Ауылдан әжеміз келген. Жетпісті желкелеген кісі. Сол кісіні алып жездеміздің үйіне қонаққа барғанбыз.
Ет дайын болып қалғанда апайымыз: «Ал мына жаққа қолдарыңызды шая қойыңыздар» деді. Қолымыз тап-таза болса да ас алдында қол шаю сіңіп қалған сүннет қой, бәріміз жапа-тармағай орнымыздан тұрдық. Алдымыз есіктен енді шыға бергенде әжеміз саңқ ете қалды: «Әй, отырыңдар түге! Бұ қазақ қалаға келдік деп қонақтың қолына су құюды да ұмытып қалған ба? Шақыр ана Ерасылды тай жеген бөрідей талтаңдатпай» дегені. Ерасыл деген жиеніміз ғой. 10 жаста. «Су құйсын, біреудің рахметін алмаса, алғысын алуға ұмтылмаса қайтып адам болады деп отырсыңдар?» дейді әжеміз.
Ойланып қалдық. Жарты сағат шулап, дүрдік ернін бұртитып Ерасылға су да құйғыздық. Әжем айтқандай өзі де домаланып алған екен. Тығыршықтай денесіне тырситып мәйке киіп алғанын да ұнатпағандай болды үлкен кісі.
Су құйған «жігітке» бәріміз «Ой, көп жаса», «Рахмет!», «Алла разы болсын!», «Оқуда озат бол!» деген ақ тілекті жаудыртып жатырмыз. Үйретуіміз бойынша иығына салып келген орамалын алғашқы адамға ұсына салып айнала құйып шықты. Аяғын ала тіпті тышқанның құйрығындай жіңішкертіп әп-әдемін ғып құюды да тез игеріп ала қойды...
Осы бұрынғы қазақ бала тәрбиесіне қаншалықты бас қатырды екен деген ой келуші еді кейде. Арнайы «мынаны былай тәрбиелеу керек» екен деп кітап ақтарып, психолог іздеп, сарсаңға түспей-ақ, небір өнегелі ұл-қыздарды өсірді емес пе? Ойлап бақсақ, ол кездегі тұрмыстың өзі де тәрбие болған екен де.
Қонақ келгенде өз бөлмесіне кіріп, есігін тарс жауып, «бұлар қашан кетер екен» деп компьютер шұқылап отыратын балаларды көріп жүрміз ғой. Олардың психологиясын анау қонаққа су құйып, зыр жүгіріп жүрген бұрынғы балалармен салыстыруға келмейді. Келген қонақтардың әңгімелерін тыңдап, әнін естіп, күйіне елітіп… еліктеп, құрметтеп, қызмет қылып, өзі де алғыс алып…
Әжемнің «біреуден алғыс алуға ынтық болмай, қалай адам болады деп отырсыңдар?» деген сөзінде өте ұлы ұғымдар жатқан секілді. Бала қызмет қылса, үлкендер әрине, алғысын айтады, бала марқаяды. Көпшіл болып есейеді, біреуге қызмет еткісі келіп тұрады. «Береген қолым – алаған». Бұл да біреудің сенімі мен көмегінен тыс қалмайды. Біреуге рахмет айтқыза алмай, рахмет айтса оның қадірін сезінбей… қалай өмір болмақ?..
Баяғыда сырттан келе жатқан қонаққа «ассалаумағалейкум» деп оң қолымен көкірегін баса алдынан шығатын балалар еді. Сәлемін алған кісінің «бәрекелдісін» естіп тұрып есік ашатын да балалар болатын. Одан кейін су құйып, құлақ жеп, кеңес тыңдап…
Ас қайырарда Ерасылымыз қайта келіпті. Қызметі ұнап қалған секілді. Тағы да алғыс жаудырдық. Марқайып қалды. Ғылым докторы атанған әкесі істете алмаған өнегелі істі жауырыны қушиған «жаман кемпір» жарты сағатта-ақ істетіп, тәрбиелеп кетті. «Шалғы шалып, үлкеннен алғыс алған» қазақтың данышпандыққа толы өнегелі өмірі-ай деші, ә! Сағынасың…
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»