• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 19 Наурыз, 2018

Аймақтық интеграция  несімен маңызды?

3020 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарынан бастап тамырлас, тағдырлас, бір кездері Түркістан деп аталған ұланғайыр аймақ – Орталық Азияның ортақ мәселелерін өзара шешуді көздейтін интеграциялық бастамалар көтеріп кел­гені белгілі. Осы мақсатта ірге­лес елдердің басшыларын тарихи Орда­басыға шақырып, Орталық Азия елдерінің одағын құруды да ұсынды. Алайда аймақ елдері ынты­мақтас­тықты жандандыратын бұл бастама­ларға түрлі себептермен лайықты деңгейде қолдау көрсете алмай келді.

2017 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йоркте АҚШ-тың сол кездегі мемле­кет­тік хатшысы Р.Тиллерсон мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдері сыртқы істер министрлерінің және Түрікменстанның тұрақты өкілінің қатысуымен С5+1 форматындағы жиын өтті. Осы кездесуде де, Мемлекет бас­шы­сы Н.Назарбаевтың биылғы қаңтар­дағы АҚШ-қа сапарында да Ақ үй бас­шылығы Орталық Азиядағы инте­гра­циялық бастамаларға үлкен қызығу­шылық білдірді. Трамп әкімшілігі Ауғанстандағы жағдайдың ушығуына байланысты Орталық Азияға басымдық беруге бейіл екенін аңғартты. Бауырлас бес мемлекеттің өзара жақындасуға деген ниеті интеграциялық қадамдардың дұрыс шешім екенін көрсетіп, Орталық Азия елдері басшыларының кездесуін өткізіп тұру жоспарланған еді. Бұл қадам­дар аймақтағы интеграциялық про­цес­тердің болашағы жөнінде жағым­ды бол­жамдар жасауға мүмкіндік береді.

Өзбекстанның тізгінін  өз қолына ал­ған алғашқы айлардан бастап жаңа прези­дент Шавкат Мирзиёевтің өңір­дегі көршілермен қарым-қатынасты жандан­дыруға деген оң талабы байқалды. Ол Өзбекстан сыртқы саясатында Орталық Азияға айрықша басымдық беретінін жариялады. Президент Мирзиёев істің адамы екенін көрсетіп, Түрікменстанға, Қазақстанға, Қырғызстанға және Тәжікстанға ресми сапармен барды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та оңтүс­тіктегі көршімізге жылы ілтипат біл­діріп, экономикалық байланысты дамы­туға басымдық берді. Нәтижесінде, 2017 жылдың наурызында қазақ-өзбек кәсіп­керлері арасында жалпы құны 1 млрд АҚШ долларына тең 74 келісім-шарт жасалды. Ал былтырғы екіжақты сау­да-саттық көлемі алғаш рет 2 млрд дол­ларға жетті. Мұнымен шек­телмей, Елбасы 2018 жылды Қазақ­стандағы Өзбек­стан жылы етіп жариялады. Бұл Н.Назарбаевтың өзбек халқы мен жаңа басшыға көрсеткен қолдауы еді.

Қазақстан мен Өзбекстан – экономикасы бойынша Орталық Азия­дағы ең ірі екі мемлекет екені белгілі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық аймақтағы өзге елдердің де интеграцияға деген ұмтылысын арттыра түсті. Барлық тараптың келісімімен Түрікменстанның электр энергиясы Өзбекстан арқылы Қазақстан мен Қырғызстанға жеткізі­летін болды. Осылайша Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы су электр станциясын салу бойынша ұзақ жылдарға созылған келіспеушілік те жойылғалы отыр. Елбасы атап өткендей, аймақтық интеграцияның күшеюі Әмудария мен Сырдария арасында  орналасқан 70 млн халыққа пайдалы болмақ.

Орталық Азия лидерлерінің алғашқы консультативті кездесуі 15 наурызда Астанада өтті. Елордаға жиналған мемлекет басшылары аймақтық негізгі мәселелерді талқылады. Жиын арқылы әсіресе, мәдени байланыстар арта түсті. Кездесу қарсаңында Ш.Мирзиёев ұлы Абайдың шығармашылық мұрасын насихаттау жөніндегі қаулыға қол қойды. Өз кезегінде Елбасы шешімімен Астанада түркі халықтарының ортақ мақтанышы, өзбек халқының ұлы перзенті Әлішер Науаиге еңселі ескерт­кіш орнатылатын болды.

Аймақ көшбасшыларының араға тоғыз жыл салып, түркі елдерінің жаңа жылы, жаңару мен жаңғырудың рәмізі іспетті Наурыз мейрамының қарсаңында Астанада кездесуінің символдық мәні зор. Сондықтан осы жолғы бас қосу аймақтағы интеграциялық амалдарды институцияландыру үшін өте маңызды деп ойлаймыз. Себебі келесі жылы Таш­кентте өтетін алқалы басқосу дәс­түрлі жиын сипатына ие бола бастады.

АҚШ-тың Ресей және Еуразия бо­йынша танымал сарапшысы Фре­дерик Старр өзінің «Жоғалған шамшырақ» атты еңбегінде «...Орта­лық Азия бір­неше ғасыр бұрын саяси және эко­но­микалық әлемнің негізі және Еура­зиядағы ғылымның, филосо­фия­ның және зияткерлік өмірдің орталығы болды» деп жазады. Тарихи кездесу бары­сында Н.Назарбаев атап кеткендей, аймақтағы өз проблемаларымызды өзіміз шешуді нықтап қолға алсақ,   Орталық Азия елдерінің әлеуетін Старр мырза сипаттаған мәртебеге қайта жеткізуге әбден болады.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан»