...Спектакль аяқталып, шапалақ соғылды. Қалың көрермен сахнагерлерге қошемет көрсетісіп, шымылдық жабылды. Шымылдықпен бірге әлгінде ғана 2 сағат бойына біртұтас әлемге айналып, бірге тыныстаған сахнадағы актерлер мен залдағы көрермендер арасындағы шекара да, толассыз толағай әсерлер де шорт үзілді.
Ендігі сәтте көрермен үшін актер әлемі тылсымға айналып қалуы керек. Өнердің заңы сондай! Себебі сахна – киелі мекен. Оған тек құпиялылық қана жарасады.
Бірақ біздің көрерменнің спектакльден кейінгі «спектаклі» енді басталды. Тайлы тұяғы қалмай сахнаның арғы бетіне ағылып жатыр. Суретке түсуге... сөйтіп, әлеуметтік желі арқылы актермен жақсы қарым-қатынасын жаһанға жария етіп мақтануға... Ал әлгінде ғана мағынасы күрделі, әрекеті ауыр қойылымды аяқтаған актер демін алып, қара терге малшынған кейпін енді қалпына келтіруге оқтала бергені сол еді, өнер иесін межелі жеріне жеткізбеді. Орта жолдан тоқтатып, қолтықтап алып, жарқ-жұрқ суретке түсушілердің қарасы да, кезегі де толастар емес. Амал жоқ, актер жылы ғана жымиып, көрерменнің тілегін үнсіз орындауда. Себебі бұл – театр мәдениеті.
Иә, мәдениет қай жерде де, кім-кімге де қажет. Ол, әсіресе, театр әлемінде. Әйтсе де, бүгінгі шектен тыс жариялылық, өнерімен қоса жеке өмірін де күллі ғаламның талқысына ұсыну, әр басқан қадамын, қыдырған, достарымен бас қосқан, түрлі кештерде көңіл көтерген суреттерін үздіксіз әлеуметтік желіге жүктеу, той-томалақтың төрін бермей, тойханаларда «халтура»деңгейінде өнер көрсету – мұның барлығы да актердің сыр мен сұлулыққа толы жұмбақ әлемін тым қадірсіздендіріп жібергендей әсер беретіні бар. Қала берді, қарапайым сөз саптауындағы жүйесіздік пен таяздық, дұрысы білімсіздік те әртіс адамның абыройын қарапайым көрерменнің алдында жығып беріп жатқандай ма?..
Олай деп кесіп пікір білдіруіміз себепсіз емес. Осыдан біраз бұрын замандас актермен сапарлас болу мүмкіндігі бұйырды. Жол қысқарту үшін өнер жайлы, істеп жүрген жұмысы, алдағы жоспарлары туралы әңгіме қозғадық. Жаңа рөлге дайындық үстінде екен. «Жақында премьера» деді. Рөл төл классикамыздан бұйырыпты. Басты кейіпкердің бірі. Пікір алмаса келе түсінгеніміз – әлгі сахнагер сомдамақ бейнесін, сол заманның дәуір тынысын зерттеп-зерделеу былай тұрсын, өз кейіпкеріне тиесілі репликадан басқасын, яғни пьесаны толық оқымаған болып шықты. Әлгіндегі ғана қызықты әңгімеге құлшынып тұрған көңіліміз су сепкендей басылды.
Тағы да ойымызға естеліктерден оқып таңырқасқан, тәнті болысқан режиссер Асқар Тоқпановтың Абай бейнесін шығару барысындағы актер Қалибек Қуанышбаевпен дайындығы түсті. Абайдай алып бейнесін тудыру үшін Шыңғыстауға дейін барып, сол аймақтың тыныс-тіршілігімен, адамдарының мінез-құлқымен танысып, том-том кітапты жата-жастана оқыған актер еңбегі сонда аңыздай көрінді. Бірақ ол тіпті де қиял-ғажайып емес, өнер иесінің сомдамақ рөліне деген сүйіспеншілігі, күнді түнге, аптаны айға жалғаған жанкешті еңбегінің жемісі еді. Нәтижесінде, сахналанғанына 80 жылға жуық өтсе де, Қалибек Қуанышбаевтың кейіптеуіндегі сол Абай күні бүгінге дейін сомдалып жатқан ақын бейнесінің эталонындай. Сапалы ізденіс, тыңғылықты дайындық, кейіпкеріне деген шексіз махаббат пен жұмысына деген сүйіспеншілік актер есімін мәңгілік етті. Абай бейнесі Қалибек Қуанышбаев ойыны арқылы қалың көрерменнің көңіліне берік бекіді. Сахнагер есімі аңызға айналды.
Ал енді қазіргі актерлер жұмысын барлап көрейікші. Бас-аяғы бір-екі аптада көз ілеспес жылдамдықпен Гамлет сынды күрмеуі қиын күрделі рөлдерге де көзсіз батырлықпен бара беретін ғаламат жедел сахнагерлер ойыны неліктен Қалибек Қуанышбаевтың орнын әлі баса алмай келе жатыр?..
Себеп – бүгінгі актерлердің ішкі дайындығынан бұрын, сыртқы әсер ету, жарқ-жұрқ жарнамаға, әлеуметтік желі арқылы бар өмірін көпшілік алдына жайып салуға деген қызығушылығының өз кәсібіне деген махаббатынан басым түсуі. Осының салдарынан көрермен үшін актер әлемі құпиялылығын жойып, жалаңаштанды. Қора-қопсы, үй-жайдың маңайындағы әңгімені қаузаймыз деп жүріп, өнер өзіне ғана тән тектілігінен айырылып қалғандай. Шектен тыс жариялылық пен қолжетімділіктің салдарынан қарабайыр күйге түскен ақсүйек өнер – театр кейбір сәтте өзінің төл перзенттеріне өкпелідей көрінеді...
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»