жұмсаған рухани абыздардың бірі Ермұхаммед (Ержан) Төлегенұлы болатын. Ауылдағы Айдар ишанның дәрісін алған шәкірт Ержан Бұқарадағы медресені 1924 жылы ұстаздық мамандығы бойынша бітіреді де, туған өлкесінде ағартушылық қызметті бастайды. «Ержан хазірет дегенде әуелі адамның ойына сопылық келеді. Бейне бір көңіл сарайларында жаңғырған, жүректен-жүрекке жол тапқан, көмілген иман-бұлақтарының көзін ашқан зікір естілгендей болады. Һәм Ержан хазірет дегенде әз Пайғамбар ғалайкім саламның «Кімде-кім, қай үмбетім ел басына күн туып, нәубет келген заманда, бүліктер селдей ағып, ел ішіне құйын тұрған кезеңде менің сүннетімді қаққан қазықтай берік ұстанатын болса онда жүз шейіттің сауабы бар» деген асыл сөзі ойымызға оралады.
Ержан хазірет дегенде көз алдымызға үстіне әз Пайғамбардан қалған сүннет шапаны мен басына ақ сәлдесін киіп, жүзінен иман нұры үзіліп тұрған әулие ақсақал елестейді. Оның дініне, Пайғамбарға деген опашылдығы мен адалдығы сол, өмір бақи басынан ақ сәлдесін шешпей өтті. Ол басына ақ сәлдесін орап, ел ішіне иман нұрын таратып жүргенде қызылдардың қылышы қынынан қан тамып, талай молда мен ишандар, ахундар мен молда қожалар итжеккенге айдалып кетіп жатқан еді. Ол еліміздегі сопылық ұстанымда тек жергілікті жерде емес жалпы елдегі мұсылманның темірқазығы еді. Ержан хазіретті кеңестер бір емес үш рет абақтыға жауып, масқараламақ болды. Дінді, имандылықты және сопылықты ел ішіне жаюына кедергі келтірмекке бекінді. Әйтсе де, бір Алланың қалауы болды. Ол абақтыда жатса да хазіреті Жүсіп пайғамбардың жолын ұстанып, зынданды медресеге айналдыра білді. Жүсіп пайғамбар Мысыр елінің шартарабынан және түрлі орындардан, сатылардан түскен тұтқындарға Алла тағаладан келген дінді жеткізіп, олар да абақтыдан шыққанда еліне имандылықты, көркем мінезділікті жеткізген еді. Міне, Ержан хазірет те абақтыда жатып, қараңғы қапастағы чешен, түрікмен, тәжік, т.б мұсылмандарға сопылықты дәріптеп, өзіне қол тапсырта білді», дейді хазірет туралы Исламтану (Құран-тәпсір) ғылымдарының PhD докторы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті ректорының ғылыми кеңесшісі Мұхитдин Паттеев.
Терең білімді, қазақ, орыс, араб, шағатай, өзбек, қарақалпақ, татар тілдерінде еркін сөйлеп, математика, тригонометрия және астрономия, жаратылыстану ғылымдарын меңгерген Ержан кеңес өкіметі тарапынан қуғынға ұшырап, 1932, 1936 және 1937 жылдары сотталады, татар дәмі таусылмай айдаудан аман оралғанымен, өмірінің соңына дейін арнаулы ұйымдардың астыртын және жартылай жария қадағалауында болады. Сөйте жүріп, елдің темірқазықтан көз жазып қалмауы, ақ жолдан адаспауы жолында имандылық, ұстаздық бағытындағы жұмыстарын тоқтатпайды. Ол туралы жергілікті халық арасында «қаза болғандарды мұсылман шариғатына сай о дүниеге арулап аттандыру ісімен айналысты. Өмір бойына өз білімін өсірумен болды, көп жерлерден өзі жетік білетін араб, парсы, шағатай тілдеріндегі діни кітаптарды алдырды. Айналасына астыртын түрде білімге ұмтылған азаматтарды жинады, олармен кездесу жақын-жуықтық сылтауымен немесе +тасасында ұйымдастырылды, көбінесе жасырын жағдайда, түн мезгілдерінде өтті. Діни ғұрыптарды атқаруға, білімді көтеруге арналған нұсқауларды, көмекші құралдарды үнемі дайындап, қолжазба күйінде жасырын таратты» делінеді.
Сөзге сараң, есесіне көкірек көмбесі жауһарға бай, барынша мейірімді, керісінше әділетсіздікке, қиянатқа жаны қас хазірет адам бетіне тура көз салмай, тіке айтып жанды ауыртпай-ақ өте сыпайы әрі тұспалмен сөйлеп тепсінген мен кісімсінгендерді тәубесіне түсіретін шешендік, көсемдік мінезге ие болған. Ол айтқан бір ауыз сөз лезде ел арасына тарап, үлкен-кіші, ауыл-аймақ сол сөзге тоқтаған. Оның ел арасының ғана емес, көрші елдермен де тұтастықты, татулықты басты орынға қойғандығын жұрт нақты мысалдармен дәлелдей жеткізеді. Бұл қасиеттер, адамгершілік мәселесін басты орынға қоятын көркем мінез хазіреттің өмір бойғы ізденісінің, діни сауаттылығының, тақуалығының көрінісі.
Телі-тентекті, жағымсыз мінез-құлықты аз сөзге көп мағына сыйғызып, салмақты мысалмен-ақ тәртіпке салатын хазіреттің ерніне насыбай салуын «тісіме түскен құртты қашыру үшін» деп түсіндірген замандасын «Құрт қашатын жаман нәрседен сен неге қашпайсың?» деп тоқтатуы, «Бал ұстаған бармағын жалайды» деп арасында аздап қоғам мүлкін пайдаланып қоятынымыз бар, бұған не дейсіз?» деген колхоз бастығына «қатты шөл қысып келе жатқанда алдыңнан теңіз шықты делік. Сонда бір ұрттайсың, шөлің сәл басылғандай болады, тағы екінші ұрттайсың, сәл жан шақырасың, ал үшінші ұрттағанда бәрін де құсасың. Қоғам мүлкі де сондай, енді қалғанын өзің ақылға салып көрші» деуі шешендіктің, адалдық пен ақылмандықтың айғағы.
Ержан хазіреттің дін жолына адал, қандай қиын кезге тап келсе де Аллаға берген антынан ауытқымағандығы айыпталып отырған сот отырысындағы жауабынан да аңғарылады. Сот тәртібіне сай сәлдесін шешуді талап еткендерге «Сіздер большевик партиясына мүшесіздер, жанқалталарыңызда партиялық билеттеріңіз бар. Бастарыңызға қиын іс түсіп, тығырыққа тірелген кезде партбилеттеріңізді суырып беруге уәде бермеген шығарсыздар. Мен ислам дінін ұстанатын жанмын, басымдағы сәлде діндарлығымның көрінісі. мен де бұл сәлдені ұлы Жаратушыға және ұстаздарыма уәде беріп, басыма ораған болатынмын, басыма қиындық үйірілгенде шешемін деген жоқпын. Сол себепті сәлдені басымнан ала алмаймын» деп жауап бергендігі мызғымас иманы мен кәміл адам дәрежесіне, яғни әулиелік мәртебесіне жеткендігінің белгісі дер едік.
Көзінің тірісінде Орталық Азия елдерінің дін өкілдерімен терең байланыста болған және олардың зор құрметіне бөленген Ержан Төлегенұлын небір білімді ахун, ишандардың өзі ұстаз санап, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, шешенстан, Дағыстан елдерінен арнайы қол беріп, пірлену үшін келетін болған. Тіпті көз көріп куә болғандар Ержан хазірет өмірден өткен күні ақ сәлделі, ақ шапанды, ақ сақалды адамдар жан-жақтан қаптап келіп, жаназасына қатысқандығын, олардың қайдан келгенін, жаманат хабарды қашан, қалай естіп үлгергенін ешкім де анық біле алмағандығын айтады.
Хазірет пен оның шәкірттерінің өзара қарым-қатынасына қарап отырсақ, Ержан хазірет ұстанған сопылықтың нақшбанди тарихатында, хазірет ұстанған силсилада ұстаз ретінде алдын көріп, сабағын алып, сауатын ашып, дінді күнделікті тұтынған адамның бәрін шәкірті деп есептей бермей, ұстазының ілімін, жолын, сопылық жолдың талаптарын бұлжытпай орындағандарды ғана шәкірт деп есептегендігі аңғарылады. Молданың, дін өкілінің дәрежесіне қарай оралатын сәлденің де үш кез, жеті кез, тоғыз кез деген өлшемдері болған. Қазіргі таңда дінтанушылар «қол беру» жағдайын, «пірлену» ұғымын, сондай-ақ сәлдеге қатысты мәселелерді терең зерттеп, халыққа түсіндіруі қажет. Өйткені бұл қарапайым жайттар емес, әрқайсысының астарында сіз бен біз аңсап жүрген алып сыр, дін мәселесінде сан тараудың сөзін сөйлеп салғыласқан бүгінгі ұрпақ үшін қажетті құндылықтар жатқан болар...
Әдебиеттанушы ғалым, марқұм Қабиболла Сыдиықовтың үйінен, артында қалған бай мұрағатының арасынан Ержан хазіреттің көне қолжазбалары табылды. Бұл Қабиболлаға ғалым ретінде тірнектеп жүріп дерек жиғанда кездейсоқ тап келген дүние емес, әкеден қалған қымбат мұра болатын. Әкесі Сыдиық молда Ержан хазіреттің тәлімін көріп, оның діни әңгімесін көп тыңдаған, оған қол берген сырлас жан болған. Сол себепті Ержекең өзінің «Өсиетнама» және «Иманшарт» қолжазбаларын Сыдиық досына сыйлайды. Бұл екі қолжазба дін өкілдерін қудалап, халықты діни наным-сенімнен айырып, құдайсыз қоғамға жетелеуді мақсат еткен кезеңнің сыңайын байқаған және ұрпақ үшін, ел үшін уайым еткен Ержан хазіреттің болашаққа хаты деуге болады. Қолжазбалардағы мәліметтер дәстүрлі діннің өзіне үрке қарап, әртүрлі көзқарас пен пікірлер тоғысында тоқырап қалған бүгінгі ұрпаққа ауадай қажет. Яғни хазірет ұрпағының діни мәселеде әралуандылыққа ұрынып, саналық-рухани дағдарысқа ұшырайтынын сезіп, алмағайып шақта қарлығаштың қанатымен су сепкендей жәрдемім тисін деп әдейі жазып қалдырғандай әсерде боласың. Дінтанушылар, ғалымдар хазіреттің қазақ тілін жақсы біле тұра, шағатай тілінде жазуын кеңестік қадағалаудың әсері деп түсіндіреді. Профессор Д.Кенжетай «Өсиетнамасында» жерлеу, дұға, мінәжат, зікір, дәуір айналдыру, тасбих, тахлил, кебіндеу, көр қазу шарттары мен ерекшеліктеріне дейін тәптіштеп жазып мұра қалдырған екен. Ондағы нақышбандия зікір ерекшеліктерін де түсіндіріп кеткен. «Даст би кар, дил би Йар», яғни «Қол істе, көңіл Жарда» ұстанымына қоса, Алланы еске алудың артықшылықтарын талдап беріпті. Әйгілі сопылық жолдағы төрт зарб, яғни «ла илаха илла Алла» зікірінің салу тәртібін де өсиет еткен.
Ол кісінің соңында қалған біршама кітаптарына қарай отырып, ол кісі өз замандастарына қазақтың дәстүрлі діні аясында насихат жүргізгенін, діни білімнің алғашқы сатыларын үйреткенін көруге болады. Ержан хазірет халыққа діни білім бергенде «Иманшарт» кітабын пайдаланған. «Бұл кітап – әрбір мұсылманға қажет, білуі тиіс қағидалар жинағы. Одан әрі тереңдеп баруға мүмкіндігі болмаса да, басқан әр қадамы бақылауда тұрса да халықтың жүрегіне иманды өзінің іс-әрекетімен ұялатуға күш салғанына куә боламыз» десе, өлкетанушы А.Еділхан «Ержекең жайлы естіп жүргендеріміз енді абызымыздың өз қолымен жазылған еңбектері арқылы расталып, әрі қарай тереңдей түсті. Дінбасымыз қасиетті Құран Кәрімнің жалпы бағыттары мен шариғаттың, сүннеттің нақты талаптарына өте жоғары мән бергендігіне, ол қағидаттарды қастерлеу дәрежесіне көтергендігіне көз жеткізіп отырмыз. Намаз оқудың тәртібіне көп көңіл бөліпті. Жаназа әдебін басынан соңына дейін әрбір жоралғысына жеке-жеке тоқталып, қаза бар жерде кездесетін жағдайлардың әрқайсысына бөлек-бөлек түсініктеме беріп, әрбіріне арнайы нұсқау көрсетіпті. Осы бағыттардағы бүгінге дейін бір шешімге келе алмай жүрген мәселелеріміз ендігі жерде өз орындарына келетін сияқты. «Иманшарт» – бұрын-соңды бізге кездеспеген, көріп жүргенімізден әлдеқайда терең дүние. Мұнда сұраққа жауап кезінде силсилаңды да көрсетуді міндеттепті, әрі ислам әлеміндегі ірі-ірі силсилаларды атап көрсетіпті» деп бағалайды.
Хазіреттің «Өсиетнамасы» мен «Иманшартын» аса құштарлықпен қолға алып, қызығушылықпен оқыдық. «Өсиетнамада» өлікті жерлеуге дайындау, кебіндеу, әйел адамды және сәбилерді кебіндеу, дәуір айналдыру мәселелерін қолға ұстатқандай баяндай келіп, «өлікке бірінші түннен қатты түн болмас» деп бұл күні жасалатын шаруалар мен оқылуы тиісті «Қорқыныш баяны» туралы түсіндіреді. Сондай-ақ өлікті жерлеп келген соң сауабын марқұмға бағыштап «Исқат» намазын оқу жайын жеткізеді. Зікір салуды «тілді таңдайға қатты жабыстырып ерінді байлап, жүрекке назар аудару керек, себебі жүрек барлықтың ұясы, жүрек Алланың назары түсетін жер» деп нақтылайды.
«Иманшартта» азан шақыру, ораза ұстау, ауыз бекіту және ауызашар дұға-ниеті, жұма намазы, Құрбан айт ниеті, Қадыр намазы, жаназа намазы туралы қолға ұстатқандай айта келіп, шариғат шарттарын баяндайды, сұрақ-жауапқа кеңірек орын береді. Сопылық ілімге терең бойлаған хазірет имам Ағзамның жолына беріктігін танытып және оның үлкен тәлім мектебі екендігін меңзеп, философиялық, ислами тұжырымдарын тілге тиек етеді.
«Мәселе: Хазірет Имам Ағзамнан риуаят етілген. Ел (өздеріне) имам ұстағанда (тағайындағанда) ол имамнан төрт мәселені сұрасын. Егер ол мәселелерін орындаса, оған ұйысын, ал егерде орындамаса аулақ болсын, артына ұйымасын. Ол мәселелердің біріншісі мынау: «әй имам! Бұл намазды өзің үшін өтедің бе, әлде ел үшін өтедің бе?» дегенде, егер «намазды өзім үшін, ниетім ел үшін» десе, онда орындағаны болады. Екінші мәселе мынау: бір жамағат «біз саған ұйыдық, сен кімге ұйыдың» дегенде, егер имам «мен Мұхаммед мұстапаға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұйыдым» десе онда орындағаны болады. Үшінші мәселе мынау: «біз жамағат имамға сені ұстадық, сен кімді ұстадың?» дегенде, егер имам «мен Құранды ұстадым» десе, онда орындағаны болады. Төртінші мәселе мынау: «жамағаттың намазы сенімен бітті» дегенде, егер имам «ілімдікпен және хазірет Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетімен бітті» десе, онда орындағаны болады, бітті». Бұл – нақты айтқанда, имам тағайындаудағы талап. Жалпы алғанда, дінтанушылар алдында қос қолжазбаны ғылыми тұрғыда талдап, халыққа түсіндіру жұмыстары тұр.
«Иманшарт» пен «Өсиетнамадан» басқа хазірет пайдаланған «Шариғат» және «Намаздағы дұғалар» атты таза араб тіліндегі екі әдебиет те табылды. Ешқандай бұрмалаусыз, қоспасыз, әсіресіз аударуды мақсат еткен азаматтар шағатай тіліндегі «Өсиетнама» мен «Иманшартты» аударғанмен, араб тіліндегі соңғы екі мұраға «қол тигізген» жоқ. Сәтті күні бұл екеуі де қазақ тілінде «сөйлейді» деген үмітті қуаныш бар. Олар арқылы біздің діни танымымыз кеңейіп, жоғымыз түгенделіп, тағылымды мағлұматқа қаныға түсетінімізге сенім мол.
Өзіне дейін небір дін абыздары жүріп өткен, әбден қалыптасқан және күмәнсіз, кіршіксіз дәстүрлі діннің даңғыл жолымен жүріп, сол жолды ұрпаққа жазып қалдырған Ержан Төлегенұлының қолжазбалары ұрпақ үшін, ұлт үшін қажетті жазбалар. Тәжірибелі тәржімашы, дінтанушы азаматтардың араласуымен қазақ тіліне аударылған қолжазбалар кітап ретінде басылып, халыққа жол тартуы үшін баспада жатыр. Шеттен оқып келіп, ел ішін алатайдай бүлдіргендерге емес, қазақ топырағында туып, өсіп-өніп, бойына байырғы бабалардың ұлағатын, тағылымын сіңірген және оны ұрпағына ұластырған хазірет бабаға сеніп, ол сілтеген жолмен жүрсек қой дейсің. Осы орайда құнды жазбаны басшылыққа алып, бұған дейін кеткен қате мен бүгінге дейін түсініксіз болып келген жайларды жолға түсіру үшін құзіретті орындардың белсенді қаракеті, сондай-ақ Ержан хазірет ұстанымы, яғни силсиласы, ұстаздары мен шәкірттері, жалпы хазіретке қатысты мәселелерге, деректерге теологтар мен ғалымдардың жеткілікті назары, зерттеу еңбектері қажет-ақ.
Ержан хазірет тақырыбы – шағын мақалаға сыймайтын, өз алдына зерттеу мен зерделеуді қажет ететін тақырып. 1966 жылы өмірден өткен ол өзіне дейінгі асылдардың тұяғы, бүгінге дейін көне мен кешені жалғастырушы буынның көрнекті өкілі деп келсек, қолжазбалары арқылы көнені кешеге шендестіріп қана қоймай, кеше мен бүгіннің арасына алтын көпір болғандығын мойындауға тура келеді. Оның бойынан имандылықтың лебі есіп, тақуалықтың тазалығы аңқып, жан-жағын білімділікпен, парасаттылықпен баурады және баршаны соған баулыды. Қоршаған ортамен қарым-қатынас, өзін-өзі ұстау, сөйлеу, тәрбие, үлкендік қасиет пен кішілік ізет, ақсақалдық даналық, өзге де адамға, соның ішінде мұсылманға тән мәдени асыл қасиеттердің көмбесіндей болған оның өмірі, қасиет-қабілеті, діни ілімі мен үлгі-өнегесі бүгінгі буынға, ертеңгі ұрпаққа тура жолды сілтеген темірқазық бола алары анық.
P.S. Бет қатталып жатқанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінен орталық директоры, А.Әбдірәсілқызынан Ержан хазіреттің «Иманшарт» және «Өсиетнама» қолжазбаларына қатысты сараптамалық пікір келіп жетті. «Рухани жаңғыру үдерісі жаһандық деңгейде өрістеп отырған, сонымен қатар діни негіздегі шетін құбылыстар мен радикалдану үдерісі белең алған заманауи ахуал жағдайында уақыт сынынан өтіп, бүгінгі қоғамның рухани тірегіне айналған дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды қайта безбендеу, рухани мұраларды жіті сараптай отырып, қазіргі қоғам игілігіне жарату, экстремистік және радикалды идеологияның алдын алу шараларына кеңінен пайдалану – кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда Ержан хазірет Төлегенұлының «Иманшарт» және «Өсиетнама» атты еңбектері қазіргі қоғамның рухани сұраныстарын қанағаттандыруда өзіндік маңызға ие. Хазірет туындылары Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабы, матуриди ақидасы негізінде жазылған дәстүрлі діни танымымыздың төлтума мұраларының қатарынан орын алады.
...Дәстүрлі рухани-діни таным мен мәдени құндылықтарды жаңғыртуда елеулі маңызға ие Ержан хазірет Төлегенұлының «Иманшарт» және «Өсиетнама» еңбектерінің мазмұны Қазақстан Республикасының Конституциясына және өзге де заңнамаларына, соның ішінде діни қатынастар саласын реттейтін заңнамаларға қайшы келмейді» делінген.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы