Тұрбат ауылы ертедегі әйгілі Жібек жолының бойында орналасқан. 1918 жылғы күздің соңына қарай Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат елді мекенінде Төлеқожа қызының шаңырағында шыр еткен нәресте дүниеге келді. Оған осы ауылдың атауымен тамырлас Тураб деп есім қойылды.
Турабтың балалығы көкорай шалғынды, бұлбұлы сайраған бау-бақшалы Тұрбатта, Қаржантау етегіндегі шыршалы өңірде, қазақ ауылдарында өтті. Ақынның туысқан ағасы Мехманқожа атамыздың айтуынша Тураб сауатын осы ауылдағы Құрбан мұғалімнен ашқан. «Ол өзінің зор зейінімен қатарластарын таң қалдырушы еді» деп Тураб Туламен бірге оқыған Абдужаббар Сулайманов өткен күндерін сағына еске алады. Тураб Тула өзінің автобиографиялық «Жеті күлше» шығармасында балалық жылдарын сағынышпен айшықтап, Тұрбаттың табиғатын тамылжыта суреттейді.
... Шілде. Тураб бидай орып жатқандарға екі мес толтырып есекпен көже әкеле жатады. Әжесінің Кенет өлең оқиғасы туралы ертегісін айтқанын еске түсіріп, балалық оты жалындап, көңілі көтеріліп, әндетіп, өлеңдетіп, өзімен-өзі әуре болып келе жатады. Ал сол уақытта Матансайда бидай орушылардың қарасы көп еді. Олар мұны көре салып: «Әне, ақын бала келе жатыр. Бәрекелді, көжені әкел! Жаса, ақын!» деген мақтауларды естіген Тураб көжені төгіп алады...
1989 жылғы 24 сәуірде Өзбекстан мен Қазақстан ақын-жазушыларының Тұрбат ауылындағы кездесуінде Тураб Тулаға сөз берілгенде ақын күліп: «Матансай бар ма?» деп сұрайды. Сонда бал балалығында өткен қызықты жайттардың есіне түскені ғой... Ақын Тураб Туламен әдеби жиындарда, кездесу мен тойларда талай бірге болдым. Әдебиет, өмір мен шығармашылық төңірегінде талай пікірлестік. Ол Тұрбат пен оның тұрғындары әңгіме бола қалса шабыттанып кететін. Мен оның әр сөзін қалт жібермей тыңдайтынмын.
Ақын анасынан ерте айырылды. Асыл анасы жайлы айтылған әңгімелерде көз жасына ерік беретін еді. Ол өзінің «Тұрбат» өлеңінде «Ғажайып, көркем өмір сүргені анық, Менің анам, әрине, менің анам» деп жырлаған еді...Тураб Тула Тәшкендегі балалар үйінде тәрбиеленген. Ақынның алғашқы шығармашылық бұлағының көзі 1934 жылы ашылды. Оның «Алғыстар» деген тұңғыш туындысы «Ленин ұшқыны» газетінде жарияланған. «Жастық пен арман», «Шекарада», «Руставели» сынды өлеңдері 1939 жылы тұңғыш жинағында жарық көрді. Ақын батыс пен шығыс әдебиетін терең үйренді. «Бақыт таңы», «Тілек», «Жымию», «Дайра», «Қанаттан, әнім» сияқты топтама өлеңдерімен, дастандарымен әдебиетімізге үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында оның жырлары отаншылдыққа, жеңіске арналды. Оған «Волоколамск тасжолы», «Мыңарал әні», «Жиырма алты» сынды туындылары дәлел. Ақын Өзбекстан радиосында диктор болған.
Ақынның өмірінде елу жылдан артық шығармашылығы отанға деген махаббаты негізгі тақырыбына айналған. Ақын өлкеміздің ашық аспаны мен мөлдір суын, көк майса белдері мен аспан сүйген тауларын зор шабытпен жырлады. «Замана көркі», «Хат», «Трамвайдан табылған дәптер» атты толғаулары халық ауыз әдебиеті үлгісімен жазылған. «Қуан, ана» жыры ақынның кең тынысты қаламгер екеніне дәлел. Аталмыш шығармалары халықтар достығына негізделген.
Тураб Тула арнау жанрына да қалам тербеген. «Бәйшешек» өлеңі би жұлдызы Мукарамма Турғунбаеваға, «Лазги» өлеңі биші Разия ханымға, «Хади аға тойы екен, барайық» арнауы фольклортанушы Хади Зарифке арналған. Ол драматургия мен кинодраматургияда да өзінің еселі еңбегімен көрінген. «Надирабегим», «Қызбұлақ», «Жер Ана» драмалары, «Таңсәрі» операсы, «Самарқан аңызы» балет либреттосы, «Фурқат», «Ғашығыңмын» сияқты кинотуындылары көрермендер көзайымына айналды.
Тураб Туланың сөздеріне ән де жазылды. «Нәзіктік», «Кемпірқосақ» топтамаларына композиторлар қызығушылық танытты. Ақынның «Әже», «Жырлаттың мені», «Жымию», «Диларам», «Самала», «Сен болмасаң», «Махаббат әнұраны», «Көңілім сенде», «Мәжнүнтал», «Ғашығыңмын», «Үш құрбы», «Айлы түн», «Алтын сандық», «Ташкент таңы», «Жолдарым» сияқты жүздеген әндері өзбек халқының шаңырағында шырқалды. Ақын «Адам жаны жақсы әнге тоймайды, қанша көп тыңдасаң, соншалықты аз тыңдағандай боласың да, қайта іздейсің... » дейтін. Расында, ақын сөзіне жазылған әндер тамаша еді. Тыңдағанда көңілің көтеріледі. Бүкіл отбасы болып айтасың. Тураб аға туралы Уйғун ақын: «Ол әдебиеттің барлық жанрына қалам тартты, соның бәрінде жетістікке жетті.» деген еді. Расында, Уйғун ақын әділ бағасын берген.
Тураб Тула өзінің мазмұнды өмірінде Мутал Бурханов, Дони Закиров, Мухамеджан Мирзаев, Хамид Рахимов, Наби Хасанов, Икрам Акбаров, Манас Левиев, Сайфи Жалил, Сулайман Юдаков сынды белгілі композиторлармен 100-ден астам ән шығарып, халқына тарту етті. Өзбекстан Республикасының мәдениет министрлігінде бөлім қызметкері, Хамза атындағы өзбек мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып қызмет еткен. Оның «Жер Ана», «Кәрі қыз», «Қызбұлақ» драмалары көптеген театр сахналарында қойылды. Бүгінгі таңда, қаламгер туып-өскен Тұрбатта оның атымен аталатын орта мектеп бар. Тураб Туланың шығармашылығы тартылмас бұлақтай. Ақын есімі – мәңгілікке сақталады.
Баходир САБИТ, ақын, Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы
Тұрбат гүлзарыТөңірек бүгін ерекше екен, Күлімдер көкте аялап Нұр күн. Асығар көктем әдемі, көркем, Тұрбат келіндері сұлу-ай, шіркін.
Көгілдір көктем көтеріп көңіл, Мен бүгін ерек масайып кетем. Әлемде мына не деген өмір, Жағымды дала, ғажайып мекен.
Жібек пе жүрген, ертелеу ұғар, Бүршікке баяу қонуы мүмкін. Алаулап жанған білтелер шығар, Ертегі, аңыз болуы мүмкін. Келетін бәлкім таулардан асып, Сәулемен нұрлы күнгейім. Күмбезді анау бауырына басып, Топырақ күміс, зердейін. Еңбектің әркез шырайы дайын, Көктемгі көңіл – гүл шоғы. Бақыт деп соқсын мінәйі дәйім, Сендегі жүрек біл, соны... Қызылды, жасыл гүлдері, Күлімде, Тұрбат, күлімде. Адамдық – аңғал, көкірек сайрар. Алыстан жеткен дүбірге.
Өзбекшеден аударған Нұрғиса Төремұратов