• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2018

Елбасының үндеуі жастардың әлеуметтік әрі бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтереді

961 рет
көрсетілді

ҚР Парламенті палаталарының отырысында Елбасы жариялаған бастамалар қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған маңызды қадамдар деп есептеймін. Кешегі күннен бері әлеуметтік желілерде талқыға түскен нөмірі бірінші тақырып екенін, халық арасында қызу дискуссия тудырғанын ескерсек, 5 бастаманың да өзекті екенін көреміз.

Жастарға тікелей қатысы бар тұрғын үй қолжетімділігі, жоғары білім сапасының артуы мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұсыныстар мемлекеттік саяси шешімдердің үлкен бөлігі жастарға бағытталғанын көрсетеді. Бізге берілген жеңілдіктер мен мүмкіндіктер – жастарға артылған жауапкершіліктің асқанының да көрсеткіші.

Алғашқы жоба Қазақстанның кез келген тұрғынының көкейінде жүрген сұраққа дөп түскеніне сенімдімін. Тұрғын үй еліміздегі, әсіресе Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары үшін өте өзекті мәселе. 7-20-25 бағдарламасы барша қазақстандықтарға, әсіресе жас отбасыларға қысқа мерзімде тұрғын үй бағасының бестен бір бөлігін жинап, төмен пайыздық мөлшерлемемен баспаналы болуларына мүмкіндік береді. Әлемнің дамыған елдерінің, мегаполис қалалардың тәжірибесіне қарасақ, тұрғын үй мәселесі шешімін әлі күнге дейін таппай келеді. Ипотекаға баспана алу – әлемдік тәжірибе, ал мемлекеттің парызы – азаматтарына ұтымды шартта несие ұсыну.

Ал жоғары оқу сапасының артуы мен студенттердің әлеуметтік жағдайының жақсаруы білімді және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда өз жемісін берері сөзсіз. Қосымша берілетін 20 мың грант саны еліміздегі алдағы жылы оқу бітірушілердің тегін оқуға қол жеткізу мүмкіндіктерін еселей түспек. Қосымша гранттар саны оқушылардың өзге елдің жоғары оқу орындарына басымдық беруінің шешіміне айналуы тиіс. Әсіресе, Ресеймен шекаралас орналасқан аймақ оқушылары арасында ресейлік жоғары оқу орындарын таңдау тенденциясы байқалады. Сапалы мамандардың елімізде дайындалып, осында қалуына септігін тигізуі керек.

Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға берілетін микрокредиттер мөлшері 20 млрд теңгеге артуы да жастарға тиімді деп есептеймін. Бұл жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге де әсер етпек. Жұмыссыздық себебінен орын алатын түрлі құқық бұзушылық әрекеттердің де азаюына алып келеді деген ойдамын.

Елбасы осы бастамаларды қадағалауды «Нұр Отан» партиясына табыстады, ал партияның Жастар қанаты ретінде «Жас Отан» тікелей қатысады.

Данияр Сүндетбаев,

«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты төрағасы