Тарихқа көз салсақ, қазақ топырағындағы тұңғыш театр 1860 жылы Орал қаласында ұйымдастырылған екен. Ал жалпы ұлттық театр өнерінің дамуына қазақ даласының іргесінде 1765 жылы ашылған Омбы қалалық театры мен 1869 жылдан қызмет еткен Орынбор кәсіби театрының ықпалы мол болыпты...
«Қазақ театрының тарихы» (жауапты шығарушы Б.Құндақбаев, Алматы, «Ғылым», 1975) кітабында 1890 жылдардан бастап Қазақстан аумағындағы қалаларда ашылған халық үйлерінде («народный дом») жергілікті сауыққойлар ұйымдастырған труппалар жаппай пайда бола бастағаны айтылады. Бұл қазақтың театр өнерінің тууына да себеп болғаны рас.
Текедегі талабалар ақшамы
ХХ ғасырдың басында Теке шаһарында (Орал қаласын қазақтар Теке деп атаған) мұсылман татар диаспорасының белсенділігі өте күшті еді. Қаланың «татар слабодасы» аталған аумағында, «Қазан» қонақүйінің акт залында апта сайын студенттік кештер өтетін. 1906 жылдың көктемінен жүйелі қолға алынған мұндай сауық кештері туралы хабарландыру «Фикер» («Пікір»), «Уральский дневник», «Уральский листок» газеттерінде тұрақты жарияланып тұрған.
Бір қызығы, «Фикер» газеті мен «Әл-ғасыр әл-жәдит» журналы Оралда шыққанымен, күллі Ресей мұсылмандарына, соның ішінде қазақ арасына да кең тарап, танымал болған. Бұл басылымдардың шығарушысы – Камил Тухфатуллин. Алғашқы нөмірі 1905 жылы 27 қарашада шыққан «Фикер» газетін татар зерттеушілерінің өзі «татар-қазақ басылымы» деп атайды. Оның себебі де бар: газет Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының органы қызметін атқарған. «Фикердің» алғашқы саны шыққан соң арада 5 күн өткенде Оралда Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрылтай съезі өтіп, оған Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаевтар қатысты делінеді. Газет бетінде Қазақ кадет партиясының жетекшісі Бақытжан Қаратаевтың қазақ, татар халқына үндеулері, «Конституциялық демократиялық партияның мақсаты нешік?» деген мақаласы басылған. Сондай-ақ Ғұбайдолла Бердиевтің, Алаша қажы Нұғыманның, Ж.Арғыновтың, Х.Досмұхамедовтің мақалалары жарияланған. Осы газеттің №2 санында жарық көрген Күсепқалиевтің шаруа бастықтары (крестьянский начальник) туралы мақаласы цензура тарапынан «қазақтарды билікке бағынбауға шақырған аса қауіпті үндеу» деп бағаланған кезде, Бақытжан Қаратаев «Фикер» газетінің қазақ бөлімінің меңгерушісі ретінде вице-губернатордың алдына шақырылып, жауапталған екен. Осының барлығы ХХ ғасырдың басында Текедегі қазақ жұрты да оянып, қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласа бастағанын көрсетеді. Бұл оқиғалардың бел ортасында сол кезде Оралда оқып жүрген қазақ студенттері де жүрген еді.
Әңгімеден сәл ауытқып кеттік, жоғарыда аталған жастардың сауық кештерінде татар халқының белсенді жастары Камил Тухфатуллин, әйгілі ақын Ғабдолла Тоқайлармен бірге, сол кезде Оралда білім алып жүрген Нұрғали Ипмағамбетов, Есенғали Қасаболатов, Ғұбайдолла Бердиевтер де жүрген еді. Бұл қазақ-татар жастарының тұңғыш рет ресми ұйымдастырған мәдени шаралары болатын.
Тәй-тәй қадамдар
Дәл осы кезеңде татар ағайындар арасында жылжымалы театр труппалары пайда бола бастаған екен. Татар тіліндегі тұңғыш спектакль «Жарық пен түнек» 1907 жылы Орынбор қаласында Ілияс-бек Батырғараұлы Кудашев-Ашказарский ұйымдастырған сауыққойлар үйірмесінің орындауында қойылған. Ал бұл үйірме 1907 жылдың басында Орал қаласында құрылған болатын. Жыл бойы Мәскеу, Рязань, Қасымов қалаларын аралап гастрольде жүрген осы труппаның режиссерлік жұмысын 1908 жылдың басында тағы бір оралдық татар Абдолла Кариев қолға алып, топқа «Сайяр» («Көшпелі жұлдыз») деген атау беріпті. Бүгінде татар ұлттық театр тарихы осы труппадан басталады.
1908 жылы 12 қаңтарда Орал қаласында Ғалиасқар Камалдың «Бақытсыз бозбала» қойылымын ерекше табыспен сахналаған «Сайяр» труппасы тағы да ұзақ гастрольге шығып, Қырым мен Кавказды, ішкі Ресейді, тұтас Түркістанды шарлайды. Ташкент, Самарқан, Бұқара, Қоқан, Наманған, Атбасар, Павлодар, Қостанай, Ор, Семей, Еділ мен Жайық бойын аралайды. Сөйтіп 1911 жылы Қазанға жетіп орнығады...
Бұл кезде қазақ даласы да сахна өнерінен там-тұм хабар ала бастаған. «Қазақ тілінде бірінші рет шыққан театр кітабының» авторы – бөкейлік Ишанғали Меңдіханов болды. 1872 жылы Ішкі ордалықтың Қалмақ қисымында дүниеге келген Ишанғали Меңдіханов Хан ордасындағы бастауыш мектепті, екі басқышты оқу орнын, 1891 жылы Орынбор мұғалімдер мектебін бітірген, өз заманының сауатты, алдыңғы қатарлы адамы еді. «Дұрыстық жолы» газетінің 1919 жылғы 22 наурыздағы №3 санында шыққан некролог мақалада И.Меңдіхановтың 1912 жылы «Малдыбай», 1913 жылы «Сорлылар», «Үйшік-үйшік», 1917 жылы «Ғылым иелері», 1918 жылы «Тамырлар» атты театр кітаптарын жазғанын санап айтады.
«Қазақ әдебиетіне еткен қызметі арқылы болсын, жалпы халықты тура жолға бастап, жөн сілтеуі арқылы болсын, Ишанғали сирек ұшырайтын кісілердің біреуі еді. Марқұмның артында шиеттей көп жан үй-іші қалып отыр. Ішкі ордалық қазақ жастары жақын арада Ишанғалидың барлық театр кітаптарын тамашаға қоймақшы һәм осыдан түскен ақшаны Ішкі ордалық зиялылар атынан марқұмның үй-ішіне жәрдем ретінде жібермекші» делінген «Ардақты азамат Ишанғали Меңдіхановтың басынан озғандары. 1872-1919 жыл» атты мақалада.
Әрине, пьесаның жазылуы мен сахнаға қойылуы – бірімен- бірі байланыса жүретін үрдіс. Бұл шығармалардың дәл қай жерде, қандай жағдайда сахналанғаны туралы нақты дерек қолымызда жоқ. Сейітқали Меңдешевтің жазбаларында 1911-1913 жылдары Орда мен Оралда шыққан «Қазақстан» газетіне баспахана алу үшін Бөкейлікте сауық кештері арқылы ел-жұрттан, байлардан ақша жиналғаны баяндалады. Бұл жұмыстарды ұйымдастырушы астыртын ұйымның атауы – «Жігер» немесе «Ұлт қауымы» болғанын зерттеуші Мақсат Тәжімұрат «Ғұмар Қараш» еңбегінде жазған еді.
Афиша ашқан ақтаңдақ
Қазақ ұлттық мемлекеттік театрының алғашқы қойылымы 1926 жылдың 13 қаңтары күні сол кездегі ел астанасы – Қызылорда қаласында қойылған деп есептеледі. Сол күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік ұлт театрының ашылу мерекесі болып, театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнаған.
Ал Орал қаласында қазақ театрының тарихы 1934 жылдан басталады. Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1933 жылғы 8 қыркүйектегі «Ұлт өнерін дамыту шаралары жайында» қаулысына сәйкес, 1934 жылы Шымкент, Семей, Орал қалаларында облыстық қазақ драма театрлары құрылған екен.
Бірақ Орал қаласында 1934 жылдан әлдеқайда бұрын толыққанды театр қойылымдары қойылған болып шықты. Оны кездейсоқ табылған театр афишаларынан бір-ақ білдік. Баспаханалық мәліметтеріне қарағанда 30-ақ данамен шыққан бұл афишалардың бүгінге дейін сақталып келуі – шынында да ғажап нәрсе!
Сонымен сарғайған плакат былай дейді:
«Небывалая новость Дворец Труда. Каревтің нар үйі. 1923 жыл, дүйсенбі, 15 ғинуардың кешіне қазақша сауық кеші болады. Тамашаға қойылады: І. «Сылаң қыз» бір перделі күлдіргі. ІІ. «Алым жию» бір перделі. Дикломация, ән һәм басқа түрлі тамаша болмақшы. Ойынға қаладағы қазақ жастарының бәрі қатысады. Ойын басталады кешкі сағат 8-де. Билет бәсі орташа. Билеттер ойын болатын үйде сатылады. Режиссер Әлжанов. Администратор Исаев». В понедельник 15 января 1923 г. Ставится первый раз в Уральске силами местных киргиз Киргизский спектакль-концерт. Начало в 8 часов вечера. Режиссер Б.Альжанов, Администратор У.Исаев».
Келесі афишаға көз салайық:
«Дворец труда, Каревтің нар үйінде. Теке қаласында қазақтың жетімханадағы балалар пайдасы үшін 14 хұт, сәрсенбі күннің кешіне қазақша сауық кеші болады. Тамашаға қойылатын: І. «Бидің жауыздығы». ІІ. «Надандық жазасы». ІІІ. «Айлакер шал». Ойынға қаладағы қазақ жастарының бәрі қосылады. Ойын басталады кешкі сағат 8-де. Билетті ойыннан бұрын Аймағамбетов жолдастан алуға болады. Ойын күні сағат 2-ден ойын біткенше билет ойын үйінде сатылады. Сыншы Әлжанов, басқарушы Исаев».
1923 жылдың қаңтарынан басталған қойылымдар бірте-бірте күрделеніп, әртістердің де шеберлігі арта түскендей.
«Шапай бақшасы. Шілденің 17-сі, сейсенбінің кешіне Теке қаласындағы қазақ жігіттерінің қатынасыменен газет пайдасына қазақша сауық кеші (спектакль) болады. Тамашаға қойылады М.Дулатовтың «Балқия» атты 4 перделі драмасы. Ойын артынан үлгілі тақпақ сөздер сөйленіп, қазақша әндер салынады. Билет Шапай бақшасында сейсенбі күні сағат 5-тен ойын біткенше сатылады. Хақы 4 сомнан 20 сомға дейін. Режиссер А.Байділдин. Басқарушы Ә.Ипмағамбетов». Көріп отырғаныңыздай, қазақ жастары 4 бөлімді, толыққанды қойылымды халыққа ұсынып отыр екен.
Бір өкініштісі, бұл қойылымдарға нақты кімдер қатысты, кім қандай рөл ойнады деген дерек әзірге қолымызға түспей отыр. Бірақ афишада аты-жөні айтылған азаматтар туралы айта кетуге болады.
Алғашқы хабарландырудағы Батырбек Әлжанов – Орал губерниялық партия комитетінің органы болған «Қызыл ту» газетінің редакторы. Әкімгер Ораз Исаев та бұл кезде Орал губерниялық партия комитетінде қызмет етіп жүрген кезі. Кейін екеуі де репрессияға ұшырады, Б.Әлжанов 10 жылға сотталып, түрмеде қаза тапса, О.Исаев 1939 жылы атылып кетті. Соңғы афишадағы Абдрахман Байділдин де Орал губерниясында үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, «Қызыл ту» газетінің редакторы еді. Саяси қуғын-сүргіннің алдыңғы легіне ілініп, 1931 жылы Мәскеуде атылды. Айтпақшы, бұл Абдрахман Байділдин – 1921-1922 жылдары Орынборда «Еңбекші қазақ», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің де редакторы болған еді.
P.S. Міне, Ақ Жайық өңірінде ұлттық театр өнерінің терең тарихы бар. Тек жүйелі зерттеу қажет-ақ. Халықаралық театр күні қарсаңында осыдан 95 жыл бұрынғы жәдігер – қойылым афишаларын оқырман назарына ұсынып, қазақ өнерін қалыптастырған арыстардың рухына тағзым еткенді жөн көрдік.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал
Суреттерді түсірген автор