Ақынға жар болудың бағы мен соры егіз. Жары үшін жанын шүберекке түйіп, тағдыр тауқыметін қасқая қарсы алу болмысы нәзік әйелге оңай ма? Жазықсыз жазаға кесілген азаматын 11 рет итжеккенге іздеп бару үшін қандай қайрат керек? Тіпті жандайшаптардан қашып, екі күн бойы ен орманда теректің тасасына тығылып қозғалмастан тұрған сәтінде де ол өміріне лағнет айтпаған шығар? Бар қиындықтан құтқарармын деп ойлаған азаматының сөзіне қарамастан жанын садаға қылғысы келген әйелді қалай құрметтемеуге болады? «Қайран біздің аналар арды ойлаған» дейсің. «Махаббат деген жай желөкпе сезім емес, қуаты тасты үгітіп, теңізді шайқайтын құдіретті күш екен ғой» дейсің. «Өмір сүру деген жан бағу мен мал табудың соңында сандалып жүру емес, мәңгілік мұратыңды тәрк етпеу екен ғой» дейсің. Кішкене сынақтан ғаламдық мәселе жасап алатын өзіңнің осалдығыңа күлкің келеді. Қаламгердің миссиясы осы болса керек, жазу және жазғанына сендіру.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сахналаған Жұмагүл Солтиеваның «Әйел тағдыры» мистикалық драмасынан осындай ойлардың жетегінде шықтық. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың (актер Нұрбек Съезхан) жары Зылиханың (актриса Ғазиза Бисенова) өмірін көрсету арқылы сол кездегі қазақтың маңдайалды азаматтарының зайыптары бастарынан кешкен жайттарға қанық болған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын.
– Арманда кеткен арыстарымыздың артында қалған жарларының тағдыры жайлы бұл шығарманың әр қазақ әйеліне қатысы бар деп ойлаймын, – дейді премьераға арнайы келген жазушы-драматург Жұмагүл Солтиева. – Отбасын, бала-шағасын, ерін жанындай жақсы көріп, бар өмірін соған арнайтын адал, сабырлы қазақ әйеліндей әйел жоқ. Зылиха бетінің қызылы барында басқа біреуге тұрмысқа шығып алуына да болар ма еді? Бірақ ерін құрметтеді, бұл – қазақ әйелінің қасиеті. Атыраулық әртістердің өнерлеріне тәнтімін. Әсіресе режиссерлік шешімге риза болдым.
Қойылымның режиссері – талантты жас Жанат Телтаев. Әр жұмысына асқан ыждағаттылықпен, жауапкершілікпен кірісетін, көрермен жүрегінен жол табуға бар жанын салатын режиссердің қолтаңбасы өзгелерден ерек. Қоюшы-суретші Темірбек Мұхтаровтың қолынан шыққан декорация да сахнаның сәнін келтірді. Төрт қабырға мен еденге дейін төселген айна мистикалық драманың мәнін ашты.
Спектакль бейуақта ұйқысынан оянған Зылиханың жан арпалысынан басталады. Түн ішінде төсегінде отырған басқа аруды (Әйгерім Қабдешева) бастапқыда танымай да қалды. Ол – өзі ме, әлде ішкі мені ме? Уақыт керуенін кейінге шегеріп, бір кездердегі өзіңмен өзің тілдескенде қандай әсерде болар едің? Адамзатқа сондай мүмкіндік берілсе, не өзгерер еді? Мүмкін бәрі, мүмкін ештеңе...
Сеніп жүрген көршісі сатып жібергенде, Зылиха мен Мағжанның күллі адамға деген сенімі де күйреп кетті ме, кім біледі? Жанашырлық танытып, алдағы қауіпті ескерте келген тергеушінің (Бекет Зинуллин) сөзін сөз деп есептемеді. Ақыры ұлттың ұлы ақыны ұсталып кете барды. Тек оның ақ адал жары ғана қолжазбаларын біресе жастыққа, біресе төсекке, біресе ауладағы қуысқа тығып жүріп жинады, бүгінге жеткізді. Өмірінің соңына дейін әдеби мұрасының шырақшысы болды. Мұндай қайсарлық қазақ әйелінің ғана қолынан келсе керек-ті!
Спектакльді тамашалаған облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы жылы лебіздерін білдірді. Бұл мистикалық драманы алғаш рет республикалық корей театры сахналап, халықаралық фестивальдың бас жүлдесін жеңіп алған. Атыраулық әртістер де осал емес, шеберліктері премьерадан-ақ көрінді. «Әйел тағдыры» театрға келген әлі талай көрерменнің жанына азық болып қана қоймай, ойландырары анық. Ал ой бар жерде, өре бар.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ