Метрополитен ішіндегі менмұндалаған әдемі әлем көпшілікті еріксіз баурайды. «Алмалы» стансасындағы арай шашқан бұл көрмеде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдығына бағытталған шығармалардың тарихи, заманауи тақырыптағы ең үздік деген картиналары мен мүсіндері қойылып отырғанын тілге тиек етеміз.
Көрмеде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мектеп-интернат, колледж, сондай-ақ Кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінің профессор-оқытушылары мен студенттерінің әр алуан тақырыптағы еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Бұл маңызды іс-шараның мақсаты мен мазмұны жайында Өнер академиясының Тәрбие ісі жөніндегі проректоры Шыңғыс Құлбекұлы:
– Жолдауда айтылған рухани құндылықтарды өнер тілімен насихаттауды мақсат тұттық. Барша адамзатқа ортақ өнер тілімен жеткізе білу – үлкен жауапкершілік. Әлемге танымал суретшілеріміздің көрмесі тек ел ішімен шектеліп қалмайды. Италияда, Францияда осындай көрме өткіземіз. Айта кетер жайт, көрмеге барлық жерде бірдей дәл Алматыдағыдай жағдай жасала бермейді, – деді.
Жыл сайын метрополитен аумағында отызға жуық түрлі мәдени-көпшілік іс-шара өткізіледі. Кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бауыржан Нұрбекұлы көрмені музейде емес, жол торабында өткізудің өзіндік артықшылығы бар екенін тілге тиек етті.
– Көрмеге қойылған өнер туындылары сан түрлі тақырыптарды қамтыды. Қазір ақпараттың, жарнаманың заманы. Қарбалас тіршіліктен қолы босамайтын қала тұрғындарында уақыт тапшы. Метрополитенде көрме өткізгендегі мақсатымыз – мың қатпарлы жер астымен жол жүретін жолаушыларға ерекше көңіл күй сыйлау. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, жас таланттарды елге таныту. Көрмеге елдігімізді танытатын, ерекшелігімізді айқындайтын таңдаулы картиналар қойылды. «Астана – ардағым» байқауында үздік деп танылған таңдаулы туындылардың дені – біздің шәкірттердің еңбегі. Атап айтқанда, Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасында үздік деп танылған Анар Әбжанованың жұмыстары бір төбе. Оның шығармашылығының басты ерекшелігі – тақырыптарының сан түрлілігі, алуан түсті бояуды құбылта білетіндігі. Ол 2001 жылдан бері республикалық, халықаралық көрмелерге қатысып жүр. Халықаралық өнер бәйгесінің жүлдегері. Туындылары Қазақстан, Италия, Швейцария, Франция, Түркия, АҚШ, Жапонияда жеке коллекцияларда сақталған. Оның Лувр музейіне қойылған еңбектері әлем суретшілерін таңғалдырған. Біздің талантты суретшілеріміздің әрқайсысының орны бөлек. Әсіресе жастардың бейнелеу өнерін тың тақырыптарда дамытып жатқандығы қуантады. Болашақтың тізгіні жастардың қолында, – деді ол ойын түйіндеп.
Алматыда көрме атаулы жиі өтеді. Бірақ бұл көрменің артықшылығы – көркемөнердің барлық саласын қамтуға бағытталғандығында. Кескіндеме және мүсін кафедрасының меңгерушісі, профессор, Көркемсурет академиясының академигі Болат Тұрғымбаевтың айтуынша, тарихи тақырыптағы көрмелерді өткізудің маңызы зор.
– Көрме Астананың 20 жылдығына арналды. Көпшілік назарына кейінгі 5-6 жыл көлемінде салынған картиналар, мүсіндерді ұсындық. Сурет, мүсін өнерінің әр бағытын қамтыдық. Бірі Астананың көріністерін, енді бірі Елбасының бет-бейнесін арқау етті. Өнер өз заманымен бірге дамиды. Қазіргі жастар интернет арқылы шетелдегі жаңалықтардан жан-жақты хабардар. Бір қуантарлығы, қазіргі жастар жаңаша ойлайды. Шәкірттеріміздің жаңашылдыққа ұмтылысы ерекше, – дейді ол.
Көрмедегі ең ғажап деген тақырыптық туындының бірі – «Елбасы» картинасы. Суретші Дәурен Бекназар картинаға бүгінгі кезеңді ғана емес, бедерлі болашақты да бейнелеген. «Картинада тәуелсіз ел өмірінің ең жарқын сәттерін қамтуға тырыстым. Өткен тарихты бейнелеумен қатар Елбасының болашақ үшін жасаған жоспарларын да әспеттедім. Келешек ұрпақ үшін жасалған жұмыстарды насихаттасам деймін. Тәуелсіздіктің әрбір жылы тарих. Мақсатым – Елбасының тұлғасын жан-жақты етіп көрсету. Сондықтан картинаның атауын «Елбасы» деп атадым. Президент бейнесінің төңірегіне Астананың ең сәулетті ғимараттарының бәрін бір картинаға сыйдыру әрине мүмкін емес» дейді «Елбасы» картинасының авторы.
Метрополитенде Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған әдемі бір шуақ шашқан керім көрменің ықылас танытар кейпі көз арбай береді.
Аялдамаға тоқтаған электровоз сәлден соң келесі стансаға қарай жөңкиді. Алмалыға келген жолаушыға құшағын айқара ашқан Астанаға арналған ғажап көрме өзіне еліктіріп алады. Өнерлі жастардың әспетті шығармалары ынтықтыра түседі. Алдыңызда Астананың арай шашқан айшықты көріністері көз арбайды екен.
...Көз алдыңызда арай шашқан алтын айдарлы Астана.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ