Зеренді көлі жағасындағы «Аврора Гарден» Ұлы Отан соғысына қатысушы, ұзақ жылдар бойы шаруашылық мекемелерінде, кейіннен аудандық кеңес, партия органдарында бірінші басшы қызметін жемісті атқарып, ел алдындағы адал еңбегі көптеген мемлекеттік марапаттармен аталып өтілген, Социалистік Еңбек Ері, абыз ақсақал Баян Жанғаловты еске алу кеші өтті.
Кеш барысында жуырда ғана жарық көріп, Баян Жанғалұлының өмірбаяны мен еңбек жолына арналып, оны жақсы білген, бірге қызмет атқарған жандардың естеліктерімен толықтырылған «Ағын судың тұнығы еді» кітаптың тұсауы кесілді.
Зеренді ауданының тағы бір еңбек ардагері Мұхит Қабдешев жазған кітаптың кіріспесінде: «Құрметті оқырман!
Ауыл билеген, аудан, облыс басқарған адамдар қайда жоқ. Бізде де жеткілікті. Бірақ көбісі кете салып, көңілден өшкен. Аттан түскен соң немесе дүниеден озғаннан кейін есімі де ұмытылған. Әрине ешкімді күштеп сүйкімді ете алмайсыз. Ал жақын таныса да, жете танымаса да адамдардың жылы лебізіне ие болатын тұлғалар да болады. Сондай ел сүйінген азаматтардың бірі – Баян Жанғалов.
Биыл Баян ағаның қайтыс болғанына бес жыл толды. Әлі де ағамыз елдің есінде, аты жұрт аузында.
Мен ағаның басшылығымен он жылдан астам қызмет істеген, зейнет демалысына шыққан соң да жанына жақын жүрген шәкірттерінің бірімін. Ағамыз біздерді, біз сияқты басқа да болашаққа бет түзеген жас түлектерді баласындай сүйіп, балапанындай баулып, көңілдің қыбын, істің жігін табуға, қиын түйіндерді шебер шешуге үйретті. Біздің арамыздан аға сияқты ел билеген талай азаматтар шықты.
Осы арада кәрі мен жастың да, үлкен мен кішінің де құрметіне, мақтанышына айналатындай Баян ағаның қандай қасиеті бар деген заңды сұрақ туады. Бұл сұрақтың жауабын менен бұрын басқа шәкірттері, замандастары айтсын деп ойладым да, олармен хабарластым.
Менің ұсынысымды ескерусіз қалдырмай, Баян аға туралы естеліктерімен бөліскен барлық азаматтарға айтар алғысым шексіз. Сіздерді ағамыздың рухы қорғап, қолдап, қоршап жүрсін, игі істеріңізге бағыт, бағдар берсін деп тілеймін» деген сөздер жазылған.
Естелік кітапта Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Бәйкен Әшімовтің, атақты жазушылар Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Естай Мырзахметовтің, Кеңес Одағының Батыры, Көкшетау облыстық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы А.Клещевтің, Социалистік Еңбек Ері Федор Моргунның, басқа да белгілі мемлекет қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың Көкше елінің ардақты тұлғасына арнаған ілтипат лебіздері мен пікірлері, құттықтаулары, оны жақсы білген, бірге қызмет атқарған тұлғалардың естеліктері орын алған.
Алқалы жиында Б.Жанғаловтың басшылығында қызмет атқарған, бүгінде еңбек ардагерлері, бұрынғы «Пухальск» кеңшарының директоры Мейрамбек Қиықов, Зеренді орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Серік Ибраев, Социалистік Еңбек Ері Сартай Жұмағалиев, «Викторовское» ЖШС директоры Владимир Андрюхин, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жобасын дамыту қоры кеңесінің төрағасы Арман Шораев, еңбек ардагерлері Қасымхан Құсайынов, Иван Виницкий, Есімбек Әкімов, Тілекен Төлебаев, Күләш Рақымжанова, Баян атаның ұлдары Мұратбек пен Банұржан, қызы Бақытжан, келіні Зураш, басқа да туған-туысқандары айтулы тұлғаның ұйымдастыру қабілеттері, адамгершілігі туралы ғибратты естеліктер айтты.
Шара соңында аудан әкімі М.Мұстафиннің атынан әкесін еске алу кешінен естелік ретінде ұлы Мұратбек Жанғаловқа әулеттің ұлы бабасы Қанай бидің фарфордан жасалған шағын мүсінін ұсынды. Баян Жанғалұлының өмірсерігі Нағима әжейге Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына арналып шығарылған мерекелік медаль табыс етілді.
Қайрат ҚАЗИЯКПАРОВ, журналист
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы