Самал жел – сыңарым ғой, Жүзімнен күліп өпкен. Ақша бұлт – ақ жаулығым, Сол сәтте ұшып кеткен.
Ақ сағым – аяулымның Алқа ғып сыйлағаны. Жұлдыздар – сол алқамның Кеудеме сыймағаны.
Заңғар тау – тұғырым ғой, Төбелер – таянышым. Төгілген жылы жаңбыр – Мейірім, аянышым.
Мұхитқа көз тасташы, Ол – менің толқынды ойым, Ақ терек аспан сүйген, Ол – менің сындар бойым.
Көкте күн күлімдеген – Мендегі бітпес жалын. Әппақ нұр, сұлу сәуле, Ол – менің намыс-арым.
Тұрсынхан Әбдірахманқызы