Жақында ҚР Парламенті палаталарының отырысында Елбасы 5 әлеуметтік бастама көтерді. Қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған маңызды бастамаларды халық арасында, әсіресе жастарға түсіндіру маңызды.
Байқау 14 наурыз-4 мамыр аралығында өтеді, жеңімпаздар әлеуметтік желіде қолдау тапқан үздік 10 жұмыстың ішінен арнайы қазылар алқасымен анықталады. Видеолар MP4, MPEG, AVI цифрлық форматында 1-5 минут хронометражда қабылданады. Байқауға 16 жасқа толған кез келген қазақстандық қатыса алады.
Нәтижесінде жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады (Canon 7d Mark фотокамерасы, BestableCam Horizon H6 электронды стедикам, DJI Osmo камерасы, GoPRo HERO5 4K экшн-камерасы).
Байқау арқылы жастар ұйымы жас азаматтар арасынан саясатқа деген ерекше, креативті көзқарасты байқап қана қоймай, мемлекеттік саясат пен реформалар туралы ойларын біліп, өздерінің азаматтық ұстанымын білдіруге ынталандыруды көздейді.
«Байқауды ұйымдастыру арқылы қоғамның Елбасымыз ұсынған 5 әлеуметтік бастамасымен танысуға, тұрғын үй мәселесіндегі жеңілдіктерді, білім алу саласындағы мүмкіндіктерді, салық төлеу ерекшеліктері, шағын және орта бизнестегі қыр сырлармен танысуға мүмкіндік береміз. Жастардың қызығушылықтары әр түрлі. Біз үшін әр бастаманы өзіміздің елегімізден өткізіп, жастар тілінде түсіндіру оңайырақ. Сондай-ақ, байқау жас таланттардың шығармашылық потенциалын арттырып қана қоймай, бәсекелестікке, сайысқа түсуге үйретеді, жас таланттарды халыққа таныстырамыз. Видео саласын болашақ кәсібі ретінде көретін жастарға бағалы техника сыйлау арқылы олардың өз кәсібін жетілдірулеріне жол ашамыз. Ал біз таңдаған тақырып қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға көмектеседі», «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев.
Үздік жұмыстарды анықтайтын арнайы құрылған әділ қазылар құрамында тележүргізуші, журналист Асхат Садырбай, танымал вайнер, актерлер Ақсұлтан Қалиев және Ғани Ажикенов бар.