Фариза апайдың есімін естігенде, сонау Атырау өңірінде, Жайықтың жағасында қалған балалық шағым әрдайым көз алдыма келеді.
Шамамен 5-сыныпта оқитын кезім болса керек, Фариза апайдың теледидардағы бір бағдарламаға қатысып, сұхбат бергенін көріп, оның айтқан сырға толы әсерлі әңгімелерін құмарта тыңдап, мен де осы кісі секілді өлең жазсам, ақын болсам деп армандадым. Ең алғаш өнерге, шығармашылыққа деген құлшынысымның артуына, қолыма қалам алып, өлең жазуыма да осы апайымызға деген еліктеушілігім себепкер болды. Ол кезде өзім армандап жүрген, пір тұтқан Фариза апамызбен келешекте жолығып, етене араласып, жақын қарым-қатынаста боламын-ау деген ой, әлбетте, үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді...
Фариза апаймен алғаш рет жүзбе-жүз танысқаным 1988 жылдың наурыз айы болатын. Кабинетіне ұялыңқырап кіргенімде: «Кел, кел, қысылма» деп апай мені бұрыннан танитын адамдай қасына шақырды.
Сол алғашқы жүзбе-жүз кездесу барысында апай екеуміз жақынырақ танысып, ол кісі маған поэзия туралы, журналистика жайында біраз әңгімесін айтты. «Қызым, журналистика мамандығын таңдаған екенсің. Қыз балаға негізі журналист болу оңай емес. Жұрт мені көбіне ақын деп қана біледі, бірақ осы журналистиканың майын ішкен адамның бірі менмін. Журналист болудың қызығын да, шыжығын да, бәрін көріп, осыдан шыңдалып өсіп барып, осындай дәрежеге жеттім», дегені бар.
Апаймен болған осы бір қысқа ғана кездесуде ол кісі маған өмірлік сабақ болатын талай жайттарды айтты. Қыз балаға қалай журналист болу керек, қандай тақырыптарда қалам тербеу қажеттігі жайында әңгімелеп, үлгі алуға болатын, журналистика саласына еңбегі сіңген бірқатар әйел журналистердің есімдерін атады.
Сол алғашқы кездесуден кейін біз талай рет жүздесіп, араласып жүрдік. Алматыдағы бұрынғы Ленин даңғылы бойындағы апайдың үйіне барып, шай ішіп, әңгіме-дүкен құратынбыз. Есімде қалғаны, осындай басқосулар кезінде апай: «Әй, елдің бәрі мені ақын дейді де, журналист болғанымды айтпайды. Алғашқы мамандығым мұғалім болса да, тұңғыш еңбек жолым журналист болудан басталған. Ең алғаш осы журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыққан, осы салада талмай еңбек еткендердің бірі мен едім. Мені халыққа танымал қылған, ең біріншіден, ақындығым емес, журналистік қызметім. Бірақ қазіргі үлкен журналистердің бірен-сараны ғана болмаса, жастар жағы мүлдем менің журналистік қызметім жайлы білмейді», деп жиі айтып отыратын.
Сол кезде-ақ менде: «Расында, апайдың журналистік қырын ешкім зерттеп көрмепті. Осыны бір қолға алып, зерттеп, ел назарына ұсынсам», деген ой ұшқындары пайда болған еді. Алайда «Егемен Қазақстан» газетіндегі қым-қуат тірлік, қарбалас жұмыс, одан кейін Сыртқы істер министрлігіндегі қызметім барысындағы күнделікті күйбең тіршіліктен оны қолға алудың сәті де бола қоймады. Содан мен Венгриядағы елшілікте жұмыс істеп келгеннен кейін ғана осы ойым пісіп-жетіліп, өзінің шырқау шегіне жетті.
Мен ол кісінің ақындық талантынан гөрі, жанына жақын, өзім зерттеген журналистік қырына көп мән беруге тырыстым. Фариза апайдың публицистикасын зерттеп, ғылыми айналымға түсіріп, кандидаттық диссертация жазсам қайтеді деген оймен апайға барғанымда, ол кісі бірден қолдай жөнелді. Өзінің кабинетіне кіріп, үш-төрт сарғайған папканы алып шықты. Солардың ішінде апайдың жинақтап жүрген біраз мұрағаты бар екен. Талай газеттерде шыққан мақалалары, очерктері, сұхбаттары бар газет қиындыларын менің қолыма ұстатты.
Ал жалпы жұрт оны тек ақын деп біледі. Ал бірақ мен оны ғылыми айналымға енгізіп, Фариза Оңғарсынованы журналист, публицист ретінде танытуға тырыстым.
Кейін сол ғылыми жұмысымды кішкене кітапша қылып жарыққа шығарып, апама апарып көрсеттім. Ол кісі мәз болып балаша қуанды. «Біріншіден сенің диссертация қорғағаныңа қуанып отырмын. Екіншіден, сен мені елге журналист деп танытатын болдың. Әйтпесе кейбір журналистер мені мойындамайды. Мынадай ғылыми еңбек жазылғаннан кейін кәне, енді мойындамай көрсін», деп қалжыңдап қояды.
Фариза апай бірнеше рет төрімізде қонақ болды. Біздің үйімізге келгенде немерелерін де ала келіп, емін-еркін отыратын. Сондай бір орайлы кездесудің сәтінде көршілеріміз бен өзге де таныс жора-жолдастардың басын қосып, дастарқан жайдық. Сол жиында қазір Президент Әкімшілігінде сектор меңгерушісі болып қызмет істейтін көршіміз Мүталап Әбсаттаров дейтін ағамыз да болды. Ол өзі әдебиетке, өнерге құштар жан.
Сол біздің үйдегі отырыста Мүталап аға апаймен алғаш танысып отырса да іркілмей, сыр суыртпақтап, апайға бір сауалын қойды. Сондағы сұрағы: «Сіздің Мұқағалимен сыйластығыңызды әркім әр саққа жүгіртіп, алып-қашпа әңгімеге айналдырып, аңыз қылып алғандай. Оған Мұқағалидың сізге арнап жазған «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты өлеңі себепші болған сияқты. Ал шын мәнінде, сіздің ол кісімен қарым-қатынасыңыз қалай еді? Осыны өз аузыңыздан естісек», деді. (Кейін Мүталап ағамыз осы сәтті еске алып: «Ойпырмай, батылым барып сұрақты қоюын қойып алғанмен, апайдың мінезін білеміз ғой, маған ұрсып, бетімнен қайтарып тастап, дастархан басынан қуып жібере ме деп қорқып, ішім қылпылдап отырды» дейді).
Фариза апай сары майдан қыл суырғандай суыртпақтатып әдемі қойылған бұл сауалға тәнті болып, риза кейіпте: «Әй осы сырды мен ешкімге айтпап едім. Өздеріңе алғаш рет ашқалы отырмын», деп әңгіме бастағаны бар.
«Шынымен де, Мұқағали екеумізді мектептегі балаларды бір-бірімен қосып қоятыны сияқты жұрт қосып қояды екен, – деп апай бір езу тартып күліп алды да, – Ал шынында, мен өмірде Мұқағалимен екі-ақ рет кездесіппін. Көп кездесіп емен-жарқын араласқан адамым емес», деп әңгімесін әрі жалғады.
Бірінші кездесуі Жазушылар одағында болыпты. Сол жерде одақтың бір отырысы болып жатқан. Апайдың кішкентай бір жыр жинағы шығып, соны талқылап жатқан кез екен. Сағи Жиенбаев, Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов сынды сол кездегі қазақтың қара өлеңінің майталмандары Фариза апайдың өлеңдерін біреуі былай сынап, біреуі былай сынап жатқан тұста Мұқағали кешігіңкіреп келіп, шет жаққа отырыпты.
Фариза апа: «Мен бір бұрышта торғайдай бүрісіп, именіп отырғанымда Мұқағали орнынан атып тұрып: «Сендер осы бәрің бос сөйлеп отырсыңдар. Мына құйттай қыз түбінде бәріңді басып озады. Мен анық білем соны», – деп айқайлап орнынан тұрып, қолын сілтей сөйлеп, маған бір қарады да, шығып кетті. Мен болсам үндемей отыра бердім. Ішімнен: «Мұқағали мені білмейді, таныс, бауыр, жерлес емеспіз, ол Жетісудағы таудың баласы, мен Атырау ойпатының қызымын, ол менің жанымды қалай түсініп тұр? Бұл неғылған адам?» деп ойланып қалдым. Әрине, Мұқағалидың жырларын мен оқып жүргем, алайда өмірде бетпе-бет бірінші кездесуім осы болатын», деді.
«Екінші рет ол ауруханада жатқан кезінде кездестім, – деді апай, – Ол кезде де бір сәттік, жылт етпе кездесу ғана болды. Ал бәлен деп айтатындай қоян-қолтық араласқан ештеңеміз жоқ. Әңгіменің шындығы осы», деді.
Сөйтіп отырып толқып кеткен апай: «Ана домбыраны бері әкелші» деп ыңылдап бір ән айтты, күй тартты. Апайдың осы кеш бір емен-жарқын, жадырап отырған кезі еді.
Кейін «Бұл бір әдемі кеш болды. Осы сұрақты маған ешкім батылы барып қоя алмай жүруші еді. «Мұқағали мен Фариза арасында махаббат болыпты» деген әңгімені құлағым еміс-еміс шалып қалатыны рас. Біз бір-біріміздің творчествомызға сырттай тәнті болып, бір-бірімізді мойындап жүргеніміз болмаса, өмірде мүлдем араласпаған адамдармыз», деп шындықтың тиегін ағытқаны бар.
Апай туралы көп нәрсе айтуға болады. Ол кісімен әрбір кездескен сәтімнің әрбір минутына дейін көз алдымда. Апайдан көп нәрсе үйреніп, бойыма түйдім. Тума талант екені, белгілі ақын, үлкен жүректі адам, журналист болғанын былай қойғанда, оның адам ретіндегі, әйел ретіндегі, ана ретіндегі, әже ретіндегі қадыр-қасиеті ерекше болатын.
Иә, апай туралы әлі де айтар сыр, жазылар жыр, зерттелер еңбектер жетерлік. Енді тек осылай апай туралы естелік айтып, сағынып еске түсіретін болдық. Жатқан жеріңіз жайлы болсын,Фариза апа!
Гүлсім ЕҢСЕПОВА, филология ғылымдарының кандидаты