• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 08 Наурыз, 2018

Жеңеше (Эссе)

1840 рет
көрсетілді

Қысы-жазы үй тірлігінен қолы босамайтын бір аяулы жан бар біз­дің әулетте. Ол – жеңешем. Шынымды айтсам, туған шешем. Әжем жарықтық көзі тірісінде менің о кісіні осылай атағанымды қалап еді. Содан бері сүйегіме сіңіп, тілім қалыптасып кетіпті. Енді шешемді басқаша атай алмаймын.

Әлі есімде...

Қыстыгүні таң бозынан оянып, босағада тұрған етігін аяғы­на тартқылап киетін де, есік алдын­дағы сіресіп жатқан қарды сықыр-сықыр басып қораға қарай беттеуші еді. Ол жақтан қара сиырдың «мө-ө» деп әндете созған даусы естілетін. Жас қидың иісі танауыңды қытықтайтын жылы қораның бір түкпірінен тықырлап бұзау да ояна бастайды.

Жеңешем малға шөп суырып әкеп салады. Сол сәтте таңсәрідегі сақылдаған сары аязды қақ жарып ыстық жаздағы даланың иісі бұрқырайды. Жеңешемнің суық сорған жүзіне қан жүгіріп, аздап күлімсірейді.

Кеше кешкілік қара сиырдың алдына қойған шелектегі судың жартысы мұз боп қатып қалған екен, оны былай алып, ашық жерге шығарып қояды. Әлтаман күннің көзі жылт еткенде беті жіпсіп, ери бастайды дегені ғой. Иә, сол кезде әлгі шелекті жерге дүңк еткізіп бір со­ғып алсаң, дөңгеленіп бір табақ мұз түседі.

Қара сиыр алдындағы шөпті тілімен іліп алып, күрт-күрт шайнайды. Осы сәтте қораның екінші бөлігіндегі он шақты қой да бір­деңенің иісін сезіп маңырайды. Жеңешем сиырды сауып алып, бұзауды босатқан соң, енді қой­ларға шөп суыруға кіріседі.

Шіркін, жадыраған жаздың иісі тағы да келеді мұрнына...

Біз үйде тоғыз баламыз. Үш ұл, алты қыз. Бірақ жеңешемнің иығына түскен ауыр жүкті біржола же­ңіл­дету ешқайсымыздың да қо­лы­мыздан келмеді. Неге?.. Осы сау­ал күні бүгінге дейін жанымызды жегідей жейді. Жауап таппай қиналамыз...

Бір күні таңертеңгілік жеңе­шем­мен бірген оянып, мал жай­ға­суға шықсақ, ертеңіне сілеміз қа­тып ұйқтап қалушы ек...

Бізге оның жаны ашитын. Ерте оятуға қимай, тағы да сол жалғыз өзі тырп-тырп басып, қораға қарай кетіп бара жататын.

Бала күнімізде біз көкемнің жүзін сирек көретінбіз. Өйткені ол таңның атысы, күннің батысы демей, үнемі сапқоздың жұмысында болатын.

«Көкең екеуміз алғаш қосылған жылы есігіміздің алдында қой тұр­мақ, бір түйір тауығымыз да жоқ еді, дейтін жеңешем кей күн­де­рі қорадан келіп, беліне ораған бө­ке­байын шешіп, пешке арқасын сүй­еп отырған шақта. –Құдай-ау, сонда ештеңені ойламайды екенбіз ғой. Бар болса ішіп-жеп, жоқ болса біреу әкеп аузымызға салатындай беймарал жүре беретінбіз. Бір жылдан соң дүниеге сен келдің. Әжең алдына алып, ертелі-кеш уіл­деп тербетіп отырушы еді. Са­ған беретін сүтіміз де жоқ. Қо­лы­­ма екі литрлік қалайы бидонды алып, Қозы ағайдың үйіне сүт сұрап барам... Сөйтіп жүріп емшектен де шы­ғардық-ау, әйтеуір. Араға бір жыл салып Дина келді дүниеге.

Енді шындап ойлана бастадық.

Бір үйге бір сиыр керек екен-ау дедік. Көкең екеуміздің алатын арзымайтын ғана айлығымыз бар. Әйткенмен, қиял – көкте, ал өзіміз – жердеміз.

Қарызданып-қауғаланып жүріп бір сиырға қол жеткіздік-ау ақыры. Күз аяқталып қалған мезгіл. Сиыр­ды үйге жетектеп әкеп, есік алдына байлап қойған соң, ерте­ңіне таңертеңгісін жұмысқа ба­рай­ық деп сыртқа шықсақ, жер-дүниенің бәрі аппақ. Түнімен себелеп тізеден келетін қар жауыпты. Есік алдында үстін қар көміп, мөлиіп тұрған сиыр бізге қарап: «Мө-ө!» дейді. Сөйтсе-е-ек, ол жазғанға шөп керек, жылы қора керек екен ғой... Әне, сөйтіп басталған тіршілік еді бұл!»

«Иә, солай» дегендей, жеңе­ше­мнің жанындағы ақ самаурын ақырын ғана ызыңдап қояды.

«Екі жылдан соң Бәтайды тудым, дейді жеңешем бір-екі пиалай шайдан кейін шекесі жіпсіп, ақ сары жүзі балбырай түсіп. –Осы қуаныштың үстіне алыстан, Сырдария жақтан Бөртекеңдер келді. Бәтайдың есімін сол кісі қойды. Қазынаның аядай екі бөлмесіне сыймай, қонақтардың бір-екеуін көршілердің үйіне қондырдық!

Олар Гүлістанға қайтып кеткен соң: «Әй, бұл болмас!..» дедік басымызды шайқап.

Жаз шыға үй салуға әрекет жаса­дық. Ол үшін біраз тағы да қар­­жы керек болды. Әжеңнің ақы­лы­мен базардан арық-тұрық мал алып, бордақылап, семіртіп сатуды сол кезде үйрендік. Әне, содан бері жалғасып келе жатқан бейнет қой бұл. Құдайға шүкір, міне, қазір зейнетін көріп отырмыз...»

Қайсыбір жылдары көкем аудан көлеміндегі ірі қызметтердің бірінің тізгінін ұстады. Бірақ, сонда да біздің жеңешем сол баяғы үй мен қораның арасын жол қылып, күнделікті қыбыр-қыбыр тірлігін жалғастыра берді.

Ал біз болсақ, оқу іздеп, арман қуып; біріміз ғалым, біріміз жазушы, біріміз өнерпаз боламыз деп, туған үйден алыстап кете бардық.

Сондағы жеткен биігіміз қайсы?! Білмеймін...

Жылдар жылжып өте берді. Баяғы жүйе, баяғы заман өзгерді. Қыздар қияға, ұлдар ұяға қонды. Әйтсе де, әрқайсымыз өз арбамызды өзіміз сүйреткенімізге мәз болып жүре берген секілдіміз...

Ал жеңешемнің арқасында гүл­ден­ген қорамыз бен бау-бақ­шамыз шын мәнінде біздің әулетіміздің нә­рі, қауаты, өзегі екенін кейін, өзі­міз әке-шеше болғанда барып бір-ақ түсіндік.

Өз өмірінің қызық та қымбат жылдарын өкімет пен партияның тапсырмаларын орындауға жұмса­ған көкем де қазір: «Партиядан пайда көргем жоқ, Тұрсынның осы жекеменшігі болмаса...» деп рия­­сыз мойындап, басын шұлғып отырады.

 Бірақ ол өз еңбегін ешқашан, ешқайсымызға бұлдап, міндетсініп көрген емес. Баяғыда-а Алматыдан үй алып, мәре-сәре боп қуанышқа кенеліп жатқанымда ауылдан бір қойдың етін алып, асығып жеткен жеңешем:

«Апыр-ай, есігінің алдында қо­расы жоқ үйде қайтіп күн көре­сіңдер?! Өзім көмектесіп тұрмасам болмас...» деп қатты уайымдады.

Қайран, жеңешем! Сіз көрген азап, сіз көрген бейнет аз ба еді?!.

Сол жолы үш күннен артық қала­да жата алмадыңыз. Қорасы жоқ үйде екі қолыңыз алдыңызға сый­май, ауылдағы малдың иесіз қалғанын айтып, Алматыны ара­латайық, Медеуге шығайық де­ге­німізге қарамай, қайтып кеттіңіз...

Нұрғали ОРАЗ

АЛМАТЫ