...Ол кезде 23 ақпан кеңес әскері мен теңіз флоты күні ретінде ерекше аталып өтетін мереке еді. Бұл күні әйелдер қауымы әдеттегіден өзгеше көңілді, әдемі әрі мейірімді болатын. Сондықтан да, олар жер бетіндегі бүкіл еркек атаулыны, оның ішінде әскерге барғандарымен бірге бармағандарын да, тіпті бар ғой, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстан қашып келген дезертирлерді де шын жүректен, ағынан жарыла құттықтай беретін.
Жалпы, бұл өзі, ресми түрде әскери мереке болғанымен, бейресми салтымызда «Еркектер күні» дегендей бұқаралық сипатқа ие-тұғын. Сол себепті бала кезімізде бізбен бірге оқитын қыздар ақша жинап, ауылдағы жалғыз дүкеннен ұлдарға арнап сыйлық алып, салтанатты түрде тапсырушы еді.
Ал 8 наурыз, қыз-келіншектер мерекесі жақындап қалғанда біз де өзімізге бір тықырдың таянып қалғанын сезіп, алдын ала дайындала бастайтынбыз.
Әлі есімде...
Бірде нақтырақ айтсам, 6 наурыз күні сыныптас балалар жинаған ақшаны алып, Құралбек досым екеуміз салып ұрып ауылдағы «әмбебап» дүкенге жетіп келдік. Мұнда, әрине адам таңғалатындай ештеңе жоқ. Әлгі сыныптас қыздар 23 ақпан күні өзімізге сыйлаған дәсорамал, қалам, өшіргіш сияқты ұсақ-түйектен басқа кәдеге жарайтын нәрсе көзге шалынбайды.
Содан «Енді қайттік?..» дегендей бір-бірімізге қарап иығымызды қушиттық.
Кенет Құралбек бір тосын ұсыныс жасады.
– Монтайға барсақ қайтеді! Қыздарға лайық сыйлықты ол жақтан оп-оңай табуға болады.
Мұны естігенде менің көзім бақырайып кетті. Себебі Монтай – біздің Ақжардан жиырма-жиырма бес шақырымдай қашықта жатқан үлкен ауыл. Кеңшар орталығы. Әрі темір жол бекеті. Ол жердегі дүкендерден іздеген затыңды тауып алатының да рас. Бірақ екі ортада көлік өте аз жүреді. Тіпті ілуде біреу ғана шығады. Себебі біздің ауыл басқа кеңшарға қарайды.
Дегенмен, тәуекелге бел буып Құралбек екеуміз жол шетінде көлік күтіп тұрмыз. Бағымызға қарай, түс әлетінде артында тіркемесі бар бір трактор қаңғалақтап келе қалды. Екеуміз жарыса қол көтеріп ек, тоқтайтұғын түрі жоқ, тастақ жолмен салдырлап-гүлдірлеп өтіп барады. Сондан соң арт жағынан жүгіріп барып, тіркемесіне жармаса кеттік.
Шіркін, шалқар дала! Шөлейт адыр!.. Сенің көктемдегі сұлулығыңды сөзбен айтып жеткізе қоятынай тіл қайда-а бізде... Селкілдеген тіркеменің үстінде шоқиып отырып айналаға қызықтап қарай береміз, қарай береміз.
Аспаны ашық, көкжиегі кең, бел-белестері көп шөлейт даланың көктемгі тынысы ғажап-ау, ғажап!..
* * *
Ол кезде Монтайдың орталық көшелерінде тұп-тура қаладағыдай қаз-қатар тізілген бірнеше дүкен болушы еді. Ә дегенде-ақ маңдайшасына «Культтовары» деп жазылған есікті бірден тауып, кіріп бардық.
О-о, шіркін, мұнда не жоқ дейсіз?! Сөре толы ойыншық. Көз қызықтыратын заттар. Барабан, горн, шахмат тақтасы, теннис ракеткалары...
Құралбек екеуміз әрқайсысын бір ұстап көреміз де, ернімізді жыбырлатып, есептей бастаймыз. Қалтамыздағы ақша жете ме, жетпей ме? Бұл әрине, бірінші мәселе.
Уһ, ақыры, сыныптағы қыздарға бір-бір блокнот, айна, тарақ алып, «сынып бюджетін» толық жаратып біттік.
Кенет менің назарым ортаңғы сөреде тұрған бір кітапқа түсе кетті. Мұқабасына дәл біздің мектептегідей қара тақтаның суреті салыныпты. Және оған: «Менің атым Қожа» деп жазған бір бала бізге күлімсіреп қарап тұр. Көзіме бірден жылыұшырады.
– Апай, анау қандай кітап? – дедім сатушыға қарап.
Дүкенші әйел арт жағындағы сөреге қарай бұрылып:
– Ә-ә, мынау ма?! Бұл өте қызық кітап, – деді.
– Көрсетіңізші!
Шынымды айтсам, бұл сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін өзім де білмеймін. Құралбек маған жалт қарады. Оның көзінен: «Біз барлық ақшамызды жаратып қойдық қой!» деген сөзді оқыдым.
Бірақ дәл қазір менің қалтамның түбінде төрт бүктелген бес сомдық қағаз ақша жатқан болатын. Алайда оған қыздарға сыйлық ала қояйын деген ой басыма мүлде кіріп шыққан емес. Өйткені өмірде әркімнің-ақ өз арманы мен соған қарай ойластыратын ішкі есебі және қоры болады емес пе.
– Маған біреуін... жо-жоқ, екеуін беріңіз, – дедім сатушыға әлгі бес сомдықты ұсына беріп.
Екеу деген себебім, сонша жерден бірге сапарлас болып келген Құралбек досымның да көңілін қимай, сыйлық жасағым келгені ғой. Несі бар, сегізінші наурыз қыздардың мерекесі болса, бола берсін. Оған әлі екі күн бар. Әрі қыздардың мерекесі қарсаңында ұл балаларға сыйлық жасауға болмайды деген заң жоқ.
Сатушы менің ақшамды алып, енді қанша қайтаруы керек екенін шотқа салып, есептей бастағанда кенет Құралбектің аяқастынан тосын мінез көрсетіп:
– Осы ақшаның бәріне бере салыңыз, – демесі бар ма.
Ішім қылп ете қалды. Жәй айтса, бір сәрі, көзінен ұшқын жылт ете түсті. Әлденеге тәуекел етіп, өзінше бір мырзалық жасамаққа бел буған секілді.
* * *
Міне, екеуміз «Культтовардан» алған дүние-мүлкімізді көтеріп, жол шетінде Ақжарға қарай баратын көлік күтіп тұрмыз. Ауыл шеті болғандықтан, айналада ешкім жоқ. Әлгіндегі қызық кітаптың алғашқы бетін ашып, үңіле бастадым. «Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отырмын – әттең жазушы болсам деген арман менің көкейіме ерте ұялады» деген әдепкі ашық-жарқын сөйлемдерінің өзінен-ақ бұл дүниенің өте тартымды, шыншыл екені тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.
Бірақ осы, бақандай жетпіс бір тиын тұратын кітаптың бірден бесеуін сатып алуға мәжбүр еткен Құралбекке іштей ренжулімін. Оның бәрін қайтпекпіз енді?.. Біреуі – маған, екіншісі – саған. Соның өзі жетіп жатыр емес пе.
Құралбекте үн жоқ. Жолға қарап, ойланып қалыпты. Ақыры ол да «Менің атым Қожаның» әуелгі бетін ашты.
Сол сол-ақ екен, кітаптан бас көтермей, жабысты да қалды. Тек анда-санда келесі бетке көшкенін білдіріп, сытыр ете қалған парақтың дыбысы естіледі.
Күн батуға таяп қалғанда мұржасынан қою түтіні бұрқырап Монтай жақтан манағы өзіміз жармасып келген тіркемелі трактор шығып келе жатты.
* * *
Ертеңіне, яғни 7 наурыз күні біз кешегі сыйлықтарымызды мектепке алып келдік. Қыздар да, ұлдар да Құралбек екеумізге қарап жымыңдап, бүгін әдеттегіден өзгеше бір жаңалық болатынын біліп жүр.
Уһ! Соңғы сабақ та аяқталды-ау бір кезде. Ағай сыныптан шыға салысымен Құралбек орнынан ұшып тұрып, бәріміздің бір сәтке бөгеле тұруымызды өтінді.
Сонсоң Монтайдан әкелген сыйлықтарымызды салған бөз қалтаны көтеріп, тақтаның алдына шығып:
– Қыздар, – деді салтанатты түрде. – Ертең сендердің мерекелерің. Бұл біз үшін зор қуаныш. Сондықтан сендерді шын жүректен құттықтаймыз. Оқуда озат, мектепте тәртіпті болуларыңа әрқашан тілектеспіз. Енді... мынау... ұлдардың өздеріңе арнаған азын-аулақ сыйлығын қабыл алыңдар!
Паһ, шіркін! Сөз-ақ! Шын айтам. Дәл мұндай үлкен мерекеде өз басым бүйтіп сөйлей алмас едім. Өйткені көздері жәудіреп қарап отырған қыздардан ұяламын. Олар бүгін мәз болып қуанып отырғанымен, ертең мазақтап, сыртыңнан күліп жүруі мүмкін.
Ал енді сыйлықтарды таратып біттік-ау дегенде Құралбек бөз қалтаның түбінен кешегі өзіміз сатып алған бес кітаптың төртеуін алып, үстелдің үстіне қойды. Балалар мойнын созып, бұл қандай кітап деп үңіліп қарап жатыр. Мұқабадағы қара баланың суретін көріп, таңғалып, бастарын шайқайды.
«Бұ кім-ай?! Қожасы несі тағы?..» дейтін сияқты.
Міне, осы сәтте Құралбек тағы да тапқырлық танытып, сыныптағы қыздарға да, ұлдарға да ой салатындай бір қызық сөз айтты.
– Біздің ең басты міндетіміз – жақсы оқу. Бірақ соны... өкінішке қарай, барлығымыз бірдей түсіне бермейміз. Тек арамыздағы бір-екі оқушы ғана кіл үздік оқиды. Олар – Гүлайым, Бағила, Тәттіқыз және Сырға. Сондықтан да біз оларға бүгін ерекше сыйлық жасамақпыз. Ол міне, мына кітап! Өте қызық. Мен өзім түнімен бас алмай оқып шықтым!
Сөйтті де, ол әлгі аты аталған қыздарға кітапты өз қолымен апарып тапсырды.
Ұлдар түгел Құралбекке риза болып, ду қол шапалақтап жатыр. Әсіресе мынандай ерекше сыйлыққа ие болған қыздардың жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап, көздері ұшқын атуда.
«А-а, мәселенің мән-жайын енді түсіндім!» дегендей мен де басымды шайқап, таңғалып тұрмын.
Осыдан соң кешегі бес сомымның тектен-текке кетпегеніне көзім жетіп, іштей марқайып та қалған сияқтымын.
* * *
Бірақ сол күннің ертеңіне менің басыма күтпеген жерден бір қара бұлт үйіріле кетті.
Өздеріңізге жақсы мәлім, 8 наурыз жылда демалыс күні болып жарияланады емес пе. Бұл кезде оңтүстікте күн жылынып, қар еріп, көк шөп едәуір бой көтеріп қалады.
Сондықтан мұндай күндері біз ауыл шетіндегі жасыл алаңда армансыз доп теуіп, футбол ойнағанды ұнатамыз.
Кешке жақын сілем қатып, үйге әрең келсем, өзімнен кейінгі үш қарындасым есік алдында үрпиіп, маған үрейлене қарап:
– Саған әжем ұрсып жатыр, – дейді ақырын ғана құлағыма сыбырлап.
– Не болды?
– Білмейміз, – олар бір-біріне қарап, бастарын шайқайды, – қатты ашулы...
Аяғымды еппен басып, ішке кірдім.
– Бұ кім-әй?! – деген әжемнің даусы көп күттірген жоқ.
– Мен, әже, – дедім өзіме өзім сенімсіздеу үн қатып.
– Ә-ә! Сен болсаң, ендеше, бері кел!
Біреу қолымнан тартып сүйрегендей, әжем отырған бөлмеге әзер кірдім.
– Әй, сен қаршадай болып, адамдарды жік-жікке бөліп, алалау деген бәлені қайдан үйреніп жүрсің?!
Қақ төбеден төніп келіп, шаңқ ете қалған бүркітті енді ғана байқаған байғұс көжектей бүрісе кеттім.
– Мен бүгін анау Сірнебайдың үйіндегі құдайы тамақтан сен үшін жерге кірердей боп ұялып қайттым. Олардың сендермен бірге оқитын қызы кеше үйіне жылап кепті. Ұлдар бізді нашар оқисыңдар деп кемсітіп, төрт қызға ғана кітап сыйлады. Ал бізге ештеңе берген жоқ депті. Бұл не қылғандарың-ай, ә?!.
Мәссаған! Мен мұндай әңгімені мүлде күтпесем керек. Әжеме не дерімді білмей, төмен қарап, көзіммен жер шұқи бердім. Бар болғаны ішімнен: «Ә-ә, бәрін бүлдіріп жүрген біздің сыныптағы Әсем екен ғой, – деймін. – Ештеңе берген жоқ деп қалай айтады-ей ұялмай... Ал айна мен тарақ ше?.. Оны есепке алмағаны ғой сонда?..».
– Біреу сабақты жақсы оқыр, біреу жаман оқыр, – деді әжем бірте-бірте сабасына түсіп, даусын жұмсартып. – Білім қуғандар алысқа ұзап, өрлеп кетер. Ал басқасы ауылда қалып, еңбек етер. Әркімнің өз несібесі бар. Бірақ адамда көңіл деген болмай ма. Бұдан былай, біреуді артық, біреуді кем көрмей, көпшіл бол, қарағым!..
* * *
Сол түні мен көпке дейін ұйықтай алмай, дөңбекшіп жаттым. Расында да, біздің кешегі қылығымыз теріс болды-ау деген ой маза бермеді...
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»